ҚАЛАМЫ МЕН ҚАРУЫН ҚАТАР ҰСТАҒАН МАЙДАНГЕР

Түйіндеме. Мақалада Қарқаралы өңірінің тумасы ақын-жазушы, кәсіби лингвист, Ұлы Отан соғысының майдангері, фашистер жаулап алған Польша жерін босатуда, жанын беріп, мерт болған – Аймұханов жөнінде айтылады. Сонымен қатар, жазушының 1941 жылы латын графикасында «Әдебиет және искусство» журналына жарияланған 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбына арналған «1916 жылғы көтеріліс және поэзия» атты еңбегі жөнінде талдаулары берілген.

Кілт сөздер: Қарқаралы, майдангер, соғыс, әдебиет, поэзия, жыр, ақын, тарих, шығарма, Амангелді Иманов, Торғай, Торайғыр қамалы.

1941-1945 жылдары Батыс Еуропаны жаулаған фашизм, зұлмат соғыс ашып, дөңгеленген дүниені дүр сілкіндірді. Бұл жайт бүкіл қос құрлықтың 1\6 жерін иеленіп жатқан совет елінің шырт ұйқысын бұзып, аш бөрідей ауызын ашып, тісімен тыныш жатқан жұрттың етегіне батырып, күш көрсеткені – әлемге әйгілі.

Қарсы тұрған ел, тыныштықтың қадір-қасиетін ұлықтау үшін, білетін өсиеттерін алға тартып, жеңіс жолына жанын қиған арда азаматтар, – біздердің ақын әкелеріміз, қаламгер жазушы ағаларымыз еді.

Соның бір айғағы мен дәйегі, біздің бүгін айтар сөзімізге тиек болып тұрған, соғыс жауынгері, фашистердің жаулап алған Польша жерін босатуда, жанын беріп, мерт болған майдангер, ақын-жазушы, кәсіби лингвист – Аймұханов Сансызбай Айтмұханұлы әдебиеттің қырын қырлап, сырын сырлап тұрған сері жастық шағында, бақилық ғұмырға кез болған.

Жастайынан өніп, өскен жері, ардақты Қарқаралы аудан өңірінің, Бесоба ауылы, Қоңыртөбе тауының баурайындағы бабаларымыздың кіндік қаны тамған Қамқор (№17 ауыл) жері болып аталады.

Жетімдікті жасынан сезінген Сансызбай, қолы ауызына жетіп, аяқ-басы нықтанып, тілі сөзбен өрнектеліп, баланың  ерекше мінез-құлқын біліп, білімге құштарлығын байқаған әкесі Мұстафаұлы Айтмұхан – өңірде белгілі, ағартушы, білімгер молданың қолынан ілім татқызып, қалам ұстатып, араб, латын тілін толық игеріп ер жетеді екен.

Сол арада өзін ерекше сезінген Сансызбай (1935 жылы 20 жаста), алыстан (Алматы) келген жерлесіміз, білімгер адам Бейсембай Молдыбеков жан-жағын байқап, зейін қойып, көзіне түскен  ағамызды білім алуға астанаға тартады.

Сәті түсіп, келесі жылы (1936 ж.) Алматыдағы Абай Құнанбаев атындағы қазақ педагогикалық институтының, қазақ тілі және әдебиеті факультетіне түседі. Кейіннен бізге белгілі болған жағдаймен, кезіндегі әріптес, бірге оқыған курстас-студент досы, білімін жаңғыртып, академик атанып, ҚазССР академиясының корреспондент-мүшесі болған.

1 сурет. Аймұханов Сансызбай Айтмұханұлы

Ахмади Искаковпен, мен Алматыдағы академия үйлерінің маңында, ағаштары биік өскен көшелерін аралап, қатар тұрған орындықтарда жиі демалып, денсаулығына байланысты сирек кездессек те, ғалым ағамен біраз тілдескен едім (авт. Серік Мұстафин, 1987-1988 ж.ж.).

Бір естен кетпейтін қасиетті әңгімеде, ғалым ағамыз Ахмади Искаков айтқандай, «оқу барысында мен тілге ие болсам, Сансызбай әдебиетке жақын болған еді, — деді. Ахмади Искаков соғыс кезінде Мәскеуде оқып, қазақ тілі сөздігінің жүйесін құрып, маман ретінде қажеттілігін көрсетіп, ғылымын танып жатқанда, білім алысын байқаған үкімет, әскер қатарына бармау үшін «бронь» (шектеу) салыпты. Ал, Сансызбай жөнінде сөзін тұжырымдаған ғалым ағамыз көз көргендігін айтып, маған айтқан пікірінде, Иоганн Вольфганг фон Гете, Ги Де Мопассан, Мигель де Сервантес, Оноре де Бальзак, Жюль Верн, т.б. ғұлама авторлардың шығармаларын оқып, өзін дамытуға жол салғанын байқауға болады деген. Сонымен қатар, қазақ тарихының әлеумет нышандарын жеткізуде (жыр, өлең, лирика мен поэзия)  жанрын жақтап өскені байқалады деп, мақтанышпен айтқан болатын.

Сансызбай ағамыз ойы мен қаламына жақын болған баспа әдебиеттерін, ақпарат көздерін, солардың біразы, 1926-1941 жж. дейін латын графикасында жарық көргені белгілі, оның ішінде қаламы қалаған қазақ журналы «Әдебиет және искусство» (1939-1941 жж., журнал редакторы Әлжаппар Әбішев), Сансызбайдың қысқа да, нұсқа ғұмырына тарап, тілеулес болып мұқалмай, ұшталған қалам үшімен, поэзия мен әлеуметтік әуенін жаратқан дәуірі, өткен тарихи кезеңі еді, ол – 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы еді.

Мән мағынасын белгілеп, «хамзат» шығармасындай бесеу болмаса да, екі әдеби шолуы Сансызбайдың қолынан шығып, журнал бетіне жатқанша да, талай қараудан өткен тәрізді. «1916 жылғы көтеріліс және поэзия» деп аталатын шығармасын Сансызбай Айтмұханов «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы №2 санында жария еткен болатын.

Менің іздеуіммен бұл журналды 1987-1988 жылдар аралығында бірінші А.С.Пушкин кітапханасынан, кейіннен Қазақ ССР ғылым Академиясының кітапханасынан көшірмесін алып, елге әкеліп, тек 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына орай, арнайы шара өткізіп, латын графикасымен жазылған екі шығарманы, қазақ тіліндегі сөз мәтіндеріне аударып, жарыққа шығардық. Жарыққа шығаруға көмек көрсеткендер Бесоба орта мектебінің директоры Рысжан Ағыбай, тарих пәні мұғалімі Тұрсын Әшірбек, ИПК директоры Сәбит Қонтаев,  аға мұғалім Ғазиза Смағұлова, әдіскер Салтанат Ильяшева болды және редакция мүшелері қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, осы тақырыпта Бесоба орта мектебінің оқушылары арасында шығармашылық сайыс өтіп, жеңімпаздары марапатталды. Бұл шара облыс деңгейінде қаралып, мемлекеттік мекеме жоспарына сәйкес өткені белгілі.

1916 жылғы көтеріліс және поэзия (латын графикасымен жазылған шығарманың аудармасы…).

Міне, бұл сияқты зиянды пікірден құтылатын уақыт келіп, өткен замандағы халықтың ерлігіне көз салатын, оған дұрыс баға беретін уақыт жетті. Біздің бұл жерде айтайық

2 сурет. С.Айтмұхановтың «Әдебиет және искусство»

журналының  1941 ж. №2 санында жарияланған

«1916 жылғы көтеріліс және поэзия» атты мақаласы

 

дегеніміз 1916 жылғы қозғалыс жаңа онан бұрынғы күрестер кездейсоқ ұшқын сияқты мардымсыз себептерден пайда болған нәрсе емес, ұзақ дәуірге созылған халықтың үздіксіз күресінің, күшейген қайнаған кектің кезеңі туып, жалындай сыртқа теуіп шыққан түрі.

1916 жылғы көтеріліс қазақ даласында болған ұлт бостандығы үшін күрестің биік бір белесі болды. Ұлт бостандығына құлаш сермеген қозғалыс, өзінің мінезді қозғаушы күші, алға қойған мақсаты жағынан алып қарағанда, 1916 жылғы қозғалыс пен Исатай мен Махамбет көтерілісінің арасында толып жатқан тарихи өзгешеліктер бар:

  1. 1916 жылғы көтеріліс қазақтың еңбекші бұқарасының патшаға, жаңа эксплуататор топтарға қарсы ұлт бостандығы үшін күрестің үшінші этапы, капиталистік жүйенің шіріген имперализм сатысына жеткен жұмысшылар қозғалысының күшейіп пролетариат тобы шаруаларға гегемон бола алатын дәуірдегі күрес, сондықтан бұл қозғалыс әрі халықаралық империализмге қарсы, империалистік соғысқа қарсы күрес.
  2. Бұдан бұрын патша өкіметі бұратана ұлттарды бір-бірімен жауластырып, араларына от жағып, соның арқасында өзіне жеңілдік туғызса, 1905 ж. революцияның, жұмысшылар қозғалысының жері мен оң саясаты іске аспай қалады. Патша өкіметінің ұлт араздығын қоздыру үшін жасаған бағыты халыққа наразылық туғызғаннан басқа ешқандай пайда бермеді.

3.1916 жылғы көтерілістің бір жағы қалың еңбекші бұқараның, шаруалардың көтерілісі болса, екінші жағынан мұнда саналы басшылықтың элементі бар. Бұл көтеріліске Спасск, Қарағанды, Нілді, Екібас сияқты өндіріс орындарының, теміржолдың жұмысшылары патшаның жарлығы шығысымен өндірісті тастап елге барып көтеріліске қатынасты. Мұнымен қатар осы тарихи жағдайға байланысты бұрынғы Исатай, Махамбет, Кенесары, Бекет сықылды шаруа көтерілісінің басшыларының орнына қазақ жерлерінде саналы саяси күресшілерді туғызды. 1905 ж. революция аяқтандырған басшылар пайда болады. 1916 жылғы көтерілістің басшылары теп-тегіс Амангелдідей болмаса да, олардың бірқатар санасы оянған, 1905 ж. революция, жұмысшылар қозғалысы, большевиктік агитация әсер өткен адамдар болды.

Міне, 1916 жылғы көтерілістің бұл сияқты тарихи өзгешеліктері әдебиетімізге, халық ақындарына әсер етпей қалған жоқ. Бұл өзгешеліктері, халықтың ой-сипатының өзгерістері осы кездегі өлең, поэмалардан көрініп отырады. Осыған байланысты 1916 жылы қазақ әдебиетінің тарихынан өзгеше орын алады.

Басқа мәдениетті елдердің көркем әдебиеті атқарған тарихи міндеттерді фольклор өзі мойнына алып, оны ойдағыдай орындап отырды. Қазақ фольклоры кесек-кесек дүние әдебиетінің қатарынан киелі орын алатын даналық мұралар қалдырды, бұған «Қобыланды», «Тарлан», «Сайын», «Алпамыс», «Қамбар», «Орақ-Мамай», «Қарасай Қазы», «Едіге батыр» сияқты батырлар жыры мен тарихи эпостар, «Қозы Көрпеш», «Қыз Жібек», «Ханшайым» сияқты лирикалық эпостар жатады; бұл поэмаларда ең асыл қиялдар жасаған адамның  ардақты үмітін аманатқа алған тамаша геройлық образдар, адамды таң қалдырарлықтай күмістей таза, семсердей өткір көркемсөз байлықтары бар. Сұлу тұлғалар, дана ойлар толық дәлел. Осылардың бәрі де тарихи ұлы кезеңдердің жемісі, жүздеген мыңдаған жыл ішкі, тысқы жауларына қарсы күрескен халықтың геройлық өмірінің айнасы. Осы сияқты асыл мұраларымыз әрқашан да тарихымыздағы болған қозғалыс, күрестерді үнемі дайындап отырды. Халықтың өзі жасаған осы сияқты эпостар, адамның сезіміне әсер еткен лирикалық жырлар халықты қай уақытта болсын күреске шақырды. Халықты мойымас мықты қарумен жауына қарсы қаруландырды. Қобыланды, Орақ-Мамай сынды ерлердің қалпы мен үлгісі талай батырларды тәрбиеледі. «Қобланды», «Ер сайын», «Ер тарғын», «Қамбар батыр», «Орақ -Мамай» тағы сол сияқты ондаған геройлық эпостар халықтың ерлік, батырлық, отанын, халықты қорғау, ел-жұрты үшін жанын құрбан ету адамның ең басты қасиеті болған заманда, халықтың басына ауыр кезең туып, тар заманға кездескенде, жау елді жетім-жесір еткенде, еліне пана болған ерлерді мадақтайтын әдебиет мұралары болды. Бұлардың ең басты қасиеті Отанға деген махабатты дәріптеу болды. Отан, халық намысы – бұл поэмаларда ең үлкен идея етіп қойылды.

Халықтың осы мұралары 1916 ж. поэзиясынан аса бай, көрнекті орын алды, қазақ еңбекшілерінің санасын оятты, ұлттық бірлікке күреске шақырды.

1916 ж. жаужүрек қазақ халқы ғасырлар бойы қолынан тастамай келе жатқан тарихи күрес туын тағы да көтерді де, қос айылды төстен тартып атқа мінді. Бұл жолы елді өрлікке бастаған Амангелді, Бекболат, Ақкөз батырларға, халық әдебиетінде үлгі болып келе жатқан Орақ-Мамай, Қобыландының ерлік бейнелері үлгі болды.

Халық әдебиетіндегі, фольклорымыздағы халық ақындары мен  жыршыларымыздың жасаған ерлік образдары, сол образдар турасындағы көп өлең, поэмалар ғасырлар бойы өмір сүреді. Ал Амангелді жайындағы өлең -жырлар да сансыз ғасыр бойы жоғалмақ емес.

Біріншіден, бұлар Амангелдінің батырлығын, ерлігін ең бірінші дәріптеуші, оның образын бірінші рет жасап халыққа таныстырушы шығармалар.

Екіншіден, Амангелді туралы мұнда көп тарихи фактілер бар, ол фактілер көп жерлерде бұрмаланбай, болған күйінде айтылады, сондықтан бұл шығармалар тек көркемдік жағынан ғана емес, тарихи жағынан да аса құнды.

Үшіншіден, бұл поэма мен өлеңдер Амангелді мен халықтың байланысын, батырға деген халықтың көзқарасы мен сенімін, Амангелдінің байшыл ұлтшылдарға көзқарасын, «Алаш орда» мен екі ортадағы күресті толық көрсетеді.

Төртіншіден, мұнда кірген өлең мен поэмалар әрқайсысы әр уақытта жазылғандықтан қозғалыс күрес үстінде революцияшыл көзқарастарға ие болған халықты, оның санасының күрес үстінде өсіп отырғандығын көрсетеді.

Бесіншіден, бұл шығармалар батырды халыққа кеңінен таныстырып, ол образдың әлде ілгері дамып өрбуіне мүмкіндік туғызады. Бұл шығармалардағы шындық – мұндағы Амангелдінің образы болашақ геройды дүниеге келтіретін эпопеяның дәні.

Амангелді Иманов патша үкіметінің отаршылдық саясатына, жергілікті байлардың қанауына қарсы күресті ерте бастады. Ол саналы және табанды күреске қарай, әсіресе 1905 жылғы революциядан кейін бет бұрады. Амангелдінің есейіп жігіт болған кезі жайлы ақын Сүлеймен Садуақасов былай деп жазады:

«Жасынан Амангелді қалған жетім,

Көрсеткен жасынан-ақ қасиетін.

Заманы жауыздардың тұрған кезде-ақ,

Байлардың алушы еді берекетін.

Қайрат қып Амангелді жүрді заулап,

Секілді жолбарыстай омыраулап.

Жанына 15 — 20 жігіт ертіп,

Жүруші ед қол ішінде гүл-гүл жайнап.

Амангелдінің атасы Иман Кенесарының белгілі батырларының бірі болды, ол өмір бойы патшаға қарсы күресумен өтеді. Сондықтан да Амангелдінің әкесі батырдың бала кезінде көп қуғын көреді. Амангелді жылдан жылға өрлеп өсе береді, жолбарыстай күшті де, сөзге шешен — алғыр, өте айбынды жігіт болып өседі.

Отыз жасқа келгенде,

Батыр келді жолынан.

Арыстандай ақырып,

Отыз бір мен он тоғыз.

Қайдасың деп шақырып,

Кәмшат бөрік басында,

Күрең қасқа ат астында,

Өзімен бірге жан жолдас.

Байбөріден Молдабек,

Тап сол күні қасында.

Алғашқы кезде сасып қалған жұрт Амангелдіге келді. Батыр көтеріліске шығуға жар салды. Бастарына ауыр қайғы орнаған халық еңіреп егілді. Батыр қамыққан елге қайрат беріп, халықтың қанаты жастардың көңілін сергітіп сөз сөйледі:

Зарығып жыламаңдар деді халық,

Немене тұрғандарың естен танып.

Қол қойған қатын патша заманында,

Қазақтан тұрмақ емес солдат алып,

Жылама бекер текке бола, қатын

Сен едің кедей табы қол қанатым.

Патшамен қарсы болған Иман атам,

Кез емес енді маған тек жататын.     (Омар Шипин)

Амангелді елге келгеннен кейін қарап жатпайды, ауыл-ауылды аралап сарбаз ұйымдастыра бастайды. Кедейлер Амангелдінің соңынан ереді. Амангелдіге ерікті береді.

Жиналды тілін алып жұрттың бәрі,

Қалмастан тегіс кедей жас пен кәрі.

Жұрт қамын өзің батыр ойла дейді,

Батырға осы болды көптің зары.    (Омар Шипин)

1918 ж. қыркүйек айының бас кезінде Торғай қаласында, Торғайдың генерал губернаторы Эвресман ақсақалдар мен елдің «қадірлі» адамдарын жинап мәжіліс құрады. Мәжіліске Амангелді келіп, көп алдында тайсалмай былай деп сөз сөйледі:

«Біздей көр әкім болсаң тірі жанды,

Баласын кедейлердің бере алмаймын.

Ағызбай ат бауырынан қызыл қанды».  (Омар Шипин)

Амангелді Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Атбасар, Қызылорда уездерінде көтерілген елдерге адамдар жіберіп патшаға қарсы бірігіп соғысуға шақырады. Қыркүйектің бас кезінде жазалаушы отрядпен соғыста Амангелді жеңіп, патша әскерін кейін шегіндірді.  Сонан кейін қазан айында Амангелдінің сарбаздары Торғайды қамап алып, үлкен соғыс болды. Соғыста батыр үнемі майданның алдында өзі жүрді, қамалға өзі бастап кіреді.

Амангелдінің Торғайдағы соғыстарына арналған «Құмкешуде», «Амангелді» деген өлең-поэмаларда батыр тамаша көрсетілген. Бұлардың қай-қайсысында болсын Амангелдінің ерлігі толық сипатталған. Мысалы:

«Оқ жыландай ысқырған

Жалын шашқан ышқынған

Үңірейген мылтық аузына,

Ат қойды көп іркілмей.

Шашақтай найза желкілдей,

Ақ сойылдар сартылдап.

Амангелді алдында,

Атылған оққа жарқылдап.

Қарамастан айқайлай,

Ермеген оған жан болмай.

Көп көшені шаңдатты»….. дейді.

Жамбыл өзінің «Сұраншы батыр» атты поэмасында:

Ойласам сөзім шежіре қиял желі,

Өтеді көз алдымнан тарих белі.

Толғанса батырлардың батыр ісін,

Қолданады сонда Жамбыл сөйлегелі — дейді ғой.

Сондай-ақ батырлар жөнінде сөйлегенде қанатын қырандай қомдап, қиялы шарықтап, сөз нөсері судай таситын Жамбылдың толып жатқан шәкірттері бар. Бұл халық ақындарына мирас болған ұлы мұраның бірі. Біздің халық ақындарымыздың халық геройларын жырлағанда жазғы күндей жадырап, кешкі самалдай есе жөнелетін қасиеті де осында.

Міне сол сияқты бұл жинақ 1916 жылғы көтеріліс туралы халық поэзиясының ең шынары, тұңғиықтағы тұнығы батыр Амангелдіге арналды.

Батыр бол балаларым бәріңдағы,

Тап берген дұшпан иттің сынсын сағы.

Семсерін Амангелді тот баспасын,

Ел қорға ұлы күннің туса шағы.   (Жамбыл Жабаев)

Қазақ еңбекшілеріне соққы үстіне соққы болып, әлемге әйгілі үйен жарлығы шығады. Елдің бетке ұстаған боздағы 19 бен 31 жас арасындағы жастарды соғыс қызметіне алу хабары халықты күңірентеді. Кеудесін ыза кернеп, ашуы шыңына жеткен халық төбесінен жайдың оғы түскендей болады, дала аласапыран болып халық дуылдай көтеріледі.

Он алтыншы жылында,

Жиырма алтыншы үйенде.

Даланы қара бұлт басты,

Жым-жырт жатқан сақыра.

Зілді кезең кездесіп,

Кәрі жастан сұр қашты.

Жарлығы шығып патшаның,

Ел сенделді, ер састы,

Ежелгі кек оянып,

Көтеріліп жұрт дуласты — деп ақын поэманы халықтың басына орнаған ауыр күн «зілді кезеңді» суреттеуден бастайды.

Сонымен, қорыта келгенде айтатынымыз: 1916 жылғы поэзия жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінің де көп қасиеттерін өзінің бойына сіңірген халықтың жалпы күшінің, оның ішкі дүниесінің, психологиясының айнасы боларлық әдебиет мұрасы. 1916 жылғы поэзия ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиетіндегі демократиялық ағымның белгілі өскен кезеңін көрсететін, іштей қарсылықпен күрестің сыртқа шыққан түрі.

1916 жылғы поэзия, ондағы жеке шығармалардың өзі зерттеуді, әлі де көп талдауды керек қылады, деп жазады негізгі автор иесі Сансызбай Айтмұханов. Поэма жырына, оның әдеби толқынымен бірге ескек тартқан Сансызбай ағамыз, қалам ізін нақты көрсетіп, жетік ұстанымын білдірген жан болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Әдебиет және исскусство» журналы, «1916 жылғы көтеріліс және поэзия», автор – Айтмұханов Сансызбай, 1941 ж., №2, 105-116 бет.
  2. «Ұрпақтар есінде…», кітап, (Жеңіске 60 жыл), «1916 жылғы көтеріліс және поэзия», (14-36 бет), С. Айтмұханов, аударма авторы Тұрсын Әшірбек, редакция мүшелері: Сабит Қонтаев, Серік Мұстафин, Ғазиза Смағұлова, Рысты Ағыбай.
  3. «Қойын дәптер шерткен сыр» (1943-1948 ж.ж.), авт.Ағыбай Рысжан, (Жеңіске 80 жыл), «Ғасыр аға Мади Ағыбайұлының рухына», 92-108 бет., ТипТОО «Тengri LTD», – 2024 ж.
  4. «Орталық Қазақстан» газеті, «Аталар ерлігі ұрпаққа үлгі». – 3.05.2005ж. №88 (19756)
  5. «Өзгеріс-Перемена» газеті, «Ұлы Жеңіске – 60 жыл». – 16.02.2005 ж. №3 (137)
  6. «Өзгеріс-Перемена» газеті, Жақсының аты өшпейді «Ұрпақтар есінде» — 16.03.2005 ж. №5 (139)
  7. Қарағанды облысы білім департаменті, бұйрық – «Шығармалар байқауының Комиссисын тағайындау». – 31 қаңтар, 2005 ж.
  8. «Өзгеріс-Перемена» газеті, «Атам жайлы толғанам», Д. Ахметова. – 15.04.2010 ж. №4 (217).

 

Аннотация. В статье рассказывается об Аймуханове Сансызбае Айтмуханулы, уроженце Каркаралинского района, поэте-писателе, профессиональном лингвисте, фронтовике Великой Отечественной войны, погибшем при освобождении оккупированной фашистами Польши. Кроме того, дан анализ произведений писателя «Восстание 1916 года и поэзия» на тему Казахского национально-освободительного движения 1916 года, опубликованного на латинице в журнале «Литература и искусство» в 1941 году.

Annotation. The article tells the story of Sanzysbai Aitmukhanuly Aymukhanov, a native of the Karkaraly district — a poet, writer, professional linguist, and World War II veteran who died during the liberation of Nazi-occupied Poland. Additionally, the article provides an analysis of his work “The Uprising of 1916 and Poetry”, which addresses the Kazakh National Liberation Movement of 1916 and was published in Latin script in the journal Literature and Art in 1941.

 

Мұстафин Серік Хамзаұлы

Қоғам қайраткері, саясаттанушы