Мейлі тарихи, мейлі биопик, мейлі драмалық шығарма болсын онда автордың үні болмаса туындының құны бес тиын. «Абай жолы» – Әуезовтің автопортреті деген сынды ғой. Бастан кешкен тағдырың арқылы халықтың көкейінде жатқан дүниені, қоғамның айнасын көрсету алу – қаламгердің шеберлігі. Бұл – жеке трагедияңды жалаңаштап, көрмеге айналдыру деген сөз емес. Ол – шығарманың басты ингредиенті. Ерік Нарынның «Жүректей ғана жұмыр жерін» оқып осындай ойға келдім. Жоғарыда айтқан қағида Еріктің шығармаларынан айқын байқауға болады.
Мен оны сыршыл ақын ретінде танитын едім. Мына кітаптан соң Еріктің экспериментшіл, ізденімпаз шәйір екенін аңғардым. Формалық тұрғыда, образ жасауда, буын, бунақ үлгісінде түрлі қадамға барады. Оның «Жүніс Емренің әуенімен» өлеңінде шығыстың, тіпті мына жапондардың үш аяқты жырлары (хайку, танка) үлгісінде жазылған өлеңі сәтті шыққан. Бірінші бөлігінде екі жол а-а өлшемімен, екінші бөлігінде үш жол а-б-а, үшінші бөлігінде а-а-б, төртінші бөлігінде а-а-б-а стилін ұстанады. Сөйте тұра ой-мағына, идеяны осы қалыптан шығара біледі.
***
Тәтті жанды өзіне қылған құштар,
Бұл жалғанда білмеймін қандай күш бар?
***
Қанағат қыл, өмірде бол саналы,
Алланың нығметі таусылмайды,
Аспаннан күндіз-түні жаусадағы.
***
Ашуынан өртеніп сөне алмайды,
Өзінен өзгені көре алмайды,
Тәкаппарлар мұрыны көк тіреген.
Яғни форма да бар, мағына да жоғалмаған. Стилдік ізденіс барысында Ерік «Қаралы жексенбі» (Маквала Гонашвилидің әуенімен), «Ежелгі дала қолбасшысының жан сыры» (Гаврил Андросовтың әуенімен), «Әулекі әруақ» (Шарль Бодлердің әуенімен) сияқты өлеңдер жазады. Өзінің ақындық қарқынын үдетіп, мүмкіндігін арттырады. Бірі грузин, бірі якут, бірі француз ақыны.Үш түрлі болмыс. Осыдан жоғарыда айтқан авторлық үнін көрсете білген.
Әсіресе «Әулекі әруақ» – мистикалық дүние. Біздің бақсылық түсінікпен парапар.
«Соқыр түнек, құрт-құмырсқа –
Сол ғой әлем ғажабы.
Өз-өзіме қазам бір күн қара көр,
Ғұмырымның таңбаланған азабы,
Ей, қара жер, сүйегімді ала гөр»
Бір қарағанда, қарғыс сөздей көрінеді. Ал негізінен «бұл өмір деген – ғашықтық, құштарлық» дегенді меңзеп тұр. «Соқыр түнектің» несі ғажап? Мистика, психология түсінігінде образ, философия, оның терең ұғымы, конценциясы деген ұғымдар бар. Поэзияның да тәпсірі болады. Оны тікелей қабылдау – қате ұғым.
«…Мәйіттердің қоғамында күн кешкен,
Мәйіттермен қауыштым-ау тағы мен!» деген жолдар бұл өлеңнің өзегі. Мәйіт – қайырымсыз қоғам. Мәйіт – құр тірі жүрген жансыз әлем.
Тағы бір әдемі образ – бала Ерік. «Көздерімді ұғар ма екен, Бала Ерікті таныса ол?!» («Ескі альбом»), «…Тіріліп ап, Бала Еріктің жанарымен қарайды» («Өткенім»), «Бесік таулар, бала Ерікті тербеткен» («Туған ауыл»). Бала Ерік – кіршіксіз. Көз, жанар сөздерің осы образбен астастыруы да жәйдан-жәй емес. Көз – ешқашан алдай алмайтын табиғаты бөлек адамның шексіздігі. Бүкіл әлем сонда жатыр. Автор бала Ерікке бөлек адам, сағыныштың түпкі әлемінде қалып қойған өзге тұлға ретінде өзге ракурстан қарайды. Мұндай дүние Қасымның шығармашылығында өте көп. Бір «Өзім тураласын» айтсақ-ақ жетіп жатыр. Ақынның «мені» оның менменшілдігі емес, сенімі мен сезімі.
«Оттың тілін, оттың мұңын ұғатын,
Жер бетінде жалғыз ғана бар ақын» деп келетін өлеңі тағы бір айқындай түседі. Еріктің бар болмысы мен ақындық қуатын ашатын басты туындыларының бірі деп есептеймін. Тіпті, шығарма Мағжанның «Пайғамбарымен» үндес болса да.
Әрі қарай кеттік. «Мейір» өлеңіндегі жер образын тілге тиек етейік. «Күн анасын айналған Жер – бүлдіршін» дейді де «алыстамас ала Жер – ала құлын» деп жалғайды бір жолында. Яғни, Жер белгілі бір эволюциялық өзгеріске ұшырайды ғой деп топшылап отырасыз, алайда «құлынмен» тоқтап қалады. Оның есейіп, толысқанын байқамайсыз. Бірақ автор Жердің әлі рухани кемелденбегенін көрсетуі де мүмкін. Жер – жер емес, бала Еріктің өзі де болуы ықтимал. Енді бұл әр оқырманның ой-өрісі, қабылдауына байланысты.
Мысалы «Карта ойыны үстіндегі әңгіме» өлеңінен тың дүние күттім. Осындай деталды өлеңдер жаныма жақын. Мәселен, белгілі бір терминдер арқылы бастан кешкен оқиғаны һәм өмірді байланыстыру. Бұл да сондай өлеңдердің бірі болды.
«Дама кетті,
Тағдыры сол таңдалған,
Валеттермен сандалған.
Жарау аттай жөңкіледі жастық шақ,
Дамаларға арбалған» деген сияқты ғой.
Бір футболшы айтқандай, «сенің болжамың – өз проблемаң».
«Жүректей ғана жұмыр жерде» әлеуметтік өлеңдер де кездеседі. «Жаназада» өлеңіндегі мына жолдар екі түрлі ой түйгізеді: «Ауыл жаққа бармаймыз біз бүгінде, Бір қаралы жаназа болмаса егер» дей келе, «Жаназада қауышқан ағайынға, Өксігің-ақ келеді, қарап тұрып…» деп түйіндейді. Мұнда дүниеден өткен ағайынды жоқтаудан бөлек, бауырлар арасындағы, қоғамдағы қарым-қатынастың осындай күйге түскеніне налиды, өксиді.
Және мына өлеңде:
«Экранда ұятын тепкіледі,
Мәнсіздікке адасып тектілері.
Шын ырысын мұнайдан күтеді де,
Ел алдында құдайдан деп күледі.
Көзсіз батыр болыппыз бұрын күшті,
Ел жолында бәйгеге құлын түсті.
Дін аманда арақтан шошыған ел,
Синтетика сасыған ұлын құшты» («Дәт» өлеңі). Әлеуметтік мәселені көтерген болып, Ар ұғымын алға қояды.
Автор өзің идеал қып көрсетпейді. Жағымды кейіпкер ретінде танытпайды. Ішкі сыр арқылы өзінің шынайы болмысын танытады. Оны анасына арнаған өлеңінен де байқауға болады.
«Мама, бүгін үйге тағы келмеймін,
Бір қиырға алып кетті желдей мұң» деп бастап:
«Жылынам деп отқа ораған жүрегін,
Мына ұлыңның өртенетін түрі бар» деп түйеді.
Классикалық үлгідегі «ана сенің ақ шашың», «жұмақты кілті» деген сияқты қарабайыр жолдардан ада.
Кітапты оқып болып осындай сан түрлі ой түйдім. Жоғарыда айтқан автопортреттік сипат Ерік Нарынның өлеңдерінде басым. Кіршіксіз жанар, мейірімді бала Ерік осыны мазмұнды жеткізе білген.
Өз өлеңімен түйіндейтін болсақ:
«Кеудемді асқақ қозғап ән,
Күлгенім осы кітапта.
Өртеніп кете жаздаған,
Түндерім осы кітапта».
Ерболат ҚУАТБЕК
