Жыл сайын қыргүйек айының басында қоғамда бір сөздің жазылуы мен айтылуына қатысты пікір қайта жаңғырады. Қазір де «Қыркүйек пе, қыргүйек пе?» деген сауал әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі жазылуы қалай болса, солай айтуды дұрыс санайды, енді бірі қазақ тілінің дыбыстық табиғатына сүйену қажет екенін алға тартады.
Шын мәнінде, бұл мәселе бір ғана сөздің төңірегіндегі пікірталас емес. Оның астарында қазақ тілінің айтылым нормасы, дыбыстық жүйесі, үндестік заңдылығы және ұлттық тілдік болмысты сақтау мәселесі жатыр. Сөздің айтылуы – кез келген тілдің өзіндік ерекшелігін танытатын маңызды құрал. Бір тілдегі сөздің дыбысталу тәсілі екінші тілдегідей болмауы мүмкін. Өйткені әр тілдің өзіне тән дыбыстық жүйесі, сөйлеу ырғағы, екпіні, дыбыстардың тіркесу заңдылықтары бар. Демек, тілдің табиғатын оның қалай жазылғанынан ғана емес, қалай айтылғанынан да танимыз.
Тілді көбіне жазу арқылы көзбен қабылдаймыз. Алайда тілдің алғашқы табиғаты – ауызша сөйлеу. Адам баласы жазуды ойлап таппай тұрып-ақ сөйлеген. Сондықтан жазу – тілдің таңбалық көрінісі болса, айтылым – тілдің табиғи өмір сүру формасы. Қазақ тілінің өзіндік әуезі де ең алдымен сөйлеу барысында байқалады. Дыбыстардың бір-біріне ықпалы, үндестік заңы, буын үйлесімі, сөз ішіндегі дыбыстардың алмасуы – осылардың бәрі қазақ тілінің табиғи айтылымын қалыптастырады. Ал сөйлеу кезінде дыбыстардың бір-біріне ықпалы нәтижесінде оның табиғи айтылымы қалыптасады. Бұл – қазақ тілінің әлсіздігі емес, керісінше, оның қалыптасқан дыбыстық заңдылығының белгісі.
Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тілдің дыбыстық табиғатына айрықша мән берген. Ол өзінің тіл туралы еңбектерінде тілдің дыбыстық жүйесін, дыбыстардың жасалуын, олардың сөз құрамындағы қызметін терең қарастырды. Байтұрсынұлы жазу тілдің табиғатына қызмет ететін құрал екенін ескеріп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келетін жазу үлгісін қалыптастыруға күш салды. Оның араб жазуын қазақ тілінің табиғатына бейімдеп, қазақтың төл дыбыстарын арнайы таңбалар арқылы беруі де осы ұстанымнан туындады. Яғни, ұлт ұстазының әліпби жасау тәжірибесінің өзінде «тіл қандай болса, жазу да соған лайық болуы керек» деген ғылыми ұстаным жатыр. Бұл ой бүгін де өзекті. Қазақ тілінің дыбыстық табиғатын ескермей, тек жазба нұсқаға сүйеніп сөйлеу тілдің өзіндік әуезін әлсіретуі мүмкін. Сондықтан Байтұрсынұлы мұрасы бізге бір маңызды қағиданы аңғартады: жазу тілдің табиғатын көрсетуі керек, ал тілдің табиғатын оның дыбыстық жүйесінсіз түсіну мүмкін емес.
Қоғамда талас тудырып жүрген «қыркүйек – қыргүйек» мәселесіне де осы тұрғыдан қараған жөн. Бұл жерде ең алдымен сөздің орфографиялық нормасы мен орфоэпиялық нормасын ажыратып алған абзал. Жазу нормасы белгілі бір сөздің қандай тұлғада таңбаланатынын көрсетеді. Ал айтылым нормасы сол сөздің ауызша сөйлеуде қандай дыбыстық сипатта жүзеге асатынын қарастырады. Жазылған сөздің дыбысталуы сөйлеу барысында белгілі бір өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл – тек қазақ тіліне тән құбылыс емес. Әр тілдің өзінің қалыптасқан айтылым ерекшеліктері бар. Оларды сақталса, тілдің табиғи механизмі сақталады. Сөзді «әріптеп» айту – айтылым нормасы емес. Бүгінде кейде сөзді қалай жазсақ, дәл солай айту үрдісі байқалады. Бұл, әсіресе, мәтінді дауыстап оқығанда анық сезіледі. Жазудағы әр таңбаны ауызша сөйлеуде жеке-жеке дыбыстау әрдайым әдеби айтылым бола бермейді. Дұрыс сөйлеу дегеніміз – сөзді «әріптеп» айту емес. Дұрыс сөйлеу – сөзді сол тілдің табиғатына сәйкес айту. Айтылым – тіл мәдениетінің маңызды көрсеткіші. Сауатты адамды тек оның қатесіз жазуынан ғана танымаймыз. Оның сөйлеуінен де тіл мәдениеті көрінеді. Сөзді дұрыс айту, дыбыстарды табиғи үндестіру, сөйлемнің ырғағын сақтау – адамның тілдік сауаттылығының бір бөлігі. Бұл әсіресе мұғалімдерге, журналистерге, дикторларға, жүргізушілерге, мемлекеттік қызметшілерге, көпшілік алдында сөз сөйлейтін мамандарға қатысты. Өйткені олардың сөйлеуі өзгеге үлгі болады. Бір мұғалімнің дұрыс айтқан сөзі – ондаған баланың тілдік дағдысына әсер етуі мүмкін. Осы орайда мектепте «сауатты жазуға» ғана емес, «сауатты айтуға» да назар аударуымыз керек.
Қазіргі тілдік орта бұрынғыдан өзгеше. Бала қазақ тілін тек мектептен немесе үйден ғана үйренбейді. Ол әлеуметтік желіден, бейнежазбадан, подкасттан, блогерлерден, түрлі цифрлық платформалардан тілдік үлгі алады.
Сондықтан бүгінгі күні қазақ тілінің дұрыс айтылымын қалыптастыруда сапалы ауызша контенттің орны ерекше. Экраннан естілген сөз бала үшін бірте-бірте қалыпты тілдік үлгіге айналады. Осы себепті қазақ тіліндегі контент жасаушылардың айтылым нормасына жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Тілдің тазалығы дегенде біз көбіне шетелдік сөздерді азайту, сөздерді дұрыс жазу, терминдерді реттеу туралы айтамыз. Бірақ тіл тазалығының тағы бір қыры бар. Ол – тілдің төл дыбыстық табиғатын сақтау. Қазақ тілін қазақша жазып, бірақ өзге тілдің дыбыстау жүйесімен айту тілдің сыртқы қабатын ғана пайдалану қаупін туғызады. Сондықтан тіл үйретуде «Қалай жазылады?» деген сұрақпен бірге «Қалай айтылады?» деген сұрақ та қатар жүруі керек. Бұл – әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды. Сөздің жаны – айтылымында. Қазақта «сөздің парқын біл», «сөз қадірін біл» деген ұғымдар бар. Өйткені халқымыз сөзді тек ақпарат жеткізетін құрал деп қабылдамаған. Сөзбен ел басқарған, сөзбен тәрбие берген, сөзбен дауды шешкен. Шешендік сөздер мен жыр-дастандарды айтқанда оның мағынасы ғана емес, ырғағы мен әуезі де тыңдаушыға әсер еткен. Бұл – қазақтың ауызша тіл мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді. Бүгінгі міндет – сол дәстүрді жаңа заманға лайық жалғастыру. Бізге сауатты жазатын ғана емес, сауатты сөйлейтін ұрпақ керек. Бізге сөздің мағынасын білетін ғана емес, оның айтылымын сезінетін ұрпақ керек.
Ол үшін мектеп оқушысы транскрипция ұғымымен таныс болу керек. Транскрипцияның негізгі артықшылығы сөздің жазылуын емес, нақты дыбысталуын көрсетуінде. Бұл, әсіресе, қазақ тілін үйренушілер мен оқушылар үшін тиімді. Бала сөздің графикалық тұлғасымен бірге оның айтылуын да көріп, есту арқылы дұрыс дағды қалыптастырады. Алдағы уақытта сөздіктер мен оқу құралдары жаңарып жатса, орфоэпиялық сөздіктерде, оқу құралдарында айтылымның транскрипциясы ескерілсе, құба-құп болар еді.
Сөздің түйіні, «Қыркүйек – қыргүйек» мәселесі бір сөздің төңірегіндегі дау болып қалмауы тиіс. Ол қоғамға қазақ тілінің айтылым нормасы туралы ойлануға мүмкіндік беретін тілдік мәселе ретінде қарастырылғаны жөн. Ғылыми негізделген норма түсіндіріліп, мектепте жүйелі оқытылса, дұрыс айтылым да біртіндеп тілдік дағдыға айналмақ.
Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді
дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі
