Өткен аптада Ақадыр кентінде Қазақстан полициясы күніне орай қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алуға арналған тағылымды шара өтті.
Маңызды шара басталар алдында «Біз біргеміз» әні әуелеп, жиналған жұрттың жүрегіне ерекше әсер сыйлады.
Шараны жүргізушілер қазақтың даңқты батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ер салмағын ел көтереді, ел салмағын жер көтереді» деген мағынасы терең, тағылымы мол сөзімен бастады.
Талай жылдар бойы санамызды сан сауалға бөлеп, жүрегімізді қан жылатқан, ананы баласынан, баланы әкесінен, ағайынды бауырдан айырған қасіретті күндер ел жадында мәңгі сақталады. Бірақ ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да.
1995 жылдың 2 наурызында Ақадыр ауданы ішкі істер басқармасының ғимаратына қылмыскерлер шабуыл жасаған болатын. Сол күні қызметтік міндетін атқарып жүрген милиция капитаны, аға инспектор-кезекші Жұматаев Ғабдулла Қыдырбайұлы, Жоғары-Қайрақты кенттік милиция бөлімшесінің милиция сержанты Туғамбаев Оразбай Тышқанбайұлы және милиция сержанты Серіков Бауыржан Битенұлы ерлікпен қаза тапты.
Олар өз өмірлерін қауіпке тігіп, ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі жолында соңына дейін адал қызмет етті. Батырлардың есімі ел жадында мәңгі сақталады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын кенттегі полиция бөлімшесі ғимаратының алдына сол қасіретті оқиғада қаза болған тәртіп сақшыларына арналған ескерткіш орнатылған болатын.
Еске алу шарасына қатысушылар ерлер рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады. Одан кейін марқұмдардың туған-туыстары, кент тұрғындары және әріптестері ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиналған қауым алдында Ақадыр кенті әкімінің орынбасары Г.Б.Тасырбаева, кенттік полиция бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Ұ.М.Тұтқабеков сөз сөйлеп, ерлік иелерінің өнегелі өмірі мен азаматтық борышына тоқталды.
Шара соңында Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының әншісі жүрек тебірентер ән орындап, ерлер рухына құрмет көрсетті.
Ел тыныштығы жолында жанын қиған азаматтардың ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі, халық жадында мәңгілік сақталатын қасиетті мұра.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
