Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Балқаш қаласындағы бірқатар инфрақұрылым нысанын аралады. Үкімет басшысы жылу электр орталығындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, көпсалалы аурухана жанындағы жаңа ангиографиялық орталықтың жұмысын көрді. Сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдады.
Мемлекет басшысының азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынған бастамалар қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Медицинадағы мүмкіндік артып келеді
Биыл мамыр айында Балқаш көпсалалы ауруханасының жанынан жедел қан тамырлары аурулары кезінде тәулік бойы медициналық көмек көрсететін жаңа орталық пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға мемлекет меншігіне қайтарылған активтер қаражаты есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан 1 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен ангиографиялық қондырғы, компьютерлік томограф және магниттік-резонанстық томограф секілді заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды.
Жаңа орталықтың іске қосылуы Балқаш қаласы мен оған іргелес елді мекендердің тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды. Қазір Балқаш, Приозерск қалаларының, Шет және Ақтоғай аудандарының шамамен 150 мың тұрғыны мамандандырылған, оның ішінде рентгенэндоваскулярлық медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл, әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт кезінде науқастың өмірін сақтап қалу үшін аса маңызды. Шұғыл медициналық көмек көрсетуде «алтын сағат» қағидатын сақтау ем нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаевтың айтуынша, осы жылдың шілде айынан бастап орталықта 148 ангиографиялық зерттеу мен эндоваскулярлық араласу жүргізілген. Оның ішінде 70 стенттеу және баллондық ангиопластика операциясы бар. Уақтылы жасалған операциялар 70 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
Премьер-министр өңір әкімдігіне медициналық кешеннің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және білікті мамандар даярлау мен кадрлық әлеуетті арттыру мәселесіне баса назар аударуды тапсырды.
Медицина қызметкерлерімен кездесу барысында Олжас Бектенов әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарларына да тоқталды.
– Президент Ауқымды құрылыс бағдарламасының іске қосылғанын жариялады. Бұл ретте, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу көзделіп отыр. Қаражат дәл осындай медициналық нысандарға, білім беру орталықтарына, инженерлік желілерге және сумен жабдықтау нысандарына, яғни азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге бағытталады. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан және өздеріңіз де естіп жүрген әлеуметтік реформа тұрғындар үшін аса қажет медициналық нысандарға бірінші кезекте қаражат бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мұқтаж санаттар үшін мемлекеттік қолдау толық сақталады. Реформа тек табыс деңгейі «жоғары» және «орташадан жоғары» санатына жататын тұлғаларға ғана қатысты болады. Барлық төлемдер шын мәнінде мұқтаж азаматтар мен отбасыларға берілуге тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жылу орталығын жаңғырту жалғасады
Балқаш қаласының тұрақты тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі нысандардың бірі – жылу электр орталығы. Қысқы кезеңде тұрғындарды жылумен үздіксіз қамту мәселесі ерекше маңызға ие болғандықтан, стансаның техникалық жағдайы мен жаңғырту жұмыстары Үкімет басшысының назарында болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Балқаш ЖЭО апатты жағдайы жоғары «қызыл аймақтан» шығарылды. Биыл негізгі жабдықтарды жөндеуге жоспарланған жалпы құны 3,2 млрд теңге болатын жұмыстар толық аяқталған.
Қазір стансаның өндірістік қуатын жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын №5 қазандық агрегатын салу жобасы жалғасып жатыр. Бүгінде негізгі жабдықтарды монтаждау аяқталған. Қазандық цехының ғимараты мен отын беру тракты салынып, заманауи газ тазарту жабдығын жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Жоба толық іске асқанда стансаның бу өндіру қуаты сағатына 270 тоннаға артады. Ал келесі кезеңде жалпы құны 28,7 млрд теңге болатын жаңа №5 турбоагрегатты орнату жоспарланған. Оның іске қосылуы электр қуатын 65 МВт-қа, жылу қуатын сағатына 55 Гкал-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жаңғырту жобаларын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Сонымен бірге жылу беру маусымындағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде Балқаш ЖЭО-да II дәрежелі 17 ақау тіркелген.
Осыған байланысты Олжас Бектенов тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету әкімдіктің басым міндеті екенін атап өтті. Өңірлік штабқа стансаның жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, қаланы жылумен қамтуда іркіліске жол бермеу тапсырылды.
Туризм – жаңа мүмкіндіктер көзі
Балқаштың экономикалық әлеуетін арттыруда туризм саласының да маңызы зор. Премьер-министр Balkhash индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан туристік жобалармен танысып, қонақ үй және рекреациялық инфрақұрылымды дамыту жоспарларын қарады.
Биыл көл жағалауында жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге болатын алты жаңа демалыс аймағы ашылды. Сонымен қатар төрт жұлдызды қонақ үйлер салуға бағытталған екі жобаны жүзеге асыру басталды.
Қалада туристерге қолайлы жағдай жасау үшін инженерлік желілер мен жағалау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл бастамалар Балқаш көлінің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады.
Алдағы уақытта көл жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи туристік кластер қалыптастыру көзделіп отыр. Мұндай жобалар Балқаштың демалыс орны ретіндегі мүмкіндігін кеңейтіп, қала экономикасының жаңа бағыттарын дамытуға серпін бермек.
Жұмыс сапары барысында қаралған мәселелердің барлығы бір мақсатқа – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, жылумен қамту жүйесін жаңғырту және туристік инфрақұрылымды дамыту Балқаштың орнықты дамуына негіз болатын маңызды міндеттер қатарында.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
