Техника тілін білетін Хабит

Ауылдың көркеюіне еңбек адамының үлесі зор. Сондай азаматтың бірі –   Әбжанов Хабит Төлеуқұлұлы. Ол 1977 жылы Тағылы ауылдық округі, Қызылту ауылында туған. 1984 жылы ауылдағы негізгі мектебін 1993 жылы 9 сыныпты ойдағыдай аяқтады. Жасынан алғыр, 5-6 жасынан әкесі Төлеуқұлдың жанынан қалмай трактордың ішінде жүретін. Техникаға құмарлығы сондай 9-10 жасында «Белорусь» тракторын жүргізіп, ауыл ішіндегі жеңіл-желпі жұмыстарын әкесінің тракторымен орындап жүрді.

1995 жылы кеңшар тарап, Қызылтуда ұйымдасқан «Тағылы» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Шаруашылықтағы жұмыстар ойынан шықпаған соң 3 жылдан кейін өз алдына дербес «Ерзат» шаруақожалығын құрды. Әрине бауырлары Қанат, Хамит, Ерболсын болып, қолдағы азғантай малды өсіре отырып, біртіндеп техника сатып ала бастайды.

Алғашқыда «Белорусь» тракторын, келесі жылдары ДТ-75 тракторын, бас аяғы 5-6 жылда орнықты фермер болып, егін салып, мал басын өсіріп, көбейтуде аянбай еңбек етті.

Хабиттің үлкен қасиеті өмірі ерінбейді, жалықпайды, алдыңғы қатарлы механизаторлардың жанында жүріп, техника тілін өте жақсы меңгеріп алған.

Бүгінде қандай техника болсын өзі бұзып, өзі жөндеп тез арада жұмысқа шыға береді.

250-300 тоннаға таяу шөпті шауып, Ерболсын екеуі жинап алса, Хамит ағасы жалпы малдың бағылымына, өсуіне жауапты.

Қанат ағасы егін науқаны кезінде қол ұшын беріп, көмектесіп отырады. Осылар өз шаруақожалығын бастағанда малдан 3-4 жылқы, 7-8 сиыр ірі-қара, 15-20 қой ешкі болатын.

Бүгінде шаруақожалықта 150-ден астам жылқы, 200 бас ірі қара, 100 бастан аса ұсақ мал ұстап отыр. Жылда 100 га жерге егін салады. Осы кейінгі екі жылда 2 жаңа МТЗ-82, МТЗ-952 «Белорусь» тракторын алды.

Тағылы округінің алдыңғы қатарлы шаруақожалығын басқарып отыр.

Хабит Төлеуқұлұлының ең үлкен қасиеті адамгершілігі, кімге болсын көмектесіп ұшып тұратындығы, жолдас жораға сыйлы, адал.

Шет ауданында Хабитті білмейтін адам жоқ, жылқышы болсын, бизнесмен болсын, фермер болсын Хабитпен араласып жатады. Тіпті Жамбыл облысы, Шымкенттен келіп жігіттер ауыс-түйіс шаруаларын шешіп жатады. Хабит бүгінде Қызылту ауылының белді азаматы, ауылдың қысы-жазғы ауыртпалығы осы азаматтың мойынында. Әке-шешесі, бауырлары ынтымақты жанұя болып елге үлгі болуда.

Хабит бүгінде үш бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Хабитке денсаулық, еңбекте табыс тілейміз.

Елмен етене араласып, күн сайынғы қиындықтарды көзбен көріп жүрген Хабит қандай мәселені нендей жолмен шешуді біледі. Қыс түскеннен кейін қалың қардан жолдың жабылып қалуы – Қызылту  ауылының өзекті мәселесі. Бұл кездері Хабит қар аршып, жол ашумен арпалысады.

Жазда өрт қаупі жиі, онда ауыл тұрғындарын жинап, өрт қауіпсіздігі үшін күреседі.

«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, Хабиттің ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелерді шешуге ат салысып жүргені рас. Атқұмар жігіттерді ұйымдастырып, бәйге де өткізді. Көпшілік сергіп бір жасап қалды. Жұмысының әр күнін ел игілігін арттыруға жұмсайтын азамат су тасқыны кезінде де азаматтығын көрсетіп жатады. Қалай айтсақ та, Хабит аманат жүгін арқалай алатын жігіт.

Жуырда ғана Хабит Ауылшаруашылығы саласының «Құрметті ардагері» медалінің иегері атанды.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *