Қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі – металлургия. Сол себептен еліміздің Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығы бойынша шілде айының үшінші жексенбісі Металлургтер күні ретінде аталып келеді.
Біздің ауданымызда біршама кен орындары орналасқан. Осы салада қызмет ететін майталман мамандар ауданның экономикасының өркендеуіне орасан зор үлес қосып жүр. Бүгінгі мақаланың кейіпкері есімі кезінде КСРО-ға, қазіргі кезде республикамызға танымал металлург, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Жанасбаев Әжібжан Төкенұлы.
Әжібжан Төкенұлы 1949 жылы 13 шілдеде Қарағанды облысы, Шет ауданы, Мойынты станциясында дүниеге келген. Әкесі Төкен Жанасбайұлы Ұлы Отан соғысының аяғына дейін болып, елге аман-есен оралады. Майданда жеңіс үшін жанын аямай, көптеген орден, медальдармен марапатталады. Соғыстан кейін бірден еңбекке араласып, көп жылдар бойы Мойынты атқару комитеті кеңесінің төрағасы болады. Сол қызметте жүргенде Мойынты – Шу темір жолының құрылысы қарқынды жүріп жатса керек. Кейін дүниеден өткен соң әкесі туралы анасы Кәмеш:
– Әкелерің кентті басқарып жүргенде темір жолдың құрылысын көріп
кетуге, бақылау жасауға Алматы, Қарағандыдан, тіпті Мәскеу жақтан көп адамдар келетін. Солардың барлығын жаны қалмай күтіп алып, үйден дәм татырып, шығарып салып жүруші еді, – деп жылы еске алып отырады екен.
Көпбалалы отбасында өскен Әжібжан Төкенұлы 1967 жылы Ақжал орта мектебін бітіреді. Жоғарғы оқу орнына түсудің сәті болмаған соң кен байыту фабрикасына откатчик болып жұмысқа кіреді. Атқаратын шаруасы кеннен қорытылып шыққан мырыш, қорғасын концетратын контейнерге толтырып, сыртқа шығару болған. Сменалық серіктестері соғысқа қатысқан майдангерлер, жас жігітке көп ақыл-кеңестерін беріп, еңбекке тез араласып кетуіне ықпалдарын тигізеді.
Бір жылдан соң әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын Моңғолия елінің Улан-Батор қаласында өтейді. Жастайынан өнерге жақын болғаны (бірден бес музыкалық аспапта ойнауы), спортпен, оның ішінде футбол ойынымен етене араласқанының пайдасы тиіп, оған солдаттық өмір әсте қиын болмады. Оның үстіне әскери мамандығын жете меңгергенінің арқасында, санаулы адамдардың бірі болып дүниежүзі пролетариатының көсемі Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойлық медалімен наградталды. Ал енді, әскер қатарында жүріп Коммунистік партияның мүшелігіне кандидат болып қабылдану өз алдына.
Әскери тәртіпке қалыптасып, бойы шымырланып, ойы есейіп келген Әжібжан Төкенұлы өскен ауылы Ақжалға қайтып келеді. Еңбек жолын кеніште қайтадан жалғастырады. Бірақ осы жолы тау цехына (горный цех), бүкіл басшылардың ішіндегі жалғыз қазақ Рақымжанов Сайран Рақымжанұлының қарамағына барады.
Бұл жердегі міндеті перфораторға көмекші болу. Көп ұзамай бұрғылау станогы машинисінің көмекшісі болып ауысады. СБШ — 250 маркалы бұрғылау станогында есімдері елге танымал бола бастаған, абыройлары тасыған, нағыз еңбек майталмандарына айналған аға буын өкілдері жұмыс атқарып жүрді. Атап айтқанда, бұрғылаушылар Зубов Сергей, Бәкіров Тәнкен, Сармантаев Қайнықас, Тәттімбетов Имамұса, экскаваторшылар Әбілжанов Кәдірман, Березовский Станислав, тағы басқалар болды. Осындай еңбек адамдарының ортасына түскен Әжібжан ағамыз олардан үлгі алып, ақыл – кеңестерін тыңдап, техниканы игеруде үлкен жетістіктерге жетті.
Біршама уақыттан соң ұстазы Тәттімбетов Имамұса денсаулығына байланысты жұмысынан кеткен соң, арнайы емтиханнан өтіп, орнына машинист болып бекітіледі. Енді нағыз жауапкершілігі жоғары еңбек осы жерден басталады. Кеңес заманында жоспарлы экономика болғанын бәріңіз білетін боларсыздар. Ол уақытта жоспарға негізделген кенді шығарып, уақытында жібермесең тағы болмайды. Қызметшілер мен жұмыскерлер сыйақыларынан айрылады. Бұрғылауға бекітілген жоспар орындалмай жатқанда, әсіресе әрбір айдың, тоқсанның аяғында жұмыстың қауырт шағы жүре бастайды екен. Тәулік ішінде екі ауысым, кейде үш ауысым, тіпті бір рет төрт ауысымды жалғастырып жұмыс атқарған күн де болыпты. Тәуліктен астам уақыт бойы демалмай, ұйқы көрмей станоктың басында болуға тура келген. Осындай тынымсыз жұмыстардан кейін мол тәжірибе жинамағанда қайтесің!
1976 жылы кеніш директоры болып жоғарыда аталған Рақымжанов Сайран Рақымжанұлы келеді. Ол өзін білімді инженер, шебер ұйымдастырушы, ұжым мүшелерімен тіл табыса білген басшы ретінде көрсете алды. Біртіндеп өндірістің жұмысы дұрыс жолға қойылды. Жаңадан техникалар алынып, фабриканың құрылысы жүре бастаған. Бір сөзбен айтқанда білікті басшының арқасында кеніштің бүкіл саласында қарқынды жақсы өзгерістер орын алған.
Бір күні жұмыс орнына келіп, Әжібжан Төкенұлына өтініш жасайды.
– Әжібжан, анау тұрған станокты көріп тұрсың ба! Оның жұмыс
жасамай тұрғанына жарты жыл болды. Сол станокты жүргізе аласың ба? – деп сауал қояды.
Әжекең көп ойланбастан:
– Көрейін, – деп жауабын береді.
Сонымен не керек, техниканың тілін жақсы меңгеріп алған Әжібжан
Төкенұлы өзінің Кәрібай есімді көмекшісімен бірге станокты қалпына келтіруге кірісіп кетеді. Әбден тозығы жеткен, шаң басып қалған техниканы жөндеу оңайға соқпайды. Онымен қоса жарты сайманы да жоқ. Осының бәрін ескере, бір ай бойы ұйқы мен күлкі көрмей техниканы жөндеумен айналысады. Станокты іске қосатын күнге де жетеді. Қосылуы қосылады, бірақ күндіз жасаса қызып кетеді екен. Дегенмен ескіргеннің аты ескірген. Сондықтан күндіз жөндеу жұмыстарын жалғастырып, кешкі 8–ден таңғы 8–ге дейін кенді бұрғылауды бастап жүрген. Кеніш басшылығы 1 000 текше метр жоспарын да беріп үлгерген. Сол межеден шығу керек. Абырой бергенде, көмекшісімен екеуі 3 айдың ішінде 2 000 текше метр бұрғылап, тапсырманы 200 пайызға орындап, айды аспанға бірақ шығарады. Бір тоқсанда жарты жылдың жоспарын орындап тастаған Әжкеңнің бригадасы бүкіл Ақшатау кен-байыту комбинаты бойынша бірінші орынға шығады. Жасаған ерліктері жоғарғы жаққа да жетеді, сол үшін министрліктің грамотасы, арнайы вымпелы, ақшалай сыйақысы беріледі.
Осы кезден бастап Жанасбаев Әжібжан Төкенұлының дәуірі басталды десек қателеспейміз. 1976 жылдың қорытындысы бойынша ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. 28 жастағы қылшылдаған жас жігіттің орденге қолы жетуі – үлкен жетістік, жерлестері мен әріптестері үшін күтпеген жақсы жаңалық болды.
Рудникке су жаңа СБШ – 250 станогы келеді. Әрине ол, басшылардың шешімімен өзін көрсете алған Әжкеңе бұйырады. Жастарды жұмысқа тартып, комсомол – жастар бригадасын құрады. Ендігі кезекте өзі тәлімгер болып, жас шәкірттеріне жинаған тәжірибесін, үлкендерден білген – түйгенін үйрете бастайды. Жасаған еңбектері алға басады. Бұрғылаудан жоспарларын екі есе, үш есе орындап жүреді. Бригаданың, оның басшысының есімін облыс, республика тұрмақ, Кеңес одағының республикалары біле бастайды.
1978 жылы Әжкеңде естен кетпес бір оқиға орын алды. Жезқазған облысынан жалғыз делегат болып, комсомол – жастар бригадасының жетекшісі ретінде КСРО – Въетнам жастарының достық кездесуіне қатысады. Алматы қаласында өткен форум жас металлургке ерекше әсер етіп, өміріндегі бір ұмытылмас із қалдырады. Республика сарайында өткен үлкен шараға Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев қатысады. Сол жерде оған жақын барып, сәлемдесуге сәті түседі.
Сол жылы жастарды тәрбиелеудегі жоғарғы жетістіктері және комсомолдың 60-жылдығына орай Қазақ ССР-ің Құрмет грамотасына қол жеткізеді.
1980 жылы қыркүйек айында Әжібжан Төкенұлының өмірінде тағы бір үлкен қуанышты жағдай болады. Ол Қазақ ССР-і Үкіметінің қаулысымен Мемлекеттік сыйлығын алуы. Алматы қаласындағы Үкімет үйінде арнайы диплом тапсырылып, омырауына лауреаттық алтын белгі тағылып, куәлігі беріледі. Сыйақы ретінде берілген 500 сомның 100 сомына жұбайына сыйлыққа жүзік алып, қалған 400 сомын қамқорлық пен жомарттық танытып балалар үйіне тапсырған екен.
Ал енді 1986 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Әжкеңе Кеңес одағының ең жоғары наградасы – Ленин ордені табысталды. Заманында мұндай марапатқа мыңдаған адамдардың бірі ғана қол жеткізе алатын. Еңбек жанды деп осындайда айтатын шығар?
Атағы шартарапқа жайылған еңбек озаты 1988 жылы Москва қаласында өткен Коммунистік партиясының ХІХ партия конференциясына делегат болып сайланады. Партияның үлкен жиынына Жезқазған облыстық партия ұйымынан 7 адам қатысқан. Дәл сол уақытта М.Горбачевтың жариялаған «қайта құру және жариялау науқанының» қызып тұрған кезі болатын.
Әжкеңнің өмірінде тағы бір шыңды бағындырған сәті болғаны елге мәлім. 1989 жылы Жезқазған облысынан ол 5 жылдық мерзімге ҚСРО Халық депутаты болып сайланды. Бұл жерде айта кететін жағдай, сол кездің депутаттары тұнғыш рет жартылай кәсіби жағдайда жұмыс жасағаны. Еліміздің астанасы Москва қаласына бір кеткенде алты айға дейін заң шығару процесстеріне барып – қайтуға тура келіп жүрді. Жерлесіміз сайлаушыларының аманатын абыроймен атқарып шықты.
Әжібжан ағамыз депутаттық міндетін атқарып жүрген кезеңде басқа бір қырынан көрінді. Ол қоғам қайраткері атанатындай ядролық жарылысқа қарсы «Невада – Семей» халықаралық қозғалысының жұмысына белсене араласуы. Аты әлемге әйгілі Олжас Сүлейменов басқарған қоғамдық – саяси ұйым ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті. Семей полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. 1989 жылы халықаралық қозғалыстың жұмысымен арнайы делегацияның құрамында Америкадағы Невада штатындағы ядролық полигонға да барып қайтты. 1992 жылы бұл полигон да өз жұмысын біржола тоқтатты.
Халық қалаулысы болған кезеңде бірге жүрген әріптестерінің көмегі тигені де бар. 1996 жылы елімізде орын алған дағдарыстың салдарынан Ақшатау кен – байыту комбинаты, оның ішінде Ақжал кенішінің жұмысы тоқтап қалды. Кеншілер алты ай бойы еңбекақысын ала алмай, күнкөрістері қиындап кеткен. Бұл жағдайда инвестор ретінде жұмыс жасап жатқан «NOVA Трейдинг» компаниясы комбинаттың қарызынан құтыла алмай, жұмыс жасаудан бас тартып жатқан.
Комбинаттың бас директоры Садықов Барлық Садықұлы өзіне шақырып алып, Әжкеңнен көмек беруін сұрайды. Өйткені комбинаттың акциялары мемлекет иелігінде, сондықтан оның тарапынан «шұғыл терапия» жасау керек болды. Ал осы мәселені шеше алатын республикамыздың Премьер – Министрінің бірінші орынбасары Штойк Гарри Гвидович. Ол кісімен бірге Жоғарғы Кеңесте депутат болған кезде Әжекең жақсы араласқан. Қабылдауына жазылғаннан кейін үлкен басшы жылыұшырай қарсы алған. Керекті ведомстволардың басшыларын жинап мәселені оң шешеді. Комбинаттың бүкіл қарыздары өзінде қалып, Ақжал руднигін жекешелендіруге жатқызып береді. Кейін өткізілген тендерде инвестор кенішті меншігіне алып, рудниктің жұмысы әрі қарай жүріп кетті.
Байқап отырсаңыздар, Әжібжан ағамыздың еңбектегі жетістіктері де, қоғамның дамуына қосқан үлесі де ұшан – теңіз, тоқтамай тізбектей беруге болады. Аянбай еңбектенгеннің арқасында осындай үлкен мәртебеге жеткен, Шет ауданының Құрметті азаматы атағына ие болған ағамыз әлі де аттан түспеген. Жасы 75-ке келіп жатса да, кент балаларын футбол ойынына баулиды. Оларды аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға апарып, биіктерден көрініп жүр. Мектепте шахмат секциясын да жүргізеді. Шәкірттері облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрінуде.
Әжібжан Төкенұлын спорттан басқа өнерге де жақын адам екенін жоғарыда айтқанмын. Музыкалық аспаптарында ойнауымен қатар, ондаған ән мен күйлерін дүниеге әкелген сазгерлік қабілеті бар өнерпаз. Немерелерін де музыкаға баулып жүр. Оқу жылында мектепте балаларға домбыра үйірмесін жүргізеді.
Бірде мен ФБ-ғы парақшама өмірден ерте кеткен ұлым Есенкелдіге арнаған өлеңімді жариялаған едім. Сол күні кешке маған WhatsApp-қа бейнехабарлама келіп тұр. Ашып қарасам Әжкең пианиномен, немересі домбырамен сүйемелдеп, Арна есімді немересі ән шырқап жатыр. Сөйтсем, ол кісі менің парақшамнан өлеңді оқып, балама арнап қолма – қол ән жазған екен. Мен дереу Әжкеңнің ұялы телефонына шығып, амандасып болған соң:
– Мына әннің сөздерін қайдан алдыңыз? – деп сұрадым. Ол кісі:
– Парақшаңа салыпсың ғой? – деп жауабын берді.
– Сонда өлеңім сізге ұнаған ба? – дедім.
– Қалижан – ау, мына өлеңің өзі әуен жазуға сұранып тұрған жоқ па?
– дегені есімде қалыпты. Сірә сол күні ағамыздың шабыты оянып, менің өлеңіме ән жазып тастаған болу керек. Негізі ол кісінің YouTube-та жеке каналы бар. Сол жерге жазған әндерін, күйлерін салып отырады. Байқап жүремін, халықтың қаралымы да жаман емес, 1 мыңнан асып жығылып жатады.
Жеті қырлы, бір сырлы азаматтың жан – жақты талантын ашып көрсеткен «Хабар» және «Қазақстан» телеарналары ол кісі туралы арнайы репортаждарын арнаған екен.
Әлбетте, Әжібжан Төкенұлының басынан қиын, қимас сәт те өтті. 2020 жылы елімізді жайлаған пандемия сүйген жары Гүлзада Күдесқызын өмірден алып кетті. Мезгілсіз қаза жарты ғасырдай бірге өмір сүрген жолдасына ауыр тиіп, есеңгіретіп тастады. Үйінің берекесі, ұйытқысы болған, жай ұстаздықтан бастап мектеп директорлығына дейін көтерілген жеңгеміздің отбасына да, кенттің білім саласына да қосқан үлесі өте зор.
Бүгінгі таңда Әжібжан ағамыз зайыбының аманат етіп тастап кеткен ұл – қыздарының, немерелерінің ортасында бақытты өмір кешуде.
Әжібжан Төкенұлы өзінің өмір жолы туралы 2020 жылы Алматы қаласының «Тоғанай Т» баспасынан шыққан «Өмірімнің өрнектері» атты кітабында өте әсерлі, қызықты қылып жазып шыққан. Маған сыйға тартқан шығармасын бір демде толық оқып шықтым. Адал еңбегімен елге танылып, үлкен шыңдарды бағындырған, қоғамдық шараларға белсене қатысып, аңыз адамға айналған ағамыздың өмір жолы елге, оның ішінде кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге болмақ.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті