Header Banner

Еңбекпен өрілген ғұмыр

Адам өмірінің мәні – артында қалдырған ізгі ізімен, елге сіңірген еңбегімен өлшенеді. Өз дәуірінің жүгін арқалап, туған жерінің өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткен азаматтар халық жадында әрдайым биік тұрады. Сондай елге сыйлы, ортасына қадірлі, өмір жолы өнегеге толы азаматтардың бірі – ауылшаруашылық саласының дамуына бар саналы ғұмырын арнаған Бәкіров Тілеубек Зекенұлы.

Заманында қатарластарының арасында беделі биік, жора-жолдастары мен әріптестерінің ортасында абыройы асқақ болған Тілеубек Зекенұлы – еңбекті өмірінің басты темірқазығына айналдырған жан. Ол қарапайым еңбек адамының қадірін түсініп, ауыл тіршілігінің тынысын терең сезініп, туған жердің берекесі мен елдің ырысын арттыру жолында қажырлы қызмет атқарды.

Өмір жолына үңілсек, оның биік адамгершілігі, кісілік келбеті, айналасына сыйлы бола білгені айқын көрінеді. Себебі адамның шынайы бағасы – атақ-дәрежесімен емес, халықтың ықыласымен, елдің алғысымен өлшенеді. Ал Тілеубек Зекенұлы осындай құрметке маңдай терімен, адал еңбегімен жеткен азамат.

Бұл мақалада біз елге еңбегі сіңген, ауылдың дамуына өзіндік үлес қосқан, замандастарының ыстық ықыласына бөленген азаматтың өмір жолы мен еңбек белестеріне тоқталмақпыз.

Тілеубек Зекенұлы 1944 жылы қасиетті Қарағанды облысы, Шет ауданы, қазіргі Тағылы ауыл округінде дүниеге келген. Оның өмір жолының бастауы да, азамат болып қалыптасуы да даланың кең тынысымен, ауыл тіршілігінің қайнаған ортасымен біте қайнасып жатты.

Әкесі Бәкіров Зекен Қарабұлақ өңірінің тумасы еді. Жастайынан еңбекке араласып, туған жердің тіршілігіне білек сыбана кіріскен ол жылқы бағып, төрт түліктің қыр-сырын меңгерген. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында азаматтық борышын өтеу үшін майданға аттанады. 1942 жылдан бастап соғыстың бел ортасында болады. ІІ Украин майданының сапында Сталинград қаласын қорғауға қатысады. Алайда 1943 жылы шайқаста қолынан ауыр жарақат алып, елге оралады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін І-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген жауынгерлік және мерекелік медальдармен наградталған.

Соғыстан кейінгі бейбіт жылдары Зекен ақсақал ауылшаруашылығы саласында тынымсыз еңбек етті. Есепші, жылқы фермасының меңгерушісі, бөлімше басқарушысы қызметтерін абыроймен атқарып, елдің өркендеуіне өз үлесін қосты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы кеңшарда еңбек жолын жалғастырып, объезчик болып жұмыс істеді.

Еңбекқор әке қолы қалт еткен сәтте жеке шаруашылығына да ерекше көңіл бөлетін. Төрт түліктің ішінде жылқы малына айрықша ықыласы болды. Ат жалын тартып мінген қазақ баласының бойындағы табиғи қасиетпен ол жылқының бабын тауып, қадірін білген жан еді. Сонымен қатар халқымыздың ежелгі кәсіптерінің бірі – аңшылық өнерді де серік етті. Қанжығасына қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен секілді аңдар ілігіп отырған.

Аңшылықтың қыр-сырын жетік меңгерген Зекен ақсақалдың тәжірибесіне қызыққан елге белгілі жазушы Кәмел Жүністегі де оның шаңырағына арнайы ат басын бұрып тұрған екен. Жазушының мақсаты – аңшылықтың әдіс-тәсілдерін тереңірек танып, шығармаларында өмір шындығын шебер суреттеу болған.

Тілеубек Зекенұлының анасы Ркен апай да ауылдың берекесі мен шаңырақтың ұйытқысы болған аяулы жан еді. Қарқаралы өңірінің Қожа елінен шыққан ол тазалықты сүйетін, аспаздық өнерге жақын, қолынан іс келетін шебер ана болған.

Көктем шыға дала бусанып, тіршілік жаңарған шақтан бастап, күздің қара суығына дейін олардың үйінің алдында желіде бірнеше құлын байлаулы тұратын. Бие сауып, қымызын баптап, ұлттық сусынның қадірін арттырған. Бал қымыздың дәмін татуға ауыл адамдары мен сырттан келген қонақтардың қарасы үзілмеген. Ақ дастарқанның берекесін келтіріп, үйге келген әр қонақты жылы қабақпен қарсы алған.

Сонымен бірге Ркен апай үш ұлының тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың бойына еңбекқорлықты, адамгершілікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді сіңірді. Кейін үлкен азамат болған Тілекеңнің ағасы Қажен Қарағанды қаласының көмір шахтасында жұмыс атқарып, қажырлы еңбегінің арқасында «Шахтер даңқы» орденінің үш бірдей дәрежесімен құрметтелген. Қарапайым кеншіден шахта директорының орынбасарлығына дейін көтерілген. Ал кіші бауыры Нұрлыбек электр маманы болған.

Кезінде Ақадыр ауданына қарасты, бүкіл елді мекендерді электр жарығымен қамтитын «Қайрат» АҚ-ның президенті лауазымын атқарды. Осындай өнегелі әке мен мейірімді ананың тәрбиесін көріп өскен ағайындылардың азамат болып қалыптасуына туған жердің топырағы, ата-ананың тәрбиесі және ауылдың еңбек мектебі үлкен әсер етті.

Тілекеңнің балалық шағы Жұмыскер ауылы мен Қайрақты кентін бөліп жатқан Жаман Сарысу өзенінің жағасында өтті. Табиғаттың таза ауасын жұтып, ауылдың еркін тіршілігін көріп өскен ол қатар-құрбыларымен бірге асық ойнап, ләңгі теуіп, доп қуып, өзенге шомылып, балық аулап, қыстың қақаған күндерінде шаңғы мен коньки теуіп, балалықтың бал дәуренін қызықты өткізді.

Ол кезеңде бүгінгідей ұялы телефон, интернет, түрлі заманауи мүмкіндік болған жоқ. Балалардың бар қызығы – кең дала, мөлдір ауа, ауыл табиғаты мен достарымен бірге өткізген ұмытылмас сәттер еді. Таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақытын далада өткізіп, шынығып, еңбекке, төзімділікке, адамдық қарым-қатынасқа тәрбиеленді.

Жеті жасында Қайрақты орта мектебінің табалдырығын аттаған Тілекең алғашқы күннен-ақ өзінің алғырлығымен, ұқыптылығымен, білімге деген құштарлығымен ерекшеленді. Сыныптастары арасында беделді, сабағына тиянақты оқушы болды. Әсіресе, техникаға байланысты пәндерге ерекше қызығушылық танытып, болашақта инженер болуды армандады.

Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырды. Қабілеті мен дайындығының арқасында емтихандарын сәтті тапсырып, кешегі ауыл баласы үлкен білім ордасының студенті атанды.

Бес жыл бойы жатақханада тұрып, студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көрді. Білім нәрімен сусындап, таңдаған мамандығы бойынша терең білім алып, инженер-механик мамандығын иеленді. Сол жылдары бірге оқыған курстас достарымен өмір бойы араласып, сыйластық пен бауырмалдыққа негізделген берік достық қарым-қатынасты сақтай білді.

Студенттік шақтан басталған сол достық жылдар өте келе үлкен өмір жолындағы шынайы сыйластыққа ұласты. Олар бір-бірінің қуанышы мен қиындықтарына ортақтасып, отбасылық мерекелерінде бірге болып, адамдықтың, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Сол аяулы достарының қатарында Қарағанды қаласындағы тау-кен техникумының директоры қызметін атқарған, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Шет ауданының тумасы Рахимов Зекен Рақымұлы және республикалық халық емшілері қауымдастығының төрағасы болған, еліміздегі халық медицинасы мен емшілік саласының дамуына зор үлес қосқан Қожалымов Зияда Зияданұлы да бар еді.

Тілекең бұл азаматтармен өмір бойы етене араласып, бірін-бірі құрметтеп, қадірлеп өтті. Осындай азаматтар арасындағы таза достық, өзара сыйластық пен бауырмалдық – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.

Қолына дипломын алған жас маман еңбек жолын туған жерге жақын ауылшаруашылығы саласынан бастады. Арнайы жолдамамен Шет ауданының ауылшаруашылығы бөліміне жіберіліп, «Ақшоқы» кеңшарына бас инженер қызметіне тағайындалды. Бұл кезең оның кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды баспалдақтардың бірі еді.

Жас инженер алғашқы күндерден бастап мамандығының қыр-сырын терең меңгеруге талпынды. Кеңшардағы механизаторлар қауымымен етене араласып, олардың тәжірибесін үйренді, шаруашылықтағы техниканың жай-күйін жіті бақылауда ұстады. Ауыл шаруашылығы науқандары кезінде мекеме қарамағындағы сан алуан техниканың уақытылы дайындалып, сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету оның басты міндетіне айналды.

Жұмыс барысында үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдау, тәжірибелі мамандармен пікір алмасу, әріптестерімен бірлесе шешім қабылдау Тілекеңнің күнделікті кәсіби дағдысына айналды. Осы жылдары ол өзінің мамандық таңдауда қателеспегеніне көз жеткізіп, ауылшаруашылығы саласына деген сүйіспеншілігі арта түсті.

Ауылдық жердегі алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтаған білікті маман кейін жаңадан құрылған Ақадыр ауданының ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке шақырылды. Алғашында бас инженер лауазымында еңбек етсе, уақыт өте келе басқарма төрағасының механизация мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

Ол кезеңде аудан көлемінде мал өсіріп, егін егіп, ел ырысын еселеп отырған 10 кеңшар, сондай-ақ «Қазсельхозтехника», «Қазглавводосабжение» секілді ірі мекемелер тұрақты жұмыс жүргізді. Мұндай ауқымды шаруашылықтардың қалыпты қызмет етуі ең алдымен техниканың жағдайына байланысты еді.

Сондықтан әрбір мекемені заманауи техникамен және қажетті механизмдермен қамтамасыз ету, тракторлар мен ауылшаруашылығы машиналарының жұмысын бақылау, күрделі жөндеуге уақытылы жіберу, қосалқы бөлшектермен қамту сияқты жауапты жұмыстар Тілекеңнің күн тәртібінен түскен емес.

Елдің еңбек ырғағына серпін берген техника тілін жетік меңгерген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман бұл міндеттердің барлығын абыроймен атқарып, аудан ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосты.

1997 жылы Үкімет қаулысына сәйкес елдегі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты Жезқазған облысы мен Ақадыр ауданы оңтайландыру шараларына байланысты таратылып, өз жұмысын тоқтатты. Бұл өзгеріс Ақадыр өңірінің де жаңа әкімшілік жүйеге өтуіне себеп болып, аймақ Қарағанды облысының құрамына енгізіліп, Шет ауданына қосылды.

Осы кезеңде Тілеубек Зекенұлы да өмірінің жаңа белесіне қадам басып, көп жылғы тәжірибесін одан әрі жалғастыру мақсатында Шет ауданының ауыл шаруашылығы бөліміне мемлекеттік техникалық инспекторы қызметіне ауысты. Ол зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін осы салада табанды еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қоса білді.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ол туған жерінің тыныс-тіршілігінен шет қалған жоқ. Кент тұрғындары, ауылдың үлкендері мен ақсақалдары оның елге сіңірген еңбегін бағалап, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметіне сайлады. Бұл міндетті де ол абыроймен атқарып, бірнеше жыл бойы ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласты.

Тілеубек Зекенұлының өміріндегі ең бір шуақты да, жүрекке жылы естеліктердің бірі – Алматы қаласында студенттік жылдары Дина Сансызбайқызын кездестіріп, оны өмірлік серігі етуі еді. Екі жастың арасындағы мөлдір сезім, өзара сыйластық пен баянды махаббат жылдар өте келе берік шаңыраққа айналып, олар ұрпақ өсіріп, өнегелі отбасының үлгісін көрсетті.

Дина апамыздың өмір жолы да өзіндей көркем еді. Ол Жамбыл облысының қасиетті топырағында, қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші әрі сазгері Кенен Әзірбаевтың ауылында дүниеге келген. Арқа мен Оңтүстікті жалғаған алтын көпірдей болған Дина Сансызбайқызы бойына туған жердің жылуын, қазақы тәрбиенің қадір-қасиетін сіңіріп өсті. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет танытқан, жан дүниесі кең, мейірімі мол, парасаты биік жан болды.

Білімге деген құштарлығы оны Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтына жетелеп, жаратылыстану-география факультетін ойдағыдай тәмамдады. Ұстаздық жолын таңдап, бар ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады. Мамандығы бойынша қырық жылға жуық Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы мектепте еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан ардақты ұстаз атанды. Еңбегі еленіп, «Қазақ ССР-нің үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Дина Сансызбайқызының ұстаздық болмысы мен адамдық қасиетін бірге қызмет атқарған әріптестері әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Олар: «Марқұм Дина ұстаздың жүрегі өте жұмсақ еді. Ешқашан дауыс көтермейтін, өзін әрдайым биязы, сабырлы қалпында ұстайтын. Баланы ұрысып емес, түсіністікпен тәрбиелеу керектігін жақсы білетін. Кітапты көп оқитын, сирек кездесетін құнды шығармаларды іздеп жүріп табатын. Шәкірттеріне: «Білімнің бәрі – кітапта» деп жиі айтып отыратын» – деп естелік айтады.

Дина апамыздың тағы бір ерекше қыры – табиғатты, гүл өсіруді жақсы көргені еді. Бағбандықпен айналысып, өз қолымен баптаған өсімдіктерін ерекше күтетін. Үйінің ауласында жайқалған алуан түсті гүлдер оның жан дүниесінің көрінісіндей болатын. Түрлі гүлдерге толы әсем аулаға қарап, оның тазалықты, сұлулықты, үйлесімділікті сүйген нәзік болмысын аңғаруға болатын.

Осы жерде Тілеубек Зекенұлы мен Дина Сансызбайқызының бір-біріне деген шынайы ықыласы мен мөлдір махаббатының бір көрінісін айта кетпеуге болмайды. Екеуінің өмір жолындағы ең бір әдемі кезеңдерінің бірі – жүрек қалауымен табысып, бір-біріне деген сыйластық пен сүйіспеншілікті өмір бойы сақтай білгені еді.

Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен Дина апамыз ағамыздан ерте дүниеден өтті. Бұл қаза Тілеубек Зекенұлына өте ауыр соққы болды. Өмірлік серігінен айырылған ол асыл жарының орнын жоқтап, қатты сағынып, талай уақыт жүрегі сыздап өтті.

Амал не, адам баласы тағдырдың жазуына көнеді. Бірақ жүректе қалған сағыныш пен аяулы естеліктер ешқашан өшпейді. Тілекең зайыбының суреттерін қайта-қайта қарап, өткен күндерді еске алады екен.

Бір күні балалары әкелерінің фотоальбомдарын ақтарып отырып, жүректі тебірентерлік жазуға кезігеді. Тілекең сүйікті жарының суретінің жанына: «Бейнең бар да, өзің жоқсың!» – деп жазып қойыпты.

Бұл бірауыз сөздің өзінде қанша сағыныш, қанша мұң, қанша жылдар бойы бірге өткен ғұмырға деген құрмет пен махаббат жатыр десеңізші…

Ерлі-зайыптылар бес перзент тәрбиелеп өсіріп, ұрпақтарының қызығын көрді. Үлкен ұлдары Талғат Қарағанды облыстық орман шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып, ел игілігі жолында еңбек етіп келеді. Жұбайы Нұргүл есепші болып жұмыс істейді.

Қыздары Гүлбаһрам Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін тәмамдап, бүгінде Қарағанды тау-кен колледжінде декан қызметін атқарады. Жолдасы Жанат «Шұбаркөл» көмір разъезінде еңбек етеді.

Тағы бір ұлдары Бекзат Астана қаласының теміржол саласында абыройлы қызмет атқарса, жары Ақбота мемлекеттік қызметте. Өкінішке қарай, Мәди атты ұлдары өмірден ерте озды. Оның жары Ақмарал Астана қаласында кәсіпкерлік саласында есепші болып еңбек етуде.

Шаңырақтың кенжесі, қарашаңырақ иесі Жанат Шет ауданындағы «Қазпошта» торабына жетекшілік етеді. Өмірлік жары Динара теміржол саласында қызмет атқарады.

Бүгінде осы әулеттен тараған 8 немере мен 1 жиен ата-әже қуанышын еселеп, отбасының жалғастығына айналып отыр. Ұрпағына өнегелі тәрбие, елге қызмет етудің үлгісін қалдырған бұл шаңырақтың берекесі мен бірлігі кейінгі буынға әрдайым үлгі болмақ.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті