Жеріңнің аты – еліңнің хаты

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген – қазақтың терең мағыналы, бір ауыз сөзі. Бұл ғұламалық ұғым бүкіл тарихты, ұлттық рухты білдіретін көсем сөз – халықтың төлқұжаты.

Осы төлқұжаттың иелері – Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нұраталды кеңшарының орталығы болған «Қошқарбай» ауылының тұрғындары. Адамның туған жері, кіндік қаны тамған мекені әрқашан ыстық болады. Кеудемізді соқсақ та, жүрегімізбен сезінсек те, рухани көңіл-күймен айтатын сөзіміз осыған сай.

Ал біздің қолымыздағы «Туған өлкем – Тауастым» деп аталатын жазба – осы ауылдың тумасы Дүйсенбайұлы Серік Мұсағұловтың авторлық туындысы.

Ең алғашқылардың бірі болып тілектестік білдірген, ізгі ниетін жеткізген жерлесі Е.Шалғымбай ағасы Серік бауырының бұл қадамын құптап, ауыл тарихы мен көзкөрген ортасына құрмет білдіргеніне алғыс айтты. «Игі ісің оң болсын, жолың ақ болсын, інім!» – деп, тілегін аяқтады.

Кітап мазмұнының кіріспесі шынайы дереккөздерге сүйене отырып жазылғандай әсер қалдырады. ҚР «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2006 жылы жарық көрген кітаптар сериясындағы деректерге сүйенсек, «Қошқарбай» ауылы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыдан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде, Талды өзенінің аңғарында орналасқан. Кеңшар орталығының атымен «Нұраталды» ауылы деп аталған. Ал Нұра өзені Қарағанды және Ақмола облыстарының жерімен ағып өтеді. Оның ұзындығы – 978 шақырым, су жинау алабының көлемі – 60 800 шаршы шақырым. Нұра өзені Қарқаралы тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құяды. Ұзындығы 10 шақырымнан асатын 200-ге жуық саласы бар екені белгілі.

Нұраталдының алғашқы құрылысы 1928 жылдары «Шағын ауыл» – Тауасты мекенінен басталған екен. Иә, «Тауасты» деп аталып, ауыл жұртшылығының ауызекі тілінде қалыптасқан бұл атау тау бөктеріндегі қонысқа дәл қойылғандай. Қазіргі тілмен айтқанда, жаңа шағын ауданның іргесі қаланғандай әсер береді.

Серік Мұсағұлов бұл құрылыстың қалай салынғанын, оны кімдердің тұрғызғанын, тіпті бір әулеттің төрт шаңырағының бірдей іргетас қалауына қалай атсалысқанын баяндайды. Сол шаңырақтардың бірінде туып, өсіп-өніп, тәлім-тәрбие алып, білім алып, еңбекке араласқанын да еске алады. Өзінің өміріндегі екі мүшелге жуық кезеңді тарихи белес ретінде бағалағаны құрылыс маманы ретінде оның жан дүниесіне ерекше әсер еткенін аңғартады.

Тауастында бірге өскен құрдастар, кезінде ауыл баласы болып, қолдан тігілген шибарқыт шалбар киіп, жалаңаяқтарына іліп алып жүгіретін «плетенкалармен» ойнаған күндер естен шыға ма? Бір велосипедті екі-үш баланың кезектесіп мінетін дәурені, асық ойыны, доп қуалап, футбол алаңында өткізген мазасыз да қызықты сәттері ше?

Кешкі уақытта үйдегі мал шаруасын реттеп болған соң, ұлдардың киноклуб маңын айналшықтап, киноға кірсе де, кірмесе де, «кірдім» деп, ойын-күлкімен кешті өткізетін кездері қандай еді! Түн баласы шаршап-шалдығып, «Тауасты, ауылым, қайдасың?» деп, тау етегіндегі үйлеріне ұйқысы келіп жететін балалық шақтары әлі де естерінде сақталған болар.

Міне, бұл да бір ҒАНИБЕТ!

Кітап авторы Серік Дүйсенбайұлы туған өлкесін, туған ауылын сағына отырып, сол ауылдың іргетасын қалаған «Тауасты» мекенінің тұрғындарын, ондаған әулетті, жүздеген еңбек адамын, шаңырақ көтеріп, бала-шаға өсіріп, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрген, жақын араласқан жандарды еске алады. Оларды «көзкөргендер» деп атауға болатын кезеңнің жай ғана әңгімесі ретінде емес, өзінің ішкі дүниесіне тән ерекше сезіммен, біршама өзгеше сипатта кітап етіп жазыпты. Өте дұрыс!

Осындай тәрбиелік мәні бар игі істердің әсері болар, жазба авторы Секеңнің жүрегінде де бала кезінен түйілген ойлар уақыт өте келе пісіп-жетіліп, қалам ұшымен қағазға түскен. Бұл – өзіндік бір әуен.

Біреулер: «Елдің бәрі ақын, жазушы болып кетті…» – деп жатады. Мұндай сөзді айту оңай. Алайда бұл – заманауи азаматтың ішкі дүниесі мен жеке шығармашылық ізденісінің көрінісі. Жаңа ойды айтуға, оны қағазға түсіруге ешкімнің кедергі келтіруге құқығы жоқ. Сәттілік болсын! Оңды істер мен ғибратты сөздер, ортаға пайдалы іс-әрекеттер болса, одан ешқандай зиян келмесі анық. Секеңе мың АЛҒЫС!

Кітап мазмұнына көз жүгіртсек, Тауасты ауылы тұрғындарының өсіп-өркендеуі арқылы жалпы Нұраталды тарихының да кеңінен ашылғанын байқаймыз. Ауылдың бас жобалық картасынан бастап, қажетті әлеуметтік нысандар мен кеңсе ғимараттарының құрылыс жүйесін суреттеп көрсеткен. Бұл – құрылыс саласының маманына тән өзіндік бір ерекшелік, нағыз «құрылысшының» қолтаңбасы.

Жарияланған Тауасты ауылы тұрғындарының тізімінде жүзге жуық адамның аты-жөні берілген. Кітапты оқыған жерлестерінің «тарихты қайталағандай» күй кешіп, ерекше әсер алғанына күмән жоқ.

Сонымен қатар ұрпақ жадында мәңгі сақталатын соғыс қаһармандарының тізімі (1941-1945 жж.), сол кездегі тыл ардагерлері, құрметті аналар, өндіріс жұмысшылары, әлеуметтік сала қызметкерлері, кеңсе қызметкерлері, ауылдық кеңес мүшелері мен қоғамдық ортада өзіндік орны болған басшылар да назардан тыс қалмаған.

Себебі автор Тауастының қырлы да сырлы азаматтарын жекелеп атап, олардың атқарған қызметтері мен қажырлы еңбектерін, қоғамдық өмірдегі белсенділіктерін көрсеткен. Әкелер мен аналар, ағалар мен апалар, құрдастар мен замандастар, сондай-ақ өзге ұлт өкілдері де осы өңірдің дамуына өз үлестерін қосқанын аңғартады.

«Әу…» демейтін қазақ жоқ дегендей, Мұсағұлов Серік те өлең жазудан аттап өтпеген сияқты. Тіл ұшына іліккен алғашқы сөз туған ауылдың жырынан бастау алғанын алға тартады. Он шумақ өлеңінде Сарыарқа төсінен бастау алған жырын «Жасай берсін ауылым – Нұраталды!» деген ізгі тілекпен, әуен толқынымен аяқтап, азаматтық болмысы мен Отанға деген сүйіспеншілігін білдірген лирикалық туындысын оқырманға ұсынған. Авторлық қолтаңбасын қалдырған. Міне, ӨНЕР!

Жазбасын қорытындылай келе, Секең еңбек жолының ерекшелігін, атқарған қызметтерінің мәні мен мағынасын көрсетіп жазған. Айтарлықтай еңбек.

Кітап авторы Мұсағұлов Серіктің айтуға тұрарлық жақсылықтары, есте қалар ерекше оқиғалары, қарым-қатынастарға қатысты деректері мен қазақтың шежірелі жүйесінің кестесі, ата-тек шежіресі де қамтылған. Байқалған жан әлеуеті мен адамдық болмысын танытатын деректерді, жазбаның негізгі кейіпкерлері туралы маңызды тұстарды фотосуреттермен көркемдегені байқалады. Бұл – естелік.

Иә, «Елу жылда – ел жаңа» деп, кітап соңын түйіндеген Мұсағұлов Серік Дүйсенбайұлының жаңашылдыққа деген ұмтылысы да байқалады. Сәттілік болсын!

Секе – қаламыңыз мұқалмасын, шабытыңыз таусылмасын!

Құрметпен, замандасы – Асыл-Серік Мұстафа