Жерлесіміз – жеңіс тұғырында

Самбо спорты – нағыз қайсарлық пен қажырлы еңбектің, темірдей тәртіп пен қатаң ұстамдылықтың сыналар тұсы. Осындай додалы бәсекеде атой салып, қара шаңырақтың абыройын асқақтатқан жерлесіміз Төлеухан Ниетхан Несіпханұлы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап қайтты.

Таяуда Өзбекстан Республикасының астанасы – әсем Ташкент қаласында әлемнің маңдайалды тарландары бас қосқан самбодан Әлем чемпионаты өтті. Тартысқа толы дүбірлі додада жер планетасының түкпір-түкпірінен келген мықтылар өзара кіл мықтыны анықтады. Осы орасан зор бәсекеде 71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Төлеухан Ниетхан Несіпханұлы табандылық пен таңғажайып шеберлік танытып, жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Әлемнің мықтылары боз кілемде бас қосқан жаһандық чемпионатта қола медальға қол жеткізу – үлкен ерлік, ерен еңбектің жемісі.

Аталған жетістік спортшының ғана емес, бүкіл елдің, туған жердің мерейін асқақтатқан айтулы жеңіс. Әлемдік деңгейдегі байқауда көк туымызды желбіретіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген жерлесіміздің бұл жетістігі – өскелең ұрпаққа үлкен өнеге, саңлақтарға жол ашар жарқын үлгі.

Тартысты белдесулерде қайсар мінез көрсетіп, қазақ спортының әлеуетін тағы бір мәрте паш еткен Төлеухан Ниетханұлына алдағы уақытта да толағай табыстар, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз! Әрдайым көк туымыз әлем көгінде биіктен желбірей берсін!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті