Абай күнін атап өту Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залының алдындағы скверде басталды. Әуелі хакім ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ақынның шығармашылығына арналған концерттік және поэзиялық бағдарлама ұйымдастырылды.
Қатысушылар Абайдың әндерін тыңдап, ақын шығармаларына құлақ түрді. Жиында сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей:
– Абай – бір дәуірдің ғана емес, ұлттың әр кезеңіне жол көрсететін ойшыл. Ол барша адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеген кемеңгер. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті бүгінде ел дамуының, интеллектуалды ұлт болып қалыптасудың темірқазығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың рухани мұрасы еліміздің жаңғыру жолындағы басты бағдарларының бірі екенін атап өткенін білесіздер. Бүгінде Абайдың «Толық адам» ілімі Мемлекет басшысы ұстанған Әділетті қоғам идеясымен үндеседі. Сондықтан Абай мұрасын насихаттауды болашаққа салынған инвестиция деп қабылдаған жөн. Өздеріңіз білетіндей, Қарағанды өңірінің Абай әлемімен тарихи байланысы терең. Қарқаралы – Құнанбай қажы ел басқарған, Ибраһимнің жастайынан ат басын бұрған киелі мекен. Бұл тарихи сабақтастық Абай әлемінің Арқа жұртына айрықша жақын екенін аңғартады. Ғұламаның ізі қалған киелі топырақта өмір сүріп жатқан біз – сол рухани сабақтастықты жалғастырушы ұрпақпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Қазақ әдебиеті мен Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Paraqta.kz» цифрлық платформасының таныстырылымы да өтті. Платформа оқырманға кітап оқуды жүйелеуге мүмкіндік беретін үш негізгі функция ұсынады. Біріншісі – оқу сессиясы. Оқырман таймерді қосып, кітап оқуға жұмсаған уақытын белгілей алады және оқыған бетін тіркейді. Екіншісі – оқылған кітапқа пікір қалдырып, басқа оқырмандармен ой бөлісу мүмкіндігі. Үшіншісі – жалпы оқырмандар арасында өз нәтижесін бақылау мүмкіндігі. Яғни платформа пайдаланушыға кітапты жалғыз оқымай, ортақ оқырман қауыммен бірге оқуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда платформада 4 182 оқырман тіркелген. Жоба іске қосылған 11 ай ішінде пайдаланушылар жалпы 752 615 бет кітап оқыған.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі – ашық аспан астындағы «Book Picnic» әдеби оқу алаңының ашылуы болды. Жоба кітап оқу мәдениетін дамытуға және зерделі ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Алаңда қала тұрғындары мен қонақтары табиғат аясында кітап оқып, Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріне үңіліп, рухани тынығуға мүмкіндік алды. Әдеби алаң оқырмандардың басын қосып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейді. Ашық аспан астындағы кітапхананың ең жас оқырманы – 8 жастағы Алуа. Әріп танығаннан бері кітап оқуды әдетке айналдырған ол қазір Абай Құнанбайұлының және басқа да ойшылдардың шығармаларын сүйіп оқиды. – Кітап оқу маған білімді болуға көмектеседі, – дейді Алуа.
Қала тұрғыны Алтынай Мұхтарова да Абай шығармашылығының жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті. – Мектеп жасымнан бастап кітап оқимын. Абайды да мектеп қабырғасынан бастап сүйіп оқимын және әндерін жақсы көремін. Қазіргі жастар Абайды көп оқыса, болашаққа дұрыс жол ашуына көмектесер еді, – дейді қала тұрғыны.
Ақын атындағы қалада
Абай қаласындағы хакімге арналған той Мәдениет үйінің алдындағы алаңда өтті. Осындағы Абай ескерткішінің алдында Ұлы ақын бейнесіндегі Ақан Телібайұлының оның қара сөзін оқып, хор әншілерінің «Көзімнің қарасы» әнін айтуымен басталды. Бұдан кейін Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Данияр Сәкенов бастаған зиялы қауым өкілдері ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Абай ауданы әкімінің орынбасары Дәріжан Мырзахметова аудандық Абай оқулары байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Байқаудың бас жүлдесін Камила Купербаева алса, бірінші орынды Айсел Исмаилова, екінші және үшінші орындарды Ольга Такенова мен Станислав Иванов иеленді. Мерекенің одан әрі жалғасқан концерттік бағдарламасында Абай әндері шырқалып, өлеңдері мен қара сөздері оқылды. Мәселен, Айсұлу Әділбекова «Татьянаның хаты» әнін орындаса, «Баян сұлу» триосы халық әні «Бір баланы», Кристина Замерчук те халық әні «Абыройды» шырқады.
Абай әндерін шырқады
Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінің субұрқақ алаңында «Абай – ұлы даланың ұлы ойшылы» атты театрландырылған әдеби-сазды бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Рухани кеш барысында ұлы ақынның тағылымды ойлары мен ғибратты сөздері, сырлы әндері мен көркем шығармалары дәріптелді. Абайдың өлеңдері нақышына келтіріліп оқылып, әндері орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Аудандық мәдениет үйінің Сұлтан Серікұлы жетекшілік ететін театр өнерпаздары Абай шығармаларын сахналық қойылымдар арқылы шебер жеткізсе, аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Кештің ажарын «Гүлдер» би тобының әсем билері аша түсті. Сонымен қатар, аудандық кітапхана мен аудандық мұражай Абай шығармашылығы мен өмір жолына арналған мазмұнды көрмелерін көпшілік назарына ұсынды. Субұрқақ алаңында ашық аспан астында өткен тағылымды кеш көрермендердің көңілін көтеріп, көпшілікке ерекше рухани серпіліс пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әуезді ән, мәнерлі өлең, әсем би мен тағылымды қойылымдар тоғысқан кеш Абай мұрасына деген қызығушылықты арттыра түсті.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
