5 жыл бұрын құрылған Республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің игі шаралары туралы жазылып, көрсетіліп жатыр. Бүгінде елімізде жақсы істерімен басқаларға үлгі болып жүрген бірлестіктің атқарған шаруасы қыруар.
– Адам қоғамда тіршілік жасау үшін өмірге келеді. Қоғамда әркімнің әртүрлі өзіндік орны болады. Қоғам қалыпты болуы үшін әр кісіде махаббат пен мейірімділік деген қағида болуы шарт екен. Кейбір кісілер қаржы, атақ, билік, мансап, дүние деген қағидаларға басымдық беріп, махаббат пен мейірімділік қағидаларын мойындамауы да мүмкін.
Бірақ, сол басымдық берген қағидаларының өзіне де махаббат пен мейірімділіктің қажеттілігі туындап тұрары анық.
Қоғамдағы әр адамдағы махаббат пен мейірімділік қағидасын зат күйінде, не болмаса метафоралық көзқараспен қарасақ, ол бір жарықтың сәулесі секілді немесе күннің жер бедеріне түсірген нұры секілді дүние.
Сондықтан қоғамға әр кісінің өз сәулесін шашып жүруге қақысы бар. Бұл сәулеге қарсы тұратын күш те жоқ.
Әлсін-әлсін қатыгездік, ақы жегіштік, тағы да басқа келеңсіз адамсыздық факторлары көлеңкелеп, кедергі келтіруге әрекет жасағанымен, махаббат пен мейірімділік деген сәуленің, нұрдың асықпай өз саңылауын тауып, өз міндетін атқарып, қоғамды түзеуге жұмыс жасай беретіні ақиқат.
Сондықтан қазақ қоғамындағы әрбір азамат өзіміздегі сәуле-нұрымызды қандай кедергілер болса да, Қазақстан деген тәуелсіз, тұғырлы мемлекетіміздің қоғамына бере беруіміз қажет және шарт деп білемін.
«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің басты принциптері мен қағидалары – Қазақстан қоғамының әр азаматының махаббат пен мейірім атты сәуле-нұрымен қазақ қоғамын, ұлттық құндылықтарды, адами құндылықтарды, әділеттілікті, тағы басқа оңды қағидаларды әлемнің падишасы әрі адамгершіліктің қайнар көзі етіп көрсету.
«Дұрыс қоғам – дұрыс мемлекет» ұранын үрдіске алып, сол миссия мен мақсат жолында жұмыс жасау.
Әлем цифрлық, яғни технологиялық жетістіктердің үлкен шыңында шарықтау сәтінде екені белгілі.
Біз де «Сенімен Болашақ» РҚБ ретінде қарап қалмай, қоғамға қазанымызда қайнаған ақпараттарды шынайы түрде өз сайтымыздан ұсыналық деген ниетпен ұсынып отырмыз.
– Игілікті іс, таза ой адамды қоғам қатарының белсендісі етеді. Әр адам өз сәулесін шашқанда ғана қоғам жарық, мемлекет қуатты, болашақ баянды болады, – дейді «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов
Қарағанды облысында да осы «Сенімен болашақ» бағдарламаларымен жалпы 26 851 адам қамтылды. Оның ішінде балалар – 6 000, ЖОО студенттері – 2 800, колледж студенттері – 3 240, мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері – 603, ата-аналар – 14 208 адам.
Ең тиімді нәтиже көрсеткен жұмыс форматтары: офлайн, ата-аналар, мектептер және жоғарғы оқу орындарындағы диалог алаңдары мен мемлекеттік ұйымдардың ұйымдастырған шаралары.
2023 жылы ұйымның Қарағанды облыстық филиалы «Өмірің өз қолыңда» атты медиа жобаны жүзеге асырды. Жоба жастар арасында вейптердің, электрондық темекілердің және басқа да никотин өнімдерінің зияны туралы ақпараттандыруға бағытталды.
«Өмірің өз қолыңда» жобасы аясында 785 жасөспірім қамтылды.
Жобаның басты мақсаты – жастарға денсаулықтың, саналы өмір сүрудің және белсенді азаматтық ұстанымның қазіргі ұрпақ үшін шынайы құндылық екенін көрсету.
Жоба аясында жастар аудиториясының қызығушылықтары мен қабылдау ерекшеліктеріне бейімделген, әлеуметтік желілерге арналған заманауи ақпараттық бейнероликтер дайындалды. Контент сарапшылардың, пульмонолог, психолог мамандардың және қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен әзірленіп, жасөспірімдермен түсінікті әрі шынайы тілде сөйлесуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдан бері еліміздегі вейп нарығы 300 есеге жуық өскенін, бұл үлкен проблема екенін түсіндіреді. Жоба аясында түсіріліген 5 бейнеролик Қарағанды өңірінің 3 ЖОО, 20 колледжінде, 5 кәсіптік білім беру ұйымында және 8 мектебінде таратылды.
Филиал өкілдері статистикадан және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінен мысал келтіріп, 2018 жылы 15 жастағы ұлдардың 14%-ы мен қыздардың 6%-ы темекі тартуға тырысқанын, ал 11-15 жас аралығындағы ұлдардың 8,5%-ы және қыздардың 3,8%-ы оларды үнемі пайдаланатынын айтқанда тренингке, кездесуге қатысушылар таңданыстарын жасырмайды.
Атап кететін жайт, тренинг барысында бұл жоба темекі шегушілерді, әсіресе жасөспірімдерді демонизациялауды мақсат етпейтіні нақтылап айтылады, бұл өте маңызды. Яғни, темекі шегетін баланы «жаман бала» деп атау әділетсіздік және кері нәтиже болар еді. Жаман бала емес, осы әдеттің жаман екенін түсіндіру маңызды.
Өңірлер арасындағы белсенділік айырмашылығы көбінесе белгілі бір аймақтағы әлеуметтік сұраныстар мен өзекті мәселелерге байланысты қалыптасады. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар, сондықтан жобалардың мазмұны да сол қажеттіліктерге бейімделеді.
Мысалы, 2026 жылдың сәуір айынан бастап Қарағанды облыстық филиалы әскери қызметшілер арасында «Азамат» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, лудоманияның (құмар ойындарға тәуелділіктің), ажырасудың алдын алу, әлеуметтік жетімдіктің туындауына жол бермеу, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайту және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Жоба аясында құқық қорғау, заң талаптарын сақтау, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілік, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу бағыттарына ерекше назар аударылады. Осы уақытқа дейін 416 азамат қамтылды. Жобада 200 адам қамтылуы керек болған еді, бірақ қамтылғандар саны жоспарланғаннан артық болды.
Бұл бастама Қарағанды облыстық филиалының әскери қызметшілермен төрт жыл бойы жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесінде әзірленді. Осы кезеңде әскери ортада тұрмыстық жанжалдар, отбасылық мәселелер, ажырасу жағдайлары мен құмар ойындарға тәуелділік сияқты проблемалардың жиі кездесетіні анықталды. Соның негізінде аталған мәселелердің алдын алуға бағытталған кешенді жоба қалыптастырылды.
Жобаны іске асыруға тәжірибелі психологтар, медиаторлар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы сарапшылар және өзге де мамандар тартылды. Бұл қатысушыларға кәсіби қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың құқықтық және азаматтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
