«Таза Қазақстан – бұл біздің брендіміз»: Абай ауданында жастар экологиялық акция ұйымдастырды

Абай ауданында «Таза Қазақстан – бұл біздің брендіміз» атты жастардың экологиялық акциясы өтті. Жас белсенділер бизнес өкілдерімен бірлесіп, «Таза Қазақстан» символикасы бейнеленген арнайы стикерлерді бір рет пайдаланылатын стақандарға, кофеханалардың қаптамаларына, фастфуд орындары мен сауда нысандарының өнімдеріне жапсырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты — экология тақырыбын әр тұрғынның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.

«Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Лаура Дүйсенова акцияның мақсаты адамдарға тазалықтың маңызын күнделікті қолданатын қарапайым заттар арқылы еске салу екенін айтты.

— Біз экологияны өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырғымыз келді. Бір реттік кофе стақаны немесе тағам қаптамасы — күн сайын көзіміз түсетін дүниелер. Біздің міндетіміз — әр тұрғын қолына кофе не жеңіл ас ұстап тұрған сәтте өз қаласы мен тұтас елдің тазалығы туралы ойланса екен деген ниет болды, — деп атап өтті ол.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Таза Қазақстан» жобасы әлдеқашан қарапайым сенбіліктер аясынан шығып, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның символына айналған.

Экологиялық бастамаға жергілікті бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Кофеханалар, дүкендер мен жеткізу қызметтерінің иелері өз өнімдеріне экологиялық стикерлер орналастыру идеясын қолдаған.

Кәсіпкер Юрий Котов қала тазалығы әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.

— «Таза Қазақстан» — жай ғана жазу емес, бұл біздің қалаға, табиғатқа және болашаққа деген көзқарасымыздың белгісі. Қаланың тазалығы әр адамнан басталады, ең бастысы — қоқыс тастамау әдетін қалыптастыру, — деді кәсіпкер.

Абай ауданының жастары тұрғындарды көшелердің тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және елдің ортақ болашағы үшін әр адамның үлесі маңызды екенін ұмытпауға шақырды.

 

«Таза Қазақстан – бұл біздің брендіміз»: Абай ауданында жастар экологиялық акция ұйымдастырды