Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтауға және анағұрлым перспективті жобалардың пулын қалыптастыруға халықаралық деңгейде күш салу қажет екенін атап өтті

– Мұндай жобалар Каспий акваториясы мен оған құятын өзендердің алаптарын да қамтуға тиіс. Су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты аумақтарды қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту керек. Аталған жұмыстарды гранттар, жеңілдетілген несие және климаттық қаржыландырудың басқа да арналары есебінен жүргізуге болады. Солай болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тегеран конвенциясының тұрақты Хатшылығын толық жасақтау өте маңызды деп санайды.

– Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асуын қадағалайтын және қызметін үйлестіретін пәрменді тетік керек. Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Өйткені Каспийдің экологиялық жай-күйіне баса назар аудара отырып, су ресурстарын жаһандық басқарудың тиімділігін арттыру – баршаға ортақ міндет. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, Каспий – мемлекеттік шекараға бағынбайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халықаралық ұйымдар және қаржы нарықтары аясында үйлесімді іс-әрекет болмаса, табысқа жету мүмкін емес.

– Бізде жемісті жұмыс атқаруға қажеттінің бәрі бар. Яғни саяси диалог орнаған, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар мен айтарлықтай ғылыми әлеует қалыптасқан. Бірлескен күш-жігердің арқасында халықтарымыздың тіршілік көзі мен баянды болашағының кепілі саналатын Каспий теңізін сақтай алатынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

t.me/aqorda_resmi