Конституция неліктен әр азаматқа қажет?
Конституцияны көбіне заңгерлер мен мемлекеттік органдарға ғана қажет күрделі құжат деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, ол әр адамның күнделікті өміріне тікелей қатысты. Баланың білім алуы, азаматтың еңбек етуі, отбасының тұрғын үйге қол сұғылмауы, жеке мәліметтердің қорғалуы, сотқа жүгіну мүмкіндігі, сөз бостандығы мен әлеуметтік кепілдіктердің барлығы ең алдымен Конституциядан бастау алады. Сондықтан, Негізгі Заңды білу — баптарды жаттау емес, өз құқығыңды, міндетіңді және мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін түсіну.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданды. Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысы бойынша дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы қатысып, қатысушылардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған. Бұл — елдің құқықтық дамуына қатысты шешімнің тікелей халық дауысымен қабылданғанын білдіреді. Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді, осы күннен бұрынғы Конституцияның қолданылуы тоқтатылды.
Жаңа Конституция мемлекеттің бұрыннан қалыптасқан іргелі негіздерін сақтайды. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып қала береді. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ел унитарлық мемлекет және президенттік республика ретінде бекітілген. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық пен басқару нысаны өзгермейтін конституциялық негіздер қатарына енгізілді.
Негізгі Заңның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы, Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң және тәртіп» қағидаты, қоғамдық бірлік, білім, ғылым, инновация, мәдениет және табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтары айқын көрсетілген. Бұл тұжырымдар жай ғана саяси ұран емес. Олар заң шығарушының, Үкіметтің, соттың және жергілікті органдардың шешімдеріне бағыт беретін конституциялық бағдар болуы тиіс.
Конституцияның ең маңызды құқықтық мәні — оның жоғары заңдық күші және бүкіл ел аумағында тікелей қолданылуы. Кез келген заң, қаулы немесе мемлекеттік органның шешімі Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Азамат өз құқығын қорғағанда Негізгі Заңның нормаларына тікелей сүйене алады. Ал құқықтар мен міндеттерге қатысты нормативтік акт ресми жарияланбаса, оны қолдануға болмайды.
Адам құқықтары жаңа мазмұнмен толықты.
Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қызметін айқындайтын өзек ретінде белгіленген. Құқықтар әркімге туғаннан тиесілі, ажырамайды және олардан ешкім айыра алмайды. Заң мен сот алдында бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік немесе мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе өзге мән-жайларға байланысты кемсітуге жол берілмейді.
Қазіргі заман үшін айрықша маңызды жаңалықтың бірі — жеке өмір мен дербес деректерді цифрлық ортада қорғаудың нақты көрсетілуі. Конституция жеке және отбасылық құпияны, сондай-ақ дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану кезінде қорғауға кепілдік береді. Бұл норма азаматтың телефонындағы мәліметтен бастап мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен интернет-платформалардағы деректерге дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі сақталған. Әркім заңмен тыйым салынбаған тәсілдер арқылы ақпарат алуға және таратуға құқылы, цензураға тыйым салынады. Сонымен қатар, сөз бостандығы басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, қоғамның адамгершілігіне және қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеуге тиіс. Демек, еркіндік жауапкершілікпен қатар жүреді.
Әлеуметтік құқықтар да күнделікті өмір тұрғысынан маңызды. Конституция еңбек ету және мамандықты еркін таңдау құқығын, қауіпсіз еңбек жағдайын, кемсітусіз еңбекақы алуды, демалысты және әлеуметтік қорғауды бекітеді. Азаматтарға ең төменгі жалақы мен зейнетақыға, жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі. Денсаулық сақтау мен білім алу құқықтары да конституциялық деңгейде қорғалады.
Құқықпен бірге міндет те бар. Әр адам Конституция мен заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Азаматтар табиғатты қорғауға, тарихи және мәдени мұраны сақтауға, Отанды қорғауға тиіс. Заңды түрде белгіленген салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеу де ортақ жауапкершілік саналады.
Мемлекеттік билік қалай жаңарды?
Жаңа Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын сақтай отырып, заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының бөлінуі мен өзара іс-қимылын бекітеді. Халық — мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі. Ол билігін референдум мен еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ өз өкілеттігін мемлекеттік органдарға береді. Осы қағида кез келген мемлекеттік институттың түпкі міндеті халық мүддесіне қызмет ету екенін көрсетеді.
Президент мемлекет басшысы және елдің ең жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады. Ол ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, Конституцияның, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі болады. Президент жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жеті жылға сайланады. Бір адам Президент болып бір реттен артық сайлана алмайды. Бұл ереже өзгермейтін конституциялық кепілдіктердің бірі ретінде бекітілген.
Жаңа мемлекеттік институт — Вице-Президент лауазымы. Вице-Президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды халықаралық қатынастарда таныстырады, Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, сондай-ақ басқа да тапсырмаларды орындайды. Бұл лауазым мемлекеттік басқарудағы сабақтастық пен үйлесімділікті күшейтуге бағытталған.
Заң шығару билігін енді Құрылтай жүзеге асырады. Ол республиканың бүкіл халқының атынан өкілдік ететін жоғары өкілді орган. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жылға сайланады. Бір палаталы құрылым заң жобаларын қарау мен қоғамдық жауапкершілікті айқынырақ етуге мүмкіндік береді. Заңдар Құрылтайда қабылданып, Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
Құрылтай Үкіметті қалыптастыруға және оның қызметін бақылауға қатысады: Премьер-Министрдің кандидатурасына келісім береді, республикалық бюджетті бекітеді, Үкімет есебін қарайды, қажет болған жағдайда сенімсіздік білдіре алады. Осы өкілеттіктер өкілді органның заң шығарумен ғана шектелмей, атқарушы биліктің қоғам алдындағы есептілігіне ықпал ететінін білдіреді.
Халық үні мен құқық қорғау тетіктері.
Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебе алуы — жаңа құрылымның елеулі ерекшелігі. Ол Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде белгіленді. Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақ мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сонымен бірге оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу және республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығы бар.
Бұл органның маңызы — азаматтық қоғамның ой-пікірін мемлекеттік шешімдермен байланыстыратын арна қалыптастыруында. Дегенмен оның тиімділігі тек атауына емес, құрамын қалыптастыру тәртібіне, ашықтығына, қоғамдық өкілдіктің шынайылығына және ұсыныстарының қалай қаралатынына байланысты болады. Сондықтан конституциялық қағидаларды нақтылайтын заңдардың сапасы айрықша мәнге ие.
Конституциялық Сот Конституцияның бүкіл ел аумағындағы үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган ретінде бекітілді. Ең бастысы, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш бере алады. Егер акт немесе оның жекелеген нормасы Конституцияға сәйкес емес деп танылса, ол қолданылуын тоқтатады.
Сот билігінің негізгі мақсаты — адамның, азаматтың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Судья тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Сот қызметіне араласуға жол берілмейді. Ұстау, қамау, кінәсіздік презумпциясы, білікті заң көмегін алу, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартпау сияқты кепілдіктер адамның мемлекетпен құқықтық қатынасындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және адвокатура да құқық қорғау тетіктерінің бір жүйесінде көрсетілген. Прокуратура мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау жасайды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Уәкіл бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдеседі, ал адвокатура әркімнің білікті заң көмегіне қол жеткізуіне қызмет етеді.
Конституцияны білу — құқықтық мәдениеттің бастауы
Жаңа Конституция табиғат пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке ерекше назар аударады. Табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп белгіленіп, оларды халық атынан иелену құқығын мемлекет жүзеге асырады. Азаматтардың табиғатты сақтауға міндетті болуы және мемлекеттің өмір мен денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етуі экологиялық саясаттың конституциялық негізін күшейтеді.
Білім, ғылым, инновация және адами капитал мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танылды. Бұл норманың мәні — білім беруді тек әлеуметтік қызмет деп емес, елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі деп қабылдау. Мемлекеттік шешімдер жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылымның дамуына, жаңа технологияларды игеруге және азаматтардың әлеуетін ашуға жағдай жасауға бағытталуға тиіс.
Жергілікті өзін-өзі басқару тұрғындардың жергілікті маңызы бар мәселелерді дербес шешу мүмкіндігін білдіреді. Ол халықтың тікелей қатысуы, мәслихаттар және өзге де жергілікті органдар арқылы жүзеге асырылады. Конституциялық кепілдік нақты өмірде ауылдың, ауданның немесе қаланың бюджеті, абаттандырылуы, инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелері жөніндегі шешімдерге тұрғындардың ықпалын арттыруы қажет.
Конституцияның қабылдануы құқықтық жаңарудың аяқталғанын емес, жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Ендігі міндет — заңдар мен мемлекеттік органдардың жұмысын оның талаптарына сәйкестендіру. Негізгі Заңдағы әрбір кепілдік салалық заңдарда, мемлекеттік қызмет көрсету сапасында, әділ сот тәжірибесінде және лауазымды адамдардың күнделікті шешімдерінде көрініс табуға тиіс.
Азамат үшін Конституцияны оқу — өзінің мемлекеттегі орнын түсінудің ең қысқа жолы. Құқығын білген адам заңсыз талапқа қарсылық білдіре алады, мемлекеттік органнан негізді жауап сұрайды, сотқа немесе Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігін пайдаланады. Міндетін білген адам өзгенің құқығын құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Осы екі ұстаным — құқық пен жауапкершіліктің бірлігі — заң үстемдігі орныққан қоғамның негізі.
Жаңа Конституция елдің болашақ бағытын айқындайтын ортақ құқықтық келісім болып табылады. Оның шынайы күші мәтіннің өзінде ғана емес, нормалардың адал орындалуында, биліктің есептілігінде және азаматтардың белсенді құқықтық ұстанымында. Негізгі Заңды құрметтеу — мемлекетті құрметтеу, ал оны білу — өз қадір-қасиетің мен еркіндігіңді қорғау.
Мақала Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында жарияланған Конституция мәтіні және Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының 2026 жылғы 17 наурыздағы № 12/24 қаулысы негізінде әзірленді.
А.Т.КАБЖАНОВ,
з.ғ.к., профессор, «Bolashaq» академиясының құқықтық және қаржылық кафедрасының меңгерушісі
А.Т.ЖАКЫП-ЖАН,
з.ғ.м., аға оқытушы
А.К.АХМЕТОВА,
з.ғ.м., аға оқытушы
