51 мың адам жұмысқа тұрады

Қарағанды облысында биыл 51 мың тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. 5 айда жұмыспен қамту шараларымен 14 мың адам немесе 28 % қамтылды. «Оның ішінде 12 мыңы жұмысқа орналастырылды», деп хабарлады облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін әртүрлі құралдар қолданылады. Олардың қатарында ұлттық жобалар, «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жұмысқа орналастыру бағдарламалары қарастырылған, сондай-ақ өз ісін ашу кезінде азаматтарға қолдау көрсетіледі.

1200-ден астам қарағандылық «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кəсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Екінші жартыжылдықта жастар кəсіпкерлігін дамыту үшін 2,5 %-бен 339 жеңілдікті несие беру жоспарланған.

Қазірдің өзінде халықтың əлеуметтік осал топтарына жатқызылған қарағандылықтар 33 грант алды. Мемлекеттің қолдауының арқасында облыстың əртүрлі қалалары мен аудандарында наубайхана, спорт клубы, жылыжай, терезелерге тор жасау цехы, ұлттық киім өндірісі жəне т. б. ашылды.

Облыста мүгедектігі бар жəне оларға қамқорлық жасайтын адамдарға арналған үш жылдық жаңа жоба іске қосылды. «Террикон алқабы» ІТ-хаб базасында 300-ден астам адам жаңа цифрлық мамандықты иегере алады. Оқыту тегін

Сондай-ақ, аймақта бос орындар жəрмеңкелері үнемі өткізіліп тұрады. Одан да көбірек халықты қамту үшін бұл жəрмеңкелер адамдар көп жиналатын жерлерде жүзеге асырылады.

Тұрақты негізде Мансаптық орталықтар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жəне пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізеді.

Бұл ретте əлі де үйді-үйіне барып, аралау жүргізіледі. Жұмыссыз жəне NEET-жастарды есепке алуға жəне оларды жұмыспен қамту шараларына жұмылдыруға мүмкіндік береді.

— Жалпы жүргізіліп жатқан шаралар жұмыссыздық деңгейін 4,2 % деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді, бұл республикалық көрсеткіштен 0,5 пайыздық тармаққа төмен, — деп түйіндеді спикер.

Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аудан əкімдері мен жоба əкімшілеріне жұмыс орындарын құруды жəне жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды бақылауды тапсырды.

— Қазір жастар үшін жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалған. Көптеген бағдарламалар бар, оларды белсенді пайдалану керек. Биыл колледждер мен жоғары оқу орындарын 20 мыңнан астам студент бітіреді. Оларды жұмыспен қамту шараларымен белсенді қамтып, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын ұсыну қажет, — деп атап өтті өңір əкімі.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *