Header Banner

Денсаулық күзетіндегі дара жандар

Адам өміріндегі ең қымбат қазына – денсаулық. Ал сол денсаулықтың күзетінде тұрып, адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Өткен аптада Ақадыр кентінде осындай қасиетті мамандық иелеріне арналған «Ақ халатты абзал жандар» атты тағылымды әрі әсерлі мерекелік кеш өтті. Бұл басқосу – ел саулығын сақтау жолында күн-түн демей еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне көрсетілген үлкен құрметтің белгісі болды.

Кешке жиналған қауым алдында Ақадыр кентінің әкімі Қойшыбаев Мерей Жасұланұлы сөз сөйлеп, медицина саласының мамандарына жүрекжарды алғысын білдірді. Ол өз сөзінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің халық денсаулығын нығайту жолындағы қажырлы еңбегін атап өтіп, бір топ үздіктерге Алғысхаттар мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Расымен де, дәрігер болу – жай ғана мамандық емес, ол – адам өміріне жауапкершілікпен қарауды, үлкен мейірімділік пен сабырлылықты талап ететін ерекше жол. Ақ халатты жандар күн сайын науқастың көңіліне үміт сыйлап, қиын сәтте жанынан табылып, талай адамның өміріне араша түсіп келеді. Олардың әрбір жасаған ем-домында, әрбір айтқан жылы сөзінде адамға деген жанашырлық пен үлкен жүрек жатыр.

Мерекелік шара барысында «Шаруашылық жүргізу құқығындағы Шет аудандық ауруханасы» КМК директоры Аманжолов Алпыс Жанатұлы да медицина қызметкерлерін құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар бірқатар мамандарға марапаттарын тапсырып, алғыс білдірді.

Сахна төріне шыққан Ақадыр селолық ауруханасының құрылым бөлімінің басшысы А.Н.Шакиров және кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Х.Мұқышев ақ халатты әріптестерін құттықтап, денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлерді марапаттады.

Кеш барысында медицина қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген жауапты жұмыстары, халықпен етене арадағы еңбегі жайлы жылы лебіздер айтылды. Себебі аурудың алдын алу, адам өмірін сақтау, науқасқа дұрыс көмек көрсету – үлкен біліммен қатар, жүрек жылуын қажет ететін жұмыс.

Жиналған қауым алдында жергілікті көркемөнерпаздар да өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Талғат Мұқашев, Айзада Рыспекова, Яхия Демеу, Бекжол Рахимов, Нұрай Рахимова және «Бақыт мекені» ансамблі әсем әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш барысында аурухана ұжымы дайындаған арнайы бейнеролик көрсетіліп, медицина қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен ұжым өмірінен сыр шертілді. Бұл бейнеролик арқылы ақ халатты жандардың халық үшін атқарып жүрген ерен еңбегі тағы бір мәрте көрініс тапты.

Осындай мерекелік шаралар – адам жанының саулығын сақтауға бар күш-жігерін арнап жүрген медицина қызметкерлеріне деген халықтың ризашылығы мен құрметінің айқын көрінісі.

Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда ел есінде. Өйткені олар – адам өмірінің сақшысы, халық денсаулығының жанашыры.

Кеш мазмұнды, қызықты әрі әсерлі өтті.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті