Қарағандыда сыртқы жарнаманы стандарттау жөніндегі әлеуметтік жобаның кезекті кезеңі басталды. «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы наурыздан қарашаға дейін өтеді. Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығындағы мамандар жарнаманы немесе басқа да көрнекі ақпаратты қазақ тіліне тегін аударуға көмектесуге дайын.
Әлеуметтік жобаның мақсаты – Қарағандыдағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы тілдер мен жарнама туралы заңнаманың талаптарын сақтауын мониторингтеу, сондай-ақ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 29 желтоқсандағы ҚР Заңын түсіндіру.
– «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясының бастамашысы Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығы. Жұмыс тобы құрылды, акцияға 20 ерікті қатысады. 3 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қамту жоспарлануда. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, заңгерлер кеңес береді, сондай-ақ тегін аударма қызметтерін ұсынады, – деді Ресурстық тіл орталығының жетекшісі Бибігүл Дауылбаева.
Кез келген көрнекі ақпарат, соның ішінде тауарлар немесе қызметтер туралы жарнама немесе хабарландырулар тілдер мен жарнама туралы заңнаманың талаптарын сақтай отырып ресімделуі тиіс. Қазақстан аумағындағы барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде таратылады. Қажет болған жағдайда оны орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға болады.
Ресурстық тіл орталығында жарнаманы немесе басқа да көрнекі ақпаратты қазақ тіліне тегін аударуға көмектесуге дайын. Ол үшін Call-орталыққа +7-775-163-00-00 нөмірі бойынша қоңырау шалу қажет.