Дәнді және майлы дақылдар өсіру, картоп өндірісі, тұқым шаруашылығы – Қарағанды облысы Нұра ауданындағы «Шахтерское» ЖШС ауыл шаруашылығының бірнеше бағытын қатар дамытып келеді. Кәсіпорынның жер қоры 56 мың гектардан асады.
Шаруашылықта дәнді және майлы дақылдар, зығыр, арпа мен картоп өсіріледі. Кәсіпорын картоп тұқымын өндіруге мүмкіндік беретін элиталы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие.
Жиналған өнімді сақтау үшін сыйымдылығы 35 мың тонна болатын «Сарыбел НАН» элеваторы жұмыс істейді. Астық қоймаға жөнелтілер алдында зертханалық тексеруден өткізіліп, кептіріледі және тазартылады. Ал картоп 17 мың тоннаға дейін өнім сақтауға арналған көкөніс қоймасында сақталады. Сонымен қатар кәсіпорын жаңа нысандар салып, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтып келеді.
– Біз шаруашылықты кешенді түрде дамытуға күш салып келеміз. Егіншілік, тұқым шаруашылығы және өнімді сақтау бағыттары бір-бірінен бөлек емес, өзара сабақтаса жұмыс істеуі керек, – дейді «Шахтерское» ЖШС басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Прокоп.
Кәсіпорын өндірістік қуатын арттырып, жеке тұқым шаруашылығын дамытып, жиналған өнімді сақтауға қажетті жағдайларды кеңейтіп келеді. Алдағы уақытта сүтті мал шаруашылығын одан әрі өркендетіп, мал басын көбейту жоспарланып отыр.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
