Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау – елдік істің парасатты көрінісі. Осындай игі бастама Шет ауданында өзінің жарқын жалғасын тапты.
Қазақстан халқының тілдері күніне орай өңірімізде «Тіл – Fest» фестивалі аясында «Тіл – қазына, сөз – мұра, ұрпаққа аманат» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Тілдің қадір-қасиетін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері жиналды.
Салтанатты жиында ана тіліміздің дамуына, оның мемлекеттік қызмет саласында кеңінен қолданылуына және тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларға арнайы құрмет көрсетілді. Солардың ішінде өзінің мақсатты еңбегімен дараланған Ақадыр кенті әкімінің орынбасары Тасырбаева Гауһар Болатқызы бар. Ол мемлекеттік тілді дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі мен ізгі бастамалары үшін лайықты марапатқа ие болды.
Гауһар Болатқызына «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы бойынша арнайы диплом және 100 000 теңгелік сертификат табысталды. Таяуда ғана Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауында да жерлесіміз жүлделі II орынды иеленіп, 200 000 теңгенің сертификатымен марапатталған еді.
Осы қос марапат – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы қажырлы да нәтижелі еңбектің айқын дәлелі.
Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани тірегі. Ана тілін ардақтау – өткенді құрметтеп, болашаққа жол ашу. Ал мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ перзенттік парыз. Осы орайда, тіл жанашырларының еңбегін елеп, өнегелі ісін көпшілікке үлгі ету – ерекше маңызды. Тілге деген құрмет – елге деген құрмет, ал тілге қызмет ету – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Гауһар Болатқызын лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы еңбегіңізге толағай табыс, шығармашылық шабыт пен жаңа белестер тілейміз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған игі бастамаларыңыз әрдайым жемісті болсын!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
