Батыс Қазақстан облысында шетелде тұратын қазақтардың басын қосқан «Алтын көпір» халықаралық форумы өтті. Төрт күнге созылған ауқымды шара Қазақстан мен шетелдегі қазақ қауымдастығы арасындағы мәдени, ғылыми, білім беру және қоғамдық байланыстарды нығайтуға арналды.
Форумға Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Ресейден келген қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, ұстаздар, кәсіпкерлер, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Алтын көпір» атауының өзі форумның негізгі идеясын айқындап тұр. Ол – әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан қазақтарды тарихи Отанымен жалғайтын рухани арқау. Басқосуда ана тілін сақтау, ұлттық бірегейлік пен тарихи жадыны нығайту, салт-дәстүр мен мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ шетелдегі қазақ ұйымдарының өзара ынтымақтастығын дамыту мәселелері сөз болды.
Форумның алғашқы күндері шетелдік делегациялар Батыс Қазақстанның тарихи-мәдени орындарымен танысты. Қонақтар Бөкей Ордасы ауданына барып, Хан Ордасы ауылының тарихи орындарын, «Хан Ордасы» тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығын аралады. Жәңгір хан дәуірінің мұрасы мен Бөкей Ордасының тарихына қатысты құнды деректермен танысып, өңірдің табиғи және мәдени ерекшеліктерін тамашалады.
Ал Орал қаласында өткен негізгі форум аясында пленарлық отырыс ұйымдастырылып, шетелдегі қазақтардың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тіл – тұтастық туы» жалпыхалықтық тіл фестиваліне қатысты.
Форум барысында сөз алған Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының білім ғылым бөлімінің меңгерушісі Клара Қондыбайқызы Садырбаева шетелдегі қазақтар үшін білім мен ана тілінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Өзбекстандағы қазақ қауымы үшін Қазақстан – тарихи Отаны ғана емес, рухани тірегі, мәдениеті мен білімінің алтын діңгегі», – деді ол.
Клара Садырбаеваның айтуынша, бүгінде Өзбекстанда қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтауда білім беру ұйымдарының орны айрықша. Оның дерегінше, елде 300-ден астам қазақ мектебі жұмыс істейді.
«Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес. Мектеп – ана тілінің, ұлттық тәрбиенің, әдебиет пен мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын алтын бесігі», – деді ол.
Сондай-ақ ол Қазақстанның шетелдегі қандастарға білім алуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, Өзбекстандағы қандастардың Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алуына 2 мыңнан астам грант бөлінгенін айтып, мұндай қолдаудың жастар үшін маңызы зор екенін жеткізді.
«Білім – халықты халық ететін ең басты құндылық. Ал білімді ұрпақ – ұлттың ертеңі», – деген Клара Садырбаева Қазақстан мен Өзбекстандағы қазақ қауымының білім саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту қажеттігін айтты.
Оның пікірінше, ұстаздар мен оқушылар арасындағы тәжірибе алмасу, ортақ білім беру жобаларын іске асыру, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың заманауи әдістерін енгізу және жастардың Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігін кеңейту – алдағы кезеңдегі маңызды бағыттардың бірі.
Форумның тағы бір ерекшелігі – қатысушылардың тек мәселелерді талқылап қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, болашақ бірлескен жобаларды жоспарлауы болды. Ғылыми-зерттеу, білім беру, мәдениет, туризм және кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
«Бізді мемлекет шекарасы бөліп тұрғанымен, ортақ тарихымыз, ортақ тіліміз, ортақ мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымыз біріктіреді. Біздің міндетіміз – сол бай мұраны сақтау және оны білімді, саналы, ұлттық рухы биік жас ұрпаққа жеткізу», – деді Клара Садырбаева.
«Алтын көпір» халықаралық форумы осылайша шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына деген рухани байланысын бекемдеп, ағайын арасындағы жаңа қарым-қатынастарға жол ашты. Форум қорытындысы бойынша шетелдегі қазақ ұйымдарымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, бірлескен мәдени, ғылыми, білім беру және қоғамдық жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктері айқындалды.
«Алтын көпір» – атауы ғана емес, мәні де терең бастама. Ол шекараға қарамайтын ортақ тарихты, тілді, мәдениетті және тағдырды байланыстыратын рухани көпірдің берік болуына қызмет етеді.
Айдын УРУМБЕТОВА
