Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы – азамат сенімінің негізі

Азаматтардың мемлекеттік қызметтерді сапалы, уақытылы және заң талаптарына сәйкес алуы – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылау, заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудің басты бағыты Мемлекет басшысы айқындаған «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына негізделеді. Бұл – мемлекеттік органдар қызметінің азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлануы, көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету және әрбір өтінішке заң аясында тиісті назар аудару деген сөз. Осы орайда мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырумен қатар, халықпен тиімді кері байланыс орнату да ерекше маңызға ие.

Департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жүргізілген бақылау шаралары нәтижесінде 5 400-ге жуық заң бұзушылық анықталып, оларды жою мақсатында мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар енгізілді. Есептік кезеңде Департаментке мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 410-ға жуық өтініш келіп түсті, олардың басым бөлігі сауда-саттықты талап етпейтін жер учаскелеріне құқықтарды алу және бау-бақша  және т.б. мәселелергеқатысты. Жалпы,Департамент жұмысының маңызды бағыттарының бірі — қызмет алушылардың бұзылған құқықтары болған жағдайда оны қалпына келтіру болып табылады.Осы мақсатта,  Департаментпен қабылдаған шаралар нәтижесінде ағымдағы жылдың
9 айында 300- ге жуық азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Осы бағыттағы жұмыстармен қатар, Департамент мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыруда. Атап айтқанда, «Елге қызмет» тележобасы аясында бағдарламалар әзірленіп, тоқсан сайын аудан-қалаларда «Қызмет алушылар күні» іс-шаралары өткізіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсетушілер арасында семинарлар мен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, телеарналардағы сұхбаттар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар және тікелей эфирлер арқылы тұрғындарға заңнамадағы жаңашылдықтар жан-жақты түсіндіріледі.

Осылайша, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, олардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды негізі.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы

бойынша департаментінің мемлекеттік

көрсетілетін қызметтер басқармасының

бас маманы

Ү.Хами