Тарихи тұлғаға тағзым: Бәйсейіт би бейітіне ескерткіш қойылды

Қазақ тарихында ел бірлігін сақтап, жұрт арасындағы дауды әділ шешіп, ағайын арасындағы араздыққа тоқтам айтқан билердің орны ерекше. Олар тек дау шешуші ғана емес, елдің ынтымағын ойлаған, ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қараған қоғам қайраткерлері болды. Осындай тарихи тұлғалардың бірі – XVIII–XIX ғасырларда өмір сүрген, Кәрсөн-Керней өңіріне танылған Бәйсейіт Қырбасов би.

Бәйсейіт би 1786-1876 жылдар аралығында өмір сүріп, өзінің турашылдығымен, әділдігімен және бітімгершілік қасиетімен халық арасында үлкен беделге ие болған. Ел ішіндегі күрделі мәселелерді шешуде парасаттылық танытып, жұрттың ынтымағы мен тыныштығын сақтауға күш салған тұлға ретінде есте қалған. Мұндай азаматтардың қадірі олардың атақ-даңқымен ғана емес, елге сіңірген еңбегімен, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшенеді. Бәйсейіт би туралы тарихи танымды кеңейтуге Шет ауданының белгілі өлкетанушылары Кәмел Жүністегі мен Төрехан Майбас та өз еңбектері арқылы үлес қосқан. Олардың естеліктері мен өлкетанушылық ізденістері жергілікті тарихтың көмескі тұстарын ашып, ел жадында сақталған тұлғалардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа танытуға бағытталған.

Тарихи тұлғаларды тану өткенге құрмет көрсетумен ғана шектелмейді, ол туған жердің тарихын түгендеу, елдік сананы нығайту, жас ұрпаққа әділдік пен адамгершіліктің үлгісін көрсету болып табылады.

Бәйсейіт бидің есімін ұлықтау бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі 2021 жылы жүзеге асырылды. Сол жылы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына бағынысты, өңірдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраларды зерттеу, қорғау және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын «Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» Бәйсейіт бабаның бейітін толықтай жаңғыртты. Бұл ата-баба мұрасын сақтау жолындағы маңызды қадам болды. Өйткені тарихи тұлғалардың жерленген орындары жай ғана қорым немесе бейіт емес, ол ел тарихының, ұрпақ сабақтастығының және халық жадындағы рухани құндылықтардың белгісі. Осындай қасиетті орындарды күтіп ұстау, тарихи деректерін жинақтау және көпшілікке таныстыру бүгінгі ұрпақтың азаматтық міндеті болып саналады.

Жақында өңірлік «Arqa aqshamy» газетінде академик Е.А.Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінің Археология, этнология, және Отан тарихы факультетінің доценті, Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Мәулен Жакиннің «Бәйсейіт би: аңыз және дерек» атты мақаласының жариялануы да осы бағыттағы ізденістерге тың серпін берді. Аңыз бен тарихи деректі салыстыра қарастыру, ел аузындағы әңгімелерді мұрағат құжаттарымен сабақтастыра зерттеу өткеннің шындығын тануға жол ашады. Мұндай мақалалар тарихи тұлғалар туралы қоғамдық қызығушылықты арттырып қана қоймай, өлкетану саласындағы жаңа зерттеулерге де негіз болады.

Кеше Шет ауданының Ақшатау әкімдігіне қарасты Жарылғап батыр ауылы аумағында ұрпақтар сабақтастығын жалғаған тағылымды шара өтті. Бәйсейіт бидің ұрпақтары баба басына барып, ескерткіш орнатты. Бұл ата-баба рухына тағзым етудің, тарихи жадыны жаңғыртудың және ұрпақтар сабақтастығын бекемдеудің мәні зор көрінісі. Ата-бабаға ескерткіш қою өткенге құрмет білдіру ғана емес, келешекке аманат қалдыру екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Ол кейінгі буынға өзінің қайдан шыққанын, қандай елдің ұрпағы екенін, ата-бабаларының қандай қасиеттерді қастерлегенін ұғындырады. Әсіресе ел ішінде бітімгершілігімен танылған билердің өнегесін насихаттау бүгінгі қоғам үшін де маңызды.

Баба басындағы тарихи шараға саяси қайраткер, Қазақстан Республикасы ЖСДП партиясының президиум мүшесі Нұрлан Әуесбаев және «Керней баба» қоғамдық қорының басшысы Ұлан Әбдіханов қатысты. Олардың бұл шараға қатысуы тарихи мұраны ұлықтау ісінің тек бір әулеттің немесе бір рудың ғана шаруасы емес, жалпыұлттық рухани маңызы бар бастама екенін аңғартады. Өйткені ел тарихындағы өнегелі тұлғаларды дәріптеу ортақ құндылықтарды қастерлеу, тарихи сананы қалыптастыру және қоғамның рухани тұтастығын нығайтуға қызмет етеді.

Бүгінде тарихи тұлғаларды ұлықтау жұмыстары нақты істермен жалғасқанда ғана нәтижелі болмақ. Ескерткіш орнатумен қатар, Бәйсейіт би туралы мұрағат құжаттарын жинақтау, бұрын жарияланған зерттеулерді саралау, ұрпақтарының қолындағы шежірелер мен естеліктерді хатқа түсіру, өмір сүрген кезеңінің тарихи жағдайларын зерделеу маңызды. Осындай жүйелі жұмыстар арқылы ғана баба мұрасы ғылыми тұрғыдан толықтырылып, келер ұрпаққа сенімді деректер негізінде жеткізіледі.

Бәйсейіт Қырбасов бидің өмір жолы – туған өлке тарихының бір парағы. Оның есімінің мұрағат деректерінде сақталуы, өлкетанушылар еңбектерінде аталуы, бейітінің жаңғыртылуы және ұрпақтарының басына ескерткіш орнатуы тарихи тұлғаны тану мен ұлықтаудың өзара сабақтас кезеңдері. Бүгінгі ұрпақтың міндеті осындай тұлғалардың есімін есте сақтап қана қоймай, олардың өмір сүрген дәуірін, ел басқарудағы орнын, әділдік жолындағы қызметін тереңірек зерттеу. Сонда ғана тарих құрғақ деректер жиынтығы емес, ұлттың рухани тірегіне айналады.

Бәйсейіт би секілді ел ағаларының өнегесі уақыт өткен сайын жаңаша бағаланып, кейінгі буынға бағыт-бағдар бере алады. Баба басына орнатылған ескерткіш те соның бір белгісі. Ол өткенге тағзым, бүгінге тағылым, болашаққа аманат болмақ. Тарихын құрметтеген ел бабаларын ұмытпайды.

Бабаларын ұлықтап, елдік мұратты биік ұстаған Қырбас баба жалғасы Нұркен, Мейіржан, Дарын Мәният ұлдары, Бүркіт, Ғабит Кәніс ұлдары, Жанат, Самат Ақатұлдары, Еркін Жанатұлы, Белгібай Шаймұқтарұлы, Раушан Сембайқызы, Асылмұрат, Ермұрат Аюбекұлдары, Ақан Егінбайұлы, Сағит Болатұлы, Сәбит Рахымжанұлы бастаған азаматтардың игілікті істеріне ақ жол тілейміз. Өткендерін ескерген, алдындағы аға буыннан керекті тәрбие ала алған ұрпақтың келешегі зор болмақ. Ал осыншама халықты күтіп алып, ақ дастарқанын жайып қарсы алған Байсейіт бабаның тікелей ұрпағы Болатұлы Сағит пен Аспандиярқызы Элмираға, Кәніскеліні Сағынышқа да зор алғысымызды білдіреміз.

«Текті жердің тұлпары озады, текті елдің ұрпағы озады» деген осы.

Аңғар СМАҒҰЛ