Header Banner

ШАБЫТ ҚАЙДА?

Теміртау президенттер мен ғарышкерлердің ғана емес, ақын-жазушылардың да қаласы. Бәлкім, біреу білер, біреу білмес, жетпісінші-сексенінші жылдары орысы ормандай Теміртауда «Құрыш» әдеби бірлестігі жұмыс істеді. Құрышшыларға бұл қазақы ортадан қалыс қалмаудың бірден бір амалы еді. Сол «Құрыш» бірлестігінің соңғы мүшесі Нұрлан Айтмұқашев болды. Мен үшін одан артқан ақын жоқ.

Бүгін Нұрланның бір топ өлеңдерін қалың оқырманға ұсынғым келді.

 

ШАБЫТ ҚАЙДА?

 

Шаттық қайда көңілімді кернеген,

Еш нәрсеге қызықпаймын мен неге?

Саусақтарым бармай қойды пернеге,

Шешілген бе сәйгүлігім кермеден?

 

Жалықты ма мынау күйбең тірліктен,

Қиқу салған бәйгесі жоқ дүрліккен.

Қандай ісім сені менен үркіткен,

Жүрегім бе, аламан бір жыр күткен.

 

Сенімімді жоғалттым ба ертеңге,

Сағынышты соңымнан тек ертем бе?

Селт еткізер сезімі жоқ көңілім,

Қалтырайды өскен гүлдей өртеңге.

 

Шабыт қайда мені алысқа бастаған,

Асулардан аспаймын ба аспаған.

…Кейде осылай бәрінен де түңіліп,

Жазылмаған жырларым боп басталам.

 

ӨЗІҢДЕ ӨТКЕН БІР КҮНІМ

 

Алатаудың ақ қарлы шыңдары да,

Көкшетаудың көгілдір мұңдары да,

Қызылқұмның ып-ыстық құмдары да,

Тау Алтайдың ақ көңіл ұлдары да,

Жетпейді-ау сенде бір күн тұрғаныма.

 

Шеті жоқ Жезқазғанның даласы да,

Ағынды оңтүстіктің Таласы да,

Жайықтың жайылған кең саласы да,

Жетпейді ғой сенімен таласуға,

Жетпейді-ау жылап аққан Қарасуға.

 

Қаратаудың түксиген айбары да,

Оралдың басындағы айдары да,

Каспийдің кең құшағын жайғаны да,

Кешіріңдер,мен үшін жетпейді ғой,

Жетпейді ғой мен туған Қайнарыма.

 

Тауларды, етегін ақ қайың басқан

Шыңдарын, ақша бұлтпен қойындасқан,

Көлдерін, тұнып тұрған дайын дастан –

Сұраса, өзіңде өткен ойланбастан

Жіберем бір күніме айырбастап.

 

Бұл Қайнардың суы бал, ауасы бал

Дертіңе шипа болар дауасы бар.

Ғасырларға кететін тарихы бар,

Сарыарқаның төсінде дара шынар.

 

Қоршаған Абыралыдай таулары бар,

Ұландар етегінде тауға құмар.

Қырық жыл қырғында да орнында тұр

Адамдар, бұл Қайнарға таңданыңдар!

 

Майысқан көк балауса құрағынан

Естілер жанды тербер бұла бір ән.

Жаныңның жалынын бір басқың келсе

Су ішіп көр Қайнардың бұлағынан.

 

Десек те туған жерге бәрі ғашық,

Сағыныштан жетеміз арып-ашып.

Жүрегіңнің лүпілін басқың келсе

Самал соққан Абыралы тауына шық.

 

Оған көңілің толмаса құр атқа мін,

Кезіп қайт сай-саласын, қыраттарын.

Әр шоқысы бір тарих сол даладан

Шежіренің біліп қайт сұрап бәрін.

 

Сонда ғана көңілің жәй табады

Қайнарым деп басталып айтар әнің.

О, туған жер, сен неткен ыстық едің!

Дәл солай деп құз-жартас қайталады.

 

ДАЛА КӨШІП БАРАДЫ

 

Сәттік діріл – көз жасы жерге сіңген

Сағым-бесік жәй ғана тербетілген,

Ақтық демдей сағыныш-келбетімен

Дала көшіп барады жер бетінен.

 

Қала жаққа барады дала көшіп,

Күресінде қалады-ау қара бесік…

Үзік-үзік бір самал алады есіп,

Қалт-құлт еткен шырағдан қалады өшіп.

 

Самал-белбеу беліне орап алып,

Күрсінеді көріксіз дала налып.

Көкжиекте, шығып ап тау басына

Сағым-сұлу бұлғайды орамалын.

 

АЛҒАШҚЫ ҚАР

 

Көк аспан да ағарған ба, қарашы,

Бір-ақ түнде өзгерген бе дала шын.

Жолаушылап алыс кеткен аппақ қыс

Түнде қайтып келген бе деп қаласың.

 

Шопан жігіт таңмен тұрған таласып,

Шолып шығып үйреншікті даласын,

Асығыстау мініп жатыр атына

Көтеріп ап қара тонның жағасын.

 

Аппақ бұлттар қонар құстай айналып,

Қария тұр соған қарап ойланып.

Күншуағын, сағынды ма көктемін

Күз өткенін, жаз өткенін ойға алып.

 

Жарықтық-ай, қыс та келіп қалыпты-ау

Аппақ нұрға ораныпты алып тау.

Ойдым-ойдым, мұз қатпаған әр жері

Бу шығады жайлап қана арықтан.

 

Ой артынан ой келеді ағындап,

Алғашқы қар қалар ма екен қалыңдап?

Бұталарға қонып апты ақ ұлпа

Кеше еді ғой сары жапырақ, жалын бақ.

 

Келер қыстан сескенгендей жүрегі

Төрт көз төбет анда-санда үреді.

Амандасып шығайыншы көршіге

Көптен бері қырын қарап жүр еді…

 

Алғашқы қар. Ой да бөлек, күй бөлек

Бір ойдан соң бір ой келер кимелеп.

Қария да қозғалды әне үй жаққа:

«Суық тиер, кірейінші үйге» деп.

 

Айналаға аппақ көрпе жапқандай

Бір керегін дала жаңа тапқандай.

Алғашқы қар көңіліндей жақсының

Кеше жауып, бүгін еріп жатқаны-ай.

 

…Адамдар бар көңілдері жаңа жауған ақ қардай

Сол көңілден алғашқы қар өзін көріп жатқандай.

Табиғаттың өзгерісін сезінген

Жүрегіңді бір тербейтін шақ қандай?!

 

***

 

Бала күннен тері сіңген тақымның

Тері сіңген қара төбел атымның,

Қазақы ерім кірді бүгін түсіме

Ояна сап, ойға батып жатырмын.

 

Түсіме ер неге кірді, білмеймін

Қаңсыды ма аптабында күнгейдің.

Кешіре гөр, жасыл жайлау, төсіңде

Қара атпенен шеки басып жүрмеймін.

 

Ұмыт болған бүгін түске кірді ерім,

Неге, неге жорырымды білмедім.

Еске түсіп балалық шақ, бұла шақ

Сағыныштан көңіл көзі кірледі.

Түсімде де мен даламмен біргемін.