Николай Иванович Крутильников (1896-1961) – Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан суретші, педагог, портретші. Ол Қазақстан өнерінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі ретінде белгілі. Суретшінің шығармашылық мұрасы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, табиғатын. еңбек адамын және республикадағы индустриялық өзгерістерді бейнелейтін туындыларымен ерекшеленеді.
Николай Крутильников 1896 жылы Ресейдің Киров облысы аумағындағы Калинино ауылында дүниеге келген. 1916 жылы Қазан көркемсурет училищесін тәмамдаған. 1921 жылдан бастап оның шығармашылық өмірі Қазақстанмен тығыз байланысты болды. Ол Семей, Қызылорда және Алматы қалаларында еңбек етіп, республикадағы кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасуына атсалысты.
Крутильниковтің Қазақстандағы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – көркемөнерді ұйымдастыру және жас суретшілерді тәрбиелеу болды. Ол Семейдегі көркемсурет студиясын ұйымдастырушылардың бірі болып, 1928-1929 жылдары Крутильников Қазақстандағы алғашқы көшпелі көрме ұйымдастырды. Лениногорск – Петропавл – Семей – Қызылорда маршруты бойынша өткен бұл көрмеде 460 жұмыс болды. Кейін Алматы көркемсурет училищесінде ұзақ жылдар бойы сабақ беріп, қазақ бейнелеу өнерінің бірнеше буын өкілдерін тәрбиеледі. Оның шәкірттері қатарында Әбілхан Ғалымбаева, Молдахмет Кенбаев, Телжан Тельжанов сияқты өнер қайраткерлері аталады.
Суретшінің шығармашылығында портрет жанры ерекше орын алады. Крутильников адам тұлғасын сыртқы ұқсастықпен ғана шектемей, кейіпкердің мінезін, ішкі болмысын ашуға ұмтылды. Оның портреттік туындыларының арасында қазақ мәдениеті мен өнерінің көрнекті тұлғаларының бейнелері де бар. 1924-1927 жылдары суретші қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Абай өлең жазу үстінде» атты портретін салған. Бұл еңбек кәсіби суретшінің Абай бейнесін жасаған алғашқы туындыларының бірі ретінде аталады.
Крутильников шығармашылығының тағы бір маңызды бағыты – Қазақстанның индустриялық дамуын және еңбек адамын бейнелеу. Әсіресе Қарағанды мен Балқаштың өндірістік өмірі суретшінің шығармаларынан кең орын алды. Ол шахтерлердің, металлургтердің, өндіріс жұмысшыларының портреттерін жасап, жаңа дәуірдегі еңбек адамының бейнесін өнер арқылы танытты. «Мыс балқытушылары», «Балқаш мыс балқытушыларының топтық портреті», Ыстық құйма шебері Д.Макаевтің, К.Оспанов сияқты еңбек адамдарына арналған портреттері осы бағыттағы шығармаларына жатады.
Қарағанды тақырыбы суретші шығармашылығында ерекше орын алады. Қала ХХ ғасырдың ортасында Қазақстанның аса ірі индустриялық орталықтарының біріне айналып, оның өмірі мен еңбек адамдары көптеген суретшінің назарын аударды. Крутильников те Қарағандының өндірістік келбетін, тарихи оқиғаларын және қала тұрғындарының бейнесін шығармашылық тұрғыдан зерттеген суретшілердің бірі болды.
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында Николай Иванович Крутильниковтің «Қария нобайы» және «Киров Қарағандыда» туындылары сақтаулы. Бұл туындылар – суретшінің шығармашылық мұрасын өңір тарихымен байланыстыра түсетін құнды музейлік жәдігерлер.
«Қария нобайы» шығармасы суретшінің адам бейнесіне деген қызығушылығын танытады. Этюд жанры суретшіге кейіпкердің сыртқы келбетін ғана емес, оның өмірлік тәжірибесін, мінез ерекшелігін және белгілі бір көңіл-күйін қысқа әрі жинақы көркемдік шешім арқылы беруге мүмкіндік береді. Қарт адамның бейнесі арқылы суретші жеке тұлғаның өмір жолына, адам болмысының ерекшелігіне назар аударады. Мұндай этюдтер Крутильниковтің портрет жанрындағы ізденістерін түсінуге мүмкіндік береді.
Музей қорындағы «Киров Қарағандыда» атты шығармасы – Қарағандының индустриялық тарихын бейнелейтін кең көлемді тарихи-тақырыптық композиция. Картинада өндіріс орнының аумағында жиналған жұмысшылар тобы бейнеленген. Композицияның ортасында қара пальто киген Киров тұр. Ол қол қимылымен айналасындағы адамдарға үн қатып, жұмысшылар алдында сөз сөйлеп тұрған сәтте көрсетілген.
Шығарманың негізгі бөлігін шахтерлер мен жұмысшылар құрайды. Олардың жүздерінен оқиғаға деген қызығушылық пен назар байқалады. Суретші кейіпкерлерді әртүрлі қимыл – қозғалыста орналастырып, көпфигуралы композицияға динамика берген. Алдыңғы қатардағы жұмысшылардың қолдарындағы құралдар, шахтер шамдары, жұмыс киімдері олардың кәсіби ортасын айқын көрсетеді.
Картинаның артқы жоспарында Қарағандыға тән өндірістік пейзаж – шахта құрылыстары, өндірістік ғимараттар, түтін мұржалары мен кен өндіруге байланысты нысандар көрінеді. Осы детальдар шығармадағы тарихи ортаны нақтылап, Қарағандыны ірі индустриялық аймақ ретінде танытады.
Түстік шешімінде сұр, қоңыр, сарғыш және қою жасыл реңктер басым. Бұл түстер шахта кеңістігінің ауыр атмосферасын, еңбек ортасын және дәуірдің сипатын жеткізеді. Сонымен бірге аспандағы ашық түстер композицияға кеңістік пен жарық береді.
Суретшінің басты назарында – адам және оның өндірістік ортадағы орны. Жұмысшылардың көпшілік бейнесі арқылы сол кезеңдегі еңбек адамының маңызы көрсетілсе, композицияның ортасындағы тарихи тұлға оқиғаның негізгі идеясын айқындайды. «Киров Қарағандыда» шығармасы тек тарихи оқиғаны бейнелеп қана қоймай, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қарағандының өндірістік келбетін, шахтерлердің тұрмысын және еңбек ортасының ерекшеліктерін көркем түрде танытатын шығарма ретінде құнды. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорындағы бұл туынды – өңірдің индустриялық тарихын бейнелеу өнері арқылы танытатын маңызды жұмыстардың бірі.
Николай Крутильниковтің шығармашылығын Қазақстан бейнелеу өнерінің алғашқы кәсіби кезеңінен бөліп қарау мүмкін емес. Ол тек суретші ғана емес, сонымен бірге көркемдік білім беру ісіне және республикадағы суретшілердің шығармашылық ортасын қалыптастыруға үлес қосқан ұйымдастырушы болды. Оның өнеріндегі портрет, тарихи тақырып және еңбек адамының бейнесі сол дәуірдің көркемдік ізденістерімен тығыз байланысты.
1960 жылы 27 сәуірде суретшінің еңбегі лайықты бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Н.И.Крутильниковке «Қазақ КСР халық суретшісі» атағы тағайындалды. Алайда, көп ұзамай, 1961 жылы суретші Алматы қаласында дүниеден озды. Оның шығармалары Қазақстанның музейлері мен көркемсурет жинақтарында сақталып, еліміздің ХХ ғасырдағы бейнелеу өнерінің тарихын зерттеуге мүмкіндік береді
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорындағы «Қария нобайы» және «Киров Қарағандыда» туындылары – суретшінің шығармашылық мұрасын өңір тарихымен сабақтастыра көрсететін құнды жұмыстар. Бұл шығармалар арқылы көрермен ХХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени өмірін, Қарағандының индустриялық орталық ретінде қалыптасуын және сол кезеңдегі бейнелеу өнерінің даму ерекшеліктерін тани алады.
Николай Иванович Крутильниковтің мұрасы – Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасу тарихының маңызды бөлігі. Оның шығармалары бүгінгі музей кеңістігінде сақталып, өткен дәуірдің көркемдік шежіресін қазіргі ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы болып отыр.
Гүлжан ЗАЙТОВА,
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің
Ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы
