Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы ең алдымен заңның үстемдігіне, азаматтардың құқықтық мәдениетіне және жас ұрпақтың тәрбиесіне байланысты. Бала – қоғамның ең әлсіз әрі сонымен бірге ең маңызды бөлігі. Оның бүгінгі тәрбиесі мен қоршаған ортасы ертеңгі азаматтық ұстанымына, өмірлік таңдауына тікелей әсер етеді. Сондықтан кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу – мемлекет үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын терең орнықтыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Ал 2026 жылғы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Заң мен тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз», – деп атап көрсетті.
Бұл қағидаттың мәні – тек құқық бұзған адамды жазалау емес. Оның өзегінде құқық бұзушылықтың себептері мен жағдайларын ерте анықтау, олардың алдын алу, баланың дұрыс ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау, отбасына, мектепке және қоғамға ортақ жауапкершілік жүктеу міндеті жатыр.
Жасөспірімдер қылмыстылығының статистикалық жай-күйіне тоқталатын болсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы жариялаған деректерге сәйкес, кәмелетке толмағандармен немесе олардың қатысуымен жасалып, тіркелген қылмыстардың саны соңғы жылдары біркелкі төмендеу үрдісін көрсетпейді.
Мәселен, 2020 жылы мұндай қылмыстардың саны 1 873 болса, 2021 жылы 1 529-ға дейін төмендеген. 2022 жылы көрсеткіш 1 735-ке, 2023 жылы 1 925-ке жетті. 2024 жылы 1 890 қылмыс тіркелген. Ал 2025 жылы көрсеткіш 2 461-ге дейін өскен. (bala.stat.gov.kz)
Бұл сандарға мұқият қарасақ, 2021 жылдан кейін жасөспірімдер қылмыстылығының қайта өсу үрдісі байқалады. 2025 жылғы көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға жоғары. Сонымен қатар 2025 жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстардың жалпы тіркелген қылмыстар ішіндегі үлес салмағы 3,2 пайыз болған (bala.stat.gov.kz).
Алайда статистиканы тек сандық көрсеткіш ретінде қабылдау жеткіліксіз. Әрбір цифрдың артында нақты тағдыр, отбасы, мектеп, достар ортасы және жасөспірімнің өмірлік таңдауы тұр.
2025 жылғы құрылымға назар аударсақ, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар арасында ұрлық – 724, алаяқтық – 252, тонау – 173, денсаулыққа қасақана зиян келтіру – 82, көлік құралын заңсыз иелену – 79, қорқытып алу – 72 жағдайды құраған. Сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 89 дерек тіркелген (bala.stat.gov.kz).
Ең алаңдатарлық жайттың бірі – ауыр қылмыстардың болуы. 2025 жылы кәмелетке толмағандармен немесе олардың қатысуымен жасалған қылмыстардың ішінде 1 045-і ауыр, 60-ы аса ауыр санатқа жатқызылған (bala.stat.gov.kz).
Бұл – профилактикалық жұмысты формалды шара ретінде емес, жүйелі әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс ретінде ұйымдастыру керектігін көрсететін маңызды белгі.
Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының табиғаты күрделі. Оның бір ғана себебі болмайды. Көп жағдайда бірнеше әлеуметтік, отбасылық, психологиялық және тәрбиелік фактор бір-бірімен байланысып жатады.
Жалпы «Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы және оны ескерту» жөніндегі материалдарды зерттегенде жасөспірім тұлғасына тән бірқатар ерекшеліктер көрсетіледі. Олардың қатарында психологиялық қозушылық, алаңдаушылық, көңіл күйдің тұрақсыздығы, ортадан жатсыну, жанжалға тез араласу қаупінің жоғарылығы бар.
Жасөспірім – еліктегіш. Ол үлкендердің сөзінен гөрі олардың іс-әрекетіне көбірек қарайды. Сондықтан баланың мінез-құлқына отбасыдағы ахуалдың ықпалы ерекше екендігін атап өтуге болады.
Отбасында балаға жеткілікті көңіл бөлінбеуі, ата-ананың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы, дөрекілік көрсетуі, баланың пікіріне құлақ аспауы – оның психологиялық тұрғыдан алшақтауына себеп болуы мүмкін. Бұған қоса отбасындағы ұрыс-керіс, ішімдікке салыну, құқық бұзушылыққа бейім мінез-құлық, қоғамға қарсы көзқарастардың қалыптасуы баланың тәрбиесіне кері әсер етеді.
Ең өкініштісі – кей жағдайда ересектердің өзі баланы теріс жолға итермелеуі мүмкін. Қылмысқа тарту, зиянды әдеттерге үйрету, құмар ойындарға араластыру немесе заңсыз әрекеттерді қалыпты нәрсе ретінде көрсету жасөспірімнің құқықтық санасына ауыр зардап әкеледі.
Мұндай жағдайда «бала неге бұлай істеді?» деген сұрақпен ғана шектелуге болмайды. «Оның қасында кім болды?», «Оған кім үлгі көрсетті?», «Оның бос уақыты қалай өтті?», «Отбасында қандай тәрбие көрді?» деген сұрақтарға да жауап іздеу қажет.
Жасөспірімнің бос уақытын дұрыс ұйымдастыру – қылмыстың алдын алудың қарапайым, бірақ маңызды тетіктерінің бірі ретінде атауға болады.
Спорт секциясы, өнер үйірмесі, кітап оқу, техникалық шығармашылық, еріктілер қатарында болу, қоғамдық жұмыстар – баланың уақытын тиімді өткізуімен қатар оның қабілетін ашуға мүмкіндік береді.
Керісінше, бақылаусыз және мақсатсыз бос уақыт жасөспірімнің теріс ортаға түсу ықтималдығын арттырады. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген қазіргі кезеңде бұл мәселе жаңа сипат алып отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің деректерінде жасөспірімдер қылмысының негізгі себептерінің бірі ретінде баланың ата-ананың бақылауынсыз қалуы және интернет-ресурстардың теріс ықпалы аталған. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар соңғы жылдары айтарлықтай өскені көрсетілген (GOV.KZ).
Бұл жерде ата-ананың міндеті баланың телефонын тексерумен немесе үйге қай уақытта келгенін сұраумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – баламен сенімді қарым-қатынас орнату. Бала қиындыққа тап болғанда ең алдымен ата-анасына жүгінетіндей орта қалыптасуы қажет.
Бала күнінің едәуір бөлігін мектепте өткізетіні бәрімізге аян, сондықтан жасөспірімдердің қылмыстылығының алдын алуда білім беру ұйымдарының рөлі де ерекше.
Мектептегі тәрбие жұмысы тек мерекелік іс-шаралар мен тәртіп туралы ескертулерден тұрмауы керек. Оқушының мінез-құлқындағы өзгерісті дер кезінде байқау, оның қатарластарымен қарым-қатынасын бақылау, психологиялық қолдау көрсету, буллингтің алдын алу – күнделікті жұмыстың маңызды бөлігі.
Жаңа құқықтық нормаларда да осы бағытқа басымдық беріліп отыр. 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыздықтың және қоғамға жат мінез-құлықтың алдын алуды құқықтық, педагогикалық және басқа да шаралардың кешені ретінде қарастырады. Заңда ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды педагогикалық қолдау, ата-аналармен өзара іс-қимыл және білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысты күшейту міндеттері қарастырылған (GOV.KZ).
Демек, құқық бұзушылықтың алдын алу полицияның ғана жұмысы емес, бұл – мектеп, ата-ана, әлеуметтік қызмет, психолог, жергілікті атқарушы орган, денсаулық сақтау саласы және азаматтық қоғам бірлесіп атқаратын ортақ міндет.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда жауапкершілікті күшейтуді көздейді, бірақ кәмелетке толмаған балаға қатысты бұл ұстанымның тәрбиелік мәні ерекше.
Бала қылмыс жасағаннан кейін ғана әрекет ету – мәселені кеш шешу болып саналады, сондықтан негізгі міндет – құқық бұзушылыққа дейінгі кезеңде қауіп факторларын анықтау болмақ.
Дей келе, осы тұрғыдан алғанда профилактикалық жұмыстың бірнеше бағытын бөліп көрсетуге болады. Олар, біріншіден, ақпараттық-талдамалық жұмысты күшейту қажет. Қай ауданда, қай елді мекенде, қай уақытта және қандай жағдайда жасөспірімдер қылмысқа жиі баратынын нақты талдау керек, екіншіден, қылмыстың географиясы мен уақытын саралау маңызды. Егер белгілі бір жерде кешкі уақытта жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық көбейсе, сол аумақта патрульдік жұмыстарды, түсіндіру шараларын, ата-аналармен байланысты күшейтуге болады, үшіншіден, жасөспірімнің жеке тұлғасы мен әлеуметтік ортасын зерттеу керек. Оның отбасы қандай? Мектептегі үлгерімі мен тәртібі қандай? Достары кім? Бос уақытын қалай өткізеді? Қандай интернет-контентті тұтынады? Осындай сұрақтарға жауап профилактикалық жұмыстың бағытын анықтайды, соңында, жеке профилактикаға басымдық беру қажет. Бір балаға тиімді болған әдіс екінші балаға сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан тәуекел тобындағы әрбір жасөспіріммен жеке жұмыс жүргізілуі ұтымды болмақ.
Бала қоғамда бар заңдылықтарды ең алдымен кітаптан емес, отбасынан үйренеді. Үйде ата-ана еңбекке адалдықты, үлкенге құрметті, кішіге қамқорлықты, жауапкершілікті көрсетсе, бала осы құндылықтарды бойына сіңіреді. Ал заңды айналып өтуді, өзгеге құрметсіздікті, күш көрсетуді қалыпты жағдай ретінде көрген бала оны өз мінез-құлқында қайталауы мүмкін.
Сондықтан ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту – қылмыстың алдын алудың ең маңызды тетіктерінің бірі.
Бұл ретте отбасындағы материалдық қиындықтарды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Толық емес отбасы, ата-ананың ауруы, жұмысбастылық, тұрмыстық қиындықтар баланы бақылауға және тәрбиелеуге кері әсер етуі сөзсіз.
Бірақ әлеуметтік жағдайдың қиындығы қылмысқа апаратын міндетті себеп емес. Мұндай жағдайда қоғамның міндеті – отбасын қолдау, ал ата-ананың міндеті – қиындыққа қарамастан баланың тәрбиесін назардан шығармау.
Бүгінде жасөспірімнің әлеуметтік ортасы мектеп пен ауламен шектелмейді. Оның виртуалды әлемі де бар.
Интернет пайдалы білім алуға, шығармашылыққа, қарым-қатынасқа үлкен мүмкіндік береді. Сонымен бірге зорлық-зомбылықты, қылмысты, есірткіні, құмар ойындарды және басқа да қоғамға жат әрекеттерді насихаттайтын контентке тап болу қаупі де бар.
Сондықтан қазіргі құқықтық тәрбие цифрлық сауаттылықпен қатар жүруі тиіс. Бала интернеттегі ақпараттың бәріне сене бермеуді, күмәнді ұсыныстардан бас тартуды, бейтаныс адамдармен байланыста сақ болуды, өз деректерін қорғауды үйренуі қажет.
Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидаты осы жерде де өзекті. Заңды құрметтеу тек көшеде немесе мектепте тәртіп сақтау емес, цифрлық кеңістіктегі жауапты мінез-құлықты да қамтиды.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы туралы айтқанда, мәселені тек полиция жұмысының нәтижесімен өлшеу дұрыс болмайды.
Полиция құқық бұзушылықты анықтайды және оның жолын кеседі, бірақ бала қылмыс жасамай тұрып, оның теріс жолға түсуіне жол бермеу үшін әлдеқайда ертерек жұмыс жүргізілуі керек.
Ол үшін: отбасымен тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізу; мектептегі психологтар мен әлеуметтік педагогтердің жұмысын күшейту; балаларды спортпен, өнермен және қосымша біліммен қамтуды арттыру; бос уақытты тиімді ұйымдастыру; буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу; тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау; ата-аналардың құқықтық және педагогикалық сауатын арттыру; полиция, мектеп, әлеуметтік қызмет және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ақпарат алмасуды жетілдіру; қылмыстың себептері мен орын алу жағдайларын тұрақты талдау қажет.
Мұндай жұмыс нақты дерекке сүйенгенде ғана тиімді болады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2025 жылы кәмелетке толмағандар қатысқан қылмыстардың ішінде ұрлықтың 724 жағдайы тіркелсе, алаяқтық 252 жағдайды құраған. Бұл профилактика барысында мүліктік қылмыстармен қатар цифрлық қауіпсіздік пен қаржылық сауаттылық мәселелеріне де көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді (bala.stat.gov.kz).
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы – тек құқықтық мәселе емес, әлеуметтік мәселе деп тану дұрыс болады. Оның түпкі себептері отбасылық тәрбиеге, білім беру жүйесіне, әлеуметтік ортаға, бос уақытқа, психологиялық ахуалға және қоғамдық мәдениетке байланысты.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын жас ұрпақ арасында орнықтыру үшін баланы тек заң бұзбауға шақыру жеткіліксіз. Оған неге заңды сақтау керек екенін түсіндіру қажет.
Заң – қорқыныштың емес, қауіпсіздіктің кепілі екенін бала сезінуі керек. Өз құқығын білумен қатар өзгенің құқығын құрметтеуді үйренуі тиіс. Қоғамдық тәртіптің өзіне де, айналасындағыларға да қажетті екенін түсінуі маңызды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп – бүкіл қоғамға ортақ тәртіп. Демек, бұл қағидаттың берік орнығуы әр адамның күнделікті ісінен басталады.
Бүгін бір жасөспірімнің қылмысқа бармауына себеп болған бір дұрыс кеңес, бір жылы сөз, бір дер кезінде көрсетілген көмек оның бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін.
Сондықтан кәмелетке толмағандардың қылмыстылығының алдын алу – статистиканы азайту үшін ғана жүргізілетін жұмыс емес. Бұл – баланың болашағын қорғау, отбасының тыныштығын сақтау және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі.
Жасөспірім қылмыс жасағаннан кейін ғана назар аудару – кеш қалған әрекет. Ең дұрыс жолы – оның қылмысқа баруына себеп болатын жағдайларды алдын ала жою.
Заңды құрметтеу отбасынан басталып, мектепте жалғасып, қоғамда бекемделгенде ғана нәтижелі болады.
Заңды құрметтеген ұрпақ – тәртіпті қоғамның негізі. Ал тәртіпті қоғам – қауіпсіз мемлекеттің тірегі.
Совет Қапашұлы АЛТАЙБАЕВ,
академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент)
