Кәсіпкерді қолдау – болашаққа жол

«Бір ауыл – бір  өнім» әлеуметтік жобасы Қарағанды облысында да жүзеге асуда. Кәсіпкерлікке жол ашқан бағдарламалар саны артып келе жатыр. Бәрі де халық игілігіне жұмыс істеуде. Дегенмен, «әттегең-ай!» да жоқ емес. Бұл жоба бұрынғы кейбір жүзеге аспай қалған жобалардың кебін кимесе дейміз.

Елде отырып, қаладағыны ет-сүтімен, жылы-жұмсағымен қамтып отырған ауылдықтар үшін, отандық өнімге сұраныс артқандықтан, кәсіп ашуға ниет еткен жандарға таптырмас жоба –  бұл.

Бұл жоба қазіргі таңда әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылуда. Жобаны 2022 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді.

Ұйымдастырушылар: «Бір ауыл – бір  өнім» жобасы алғаш Жапонияда ойлап табылған. Өңірлерді дамыту мақсатында әзірленген жоба халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосты. Жоба аясында белгілі бір аймақтың еркшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын саланы табу, зерттеу көзделген. Сонымен қатар, жергілікті ресурстардан сапалы өнім өндіруді, бизнесті басқару, маркетинг пен өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, жергілікті және халықаралық нарықтарда өнімді тарату, жергілікті брендтер шығару және өнімнің құндылығын арттыру тұрғысынан өндірушілердің дағдыларын дамытуға бағытталған», – дейді.

Жобаға келсек, ауылдағы өнерлі жұрт кәде-сый, ұлттық тағам жасап, басқа да керекті бұйымдармен сөрелерді толтыра алады.

Осы жобаның арқасында Абай ауданы Дубовка елдімекеніндегі ешкі сүт өнімдерін шығаратын шаруашылық өз өнімін нарыққа шығарды.

Ал Қарағанды қаласының грантын ұтып алған Меруерт Абзалбек болса қант қосылмаған жент жасап, ұлттық брендке айналдырмақ ниеті бар.

– Ұлттық тағамды елдің қалауына қарай икемдеу бір қарағанда оп-оңай шаруа емес. Оған ұзақ дайындық пен іркіліссіз ізденіс керек-ақ. Әуел баста бұл ой маған екі жыл бұрын келген-тін. Тағамның оңтайлы формуласын құрауға әжептәуір уақытымды сарп еттім. Жалма-жан нутрициолог пен аллерголог маманмен кеңес алдым. Көп көмегі тиді. Ептеп жүріп женттің глютенсіз тары, әрі қантсыз бидай деп ныспылаған екі түрін елге ұсынуға білек сыбана кірістім. Жобам қала әкімінің грантын иеленіп, мерейім өсті. Алақаныма түскен ақшаға жабдық сатып аламын. Әзірге бір адамды жұмысқа орналастырдым, – дейді жас кәсіпкер Меруерт Сапарқызы.

Бүгінде Қарағанды облысында бизнес саласы өркендеуде. Өз ісін дөңгелетіп әкеткен 100 мыңға жуық кәсіпкер нәсібін табуда. Олар қос қолдап тірлік етумен қатар 240 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған.

– Шағын және орта кәсіптің өрістеуіне бертінгі уақыттан бері жолға қойылған қолайлы инфрақұрылым да септігін мол тигізуде көрінеді. Рас. Бұл салада іліп аларлық ілкімді істер аз емес. Алдымен прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сынды құзырлы органдар өкілдерімен бірлескен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы «Бизнеске жол», «Бизнестің жол картасы» секілді тыңғылықты бастамалар жемісін беруде. Түсін түстеп, атын атап өтерлік жоралы жобамыздың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Алғаш жапон халқы ойлап тапқан бұл ерек іс кейінірек қоңсылас Қырғыз елінде өркен жайған. Біз айырқалпақ жұрттың айылдарын аралап, ой елегінен өткізген соң осы жылы облыс аумағында бөгенайы бөлек бастаманы енгізуді құп көрдік, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Жақында Қарағанды облысында көрме-жәрмеңкеде жергілікті шикізаттан жасалған топ-10 тауар анықталды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 30 қатысушысы өз өнімдерін ұсынды. Комиссия ең жақсыларын іріктеп алды.

Жаңа бастаған кәсіпкерлерге өнімді брендтеуге және оны нарыққа шығаруға көмек берілмек.

– Мұндай көрме бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Мақсаты – отандық кәсіпкерлерді қолдау және жаңа қазақстандық брендтер құру. Ешқандай салаға шектеулер жоқ. Негізгі шарт – жергілікті шикізатты пайдалану. 30 қатысушының ішінен 10-ы келесі кезеңге өтеді. Нәтижесінде бренд комитеті үш жеңімпазды анықтайды. Финалистер өндірістік технологиялар, маркетинг бойынша тегін курс оқиды, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Меруерт Қасымова.

Жұмыс тобының мүшелері барлық тауарды мұқият зерттеп, қатысушылармен сөйлесті. Ұпайлар бағалау парағына қойылды. Басты критерий – шикізаттың жергілікті болуы. Өнімнің сыртқы нарыққа шығу әлеуеті де маңызды.

Ассортимент алуан түрлі болды: сүт және ет өнімдері, кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар, керамикадан жасалған бұйымдар, сабын, этностильдегі киім.
Металл мүсіндер көпшіліктің назарын аударды. Теміртаудан келген кәсіпкер Ақылжан Елеуғазин хоббиін кәсіпке айналдырған. Ол бизнеске бірден келген жоқ. Машина жасау мамандығын алғаннан кейін, CNC станогының токары болып жұмыс істеді. Дәнекерлеу ісін әкесінен үйренді. Қазір олардың шағын отбасылық цехы бар. Негізінен терезелердегі қорғаныс торларын өндіріп ақша табады. Ақылжан жергілікті металдан мүсіндер құрастыруға қызыққан. Басынан аяғына дейін бәрін өзі жасайды, соның ішінде 3D модельдеуге дейін сызады. Биыл 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант алды және жобаны дамытуды жоспарлап отыр.

Көрмеге қатысушы Жаннара Батырханова да өз оқиғасымен бөлісті. Мамандығы бойынша қаржыгер ретінде органикалық пайдалы тағам өндірісін игерген. Дәрігерлер оған дұрыс тамақтануға кеңес бергеннен кейін, өзі үшін сүйек сорпаларын, кето пастасын және гхи майын дайындап үйренген.

– Мұндай тамақтану денсаулығыма көп көмектесті. Сатылымда көптеген импортталған органикалық тағам бар. Мұның бәрін жергілікті шикізаттан өзіңіз жасасаңыз да болады. Бұл арзанырақ. Мен дұрыс тамақтану барлығына қолжетімді болғанын қалаймын. Қазір өз өнімдерімді Instagram арқылы жарнамалаймын. Арманым – үлкен шеберхана ашу. Әзірге тек өз қалтамнан төлеп отырмын, мемлекеттік қолдау өндірісті кеңейтуге көмектесер еді, – дейді Жаннара Батырханова.

Көрмеде өнген бидайдан жасалған пайдалы нан өнімдері де болды. «Эконан» брендін кәсіпкер Әсел Бекбаева құрды. Осакаров ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен астық сатып алады. Пісіру цехы Майқұдықта орналасқан, онда бірнеше адам, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс істейді.

Сөзіміздің басында «әттегең-ай»-ды айтып қалдық. Өйткені, бұған дейін де бірнеше жоба қолға алынып, кәсіп ашамын деген ауылдық жастарға грант берілген болатын. Бір ауылдағы бір ғана көшеде төрт дүкен ашылып, сол көмек  ақшасы біткенде, үшеуі жабылып, біреуі ғана қалғанын да естіп қана қоймай, көзімізбен де көрген едік.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының жемісін көріп, көрмеден озық шыққан үш кәсіпкер  5 млн теңгелік облыс әкімінің грантына үміткер болады. Бұл да болса отандық өнімнің сапалы болуына алғышарт болса керек.

Яғни, бұл жоба кәсіпкерді қолдай отырып, болашақта үлкен нарыққа жол ашуына септігін тигізбек. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін таптырмас жұмыс орны болмақ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *