Ақадырдағы жасыл бастама

Өткен аптаның соңында Ақадыр кентінде елдің еңсесін тіктейтін, табиғат пен адам арасындағы үндестікті арттыратын тағылымды да таза бастама жүзеге асты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде болашақта ел игілігіне айналатын жаңа саябақ аумағында «Тал ек, табиғатты аяла» атты кең көлемді игі шара болып өтті.

Бұл игі шараға Шет ауданының әкімі М.Мұхтаров арнайы қатысып, туған жердің көркеюіне шын жүректен үлес қосып жүрген белсенді тұрғындарға ақжарма ризашылығын білдірді. Аудан басшысы қауымды жасыл желекпен көмкеруге бағытталған оң бастамамен құттықтап, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Шара барысында еңбек пен ауызбіршіліктің нағыз үлгісі көрсетілді. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан саябақ аумағына 500-ден астам көшет отырғызылып, арнайы тартылған техникалардың көмегімен бірден мол сумен суарылды. Туған жердің әрбір сүйем жерін жасыл желекке айналдыруға ниеттенген халықтың екпіні ерекше болды.

Әсіресе, Байғозы батыр мен Құрманғазы көшелерінің тұрғындары бұл игілікті жобаны зор қуанышпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Болашақта ауылдың сәніне айналатын демалыс орнына өз қолдарымен көшет егіп, гүлденуіне үлес қосқан азаматтарға кент халқы шексіз алғыстарын жаудырды. Осындай ынтымағы жарасқан елдік істе ауыл тұрғындары да тыс қалмай, ақ дастарқан жайып, еңбек еткен азаматтарға ыстық шай мен бауырсақ ұсынып, қонақжайлылық пен бауырмалдықтың жарқын үлгісін танытты.

Бүгін отырғызылған әрбір жас көшет – ертеңгі жап-жасыл саябақтың көркі, келер ұрпаққа қалдыратын баға жетпес табиғи мұрамыз! Туған жерін гүлдендіруге ұмтылған Ақадыр жұртшылығының бұл қадамы – елдік пен бірліктің, табиғатқа деген ерекше сүйіспеншіліктің көрінісі екені сөзсіз.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті