Тәрбие – тал бесіктен

Бала тәрбиесі баланың сабағын қадағалап, қолына кітап ұстатумен ғана шектелмейді. Тәрбие дегеніміз – баланың бойына мінез, ұят, ар, намыс, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді адамдық қасиеттерді сіңіру. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Бала көбіне айтқан ақылыңнан бұрын, күнделікті көрген ісіңнен өнеге алады. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде баланың орны ерекше болған. Бесік жыры, бата беру, ат қою, тұсаукесер, шілдехана секілді салттардың әрқайсысында тәрбиелік мән жатыр. Мәселен, тұсаукесердегі ала жіп «біреудің ала жібін аттама» деген ұғыммен астасады. Яғни қазақ баласына адалдықты тек сөзбен емес, салт арқылы да ұқтырған. Үлкеннің батасын алу арқылы бала ізгі тілек пен ақ жолдың қадірін білген.

Абайдың бала тәрбиесіне қатысты ойлары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ұлы ойшыл 38 қара сөзінде ғылым мен білімді махаббатпен іздеудің мәнін айтады. Абай адам бойындағы талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым секілді қасиеттерді жоғары бағалаған. Балаға «жақсы оқы» деу бір бөлек, оның білімге деген қызығушылығын ояту бір бөлек. Ал Ахмет Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деген сөзі ата-ананың жауапкершілігін айқын көрсетеді. Балаға үнемі бұйрық беріп, оның ойын тыңдамай тәрбиелеу мен саналы азамат қалыптастырудың арасы жер мен көктей. Ұлт ұстазы «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал» деген. Бұл сөздің бүгінгі ата-анаға да айтары бар. Тәрбие көп ақылдан емес, жүйелі әрекеттен басталады.

Қазіргі бала ақпараттың ортасында өсіп келеді. Телефоннан бір күнде көретін дүниесі кейде ата-анасының бір аптада айтатын ақылынан да көп болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі ата-анаға «телефонды қой» деу жеткіліксіз. Баланың не көріп жүргенін түсіну, неге қызығатынын білу, қажет кезде бірге талқылау маңызды. Ұлттық тәрбие де баланы өткеннің ішінде ұстап қою емес. Керісінше, тамырын таныған ұрпақтың заманға бейімделуі. Домбыраның үнін білетін, ана тілін қадірлейтін, үлкеннің батасын алған бала заманауи технологияны да меңгере алады. Ұлттық тәрбие мен заманауи білім бір-біріне қарсы емес. Бірі тамыр болса, бірі қанат.

Осы бағытта білім беру жүйесінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламада адалдық, еңбекқорлық, отаншылдық, жауапкершілік секілді құндылықтарды қалыптастыруға және мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтуге мән берілген. Бірақ қандай бағдарлама қабылданса да, тәрбиенің ең үлкен мектебі отбасы болып қала береді. Мектеп баланың білімін толықтырады, қоғам оның азаматтық болмысын қалыптастырады, ал отбасы оның алғашқы мінезін қалыптайды. Үйде үлкенге дауыс көтерілсе, бала құрметті кітаптан үйренбейді. Үйде еңбек бағаланбаса, бала еңбектің қадірін сөзден ұқпайды. Үйде өтірікке жол берілсе, адалдық туралы айтылған жүз ақылдың салмағы жеңілдейді.

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Мұнда баланың ата-анадан тек кәсіп емес, өмірлік дағды мен мінез үйренетіні жатыр. Сондықтан балаға қалдыратын ең қымбат мұра дүние емес, дұрыс тәрбие. Ұлттың ертеңін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол бүгінгі үйдің төрінде отырған баланың сөзінен, мектептегі оқушының ісінен, ата-ананың тәрбиесінен көрінеді. Абай айтқан «Адам бол» деген ұлы талаптың мәні де осында. Балаға білім беру жеткіліксіз, оған адамдықтың жолын көрсету керек. Тәрбиелі ұрпақ бар жерде ұлттың рухы өлмейді.

Лаура АНАФИНА,

Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатының директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары