Қарағанды облысында жұмыссыздықпен күреске бағытталған бірнеше жоба жұмыс істейді. «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» сынды жобалар өз жемісін беруде. Бұның бәрі жастар мен зейнеткерлікке дейінгі жандарға арналса, бұл жолғысы зейнеткерлерке көмекке келді. Биылдан бастап «Алтын жас» жобасы қолға алынып, өңірдегі зейнеткерлерді жұмыспен қамтуға баса назар аударылып отыр. Жалпы, бұл жоба халыққа не береді?
Жоба жұмыс іздеп жүрген зейнеткерлерге арналған. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.
Бір айта кететіні, мұндай жоба Қарағандыдан бөлек тек Алматыда ғана бар. Бұдан былай зейнетке шыққандар осы «Алтын жас» жобасы арқылы жұмысқа тұра алады.
– Бұл – өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың бастамасы. Оның жеке қабылдауына егде жастағы адамдар жиі шағымданып, жұмыс таба алмай жатады. Осыдан туындады. Бүгінде бұл бағдарлама сұранысқа ие. Бір айдан аз уақыт аралығында жүзге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарлама облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Оның ерекшелігі – өз командасына зейнеткерді қабылдаған жұмыс берушілерге оның жалақысының жартысы субсидияланады, бірақ бір ең төменгі жалақыдан артық емес (2025 жылы – 85 мың теңге). Алайда бұл шектеудің өзінде де зейнетақының өсімі жаман емес, себебі жұмыс беруші де осынша қосады, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.
Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі бюджеттегі мекемелерге зейнеткерлер өтініш бере алмайды, жекеменшік білім беру орталықтарына шақырылады. Аймақ басшысының қолдауымен өңірдегі 146 білім беру орталығы облыс әкімдігімен осы жоба аясында келісімшартқа отырған. Осы уақытта сол орталықтарда 96 зейнеткер келісімшарт аясында жұмыс істеуде.
Аталған жоба аясында жұмысқа тұрған зейнеткердің бірі – Дария Нурекина. Қазіргі уақытта ол Қарағандыдағы «Aisha» ЖШС тиесілі Happy kids орталығында мектепке даярлық курсын жүргізеді. Зейнеткер Шет ауданы, Ақжал кентіндегі мектепте 44 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған. 2016 жылы зейнет жасына шыққан соң қалаға қоныс аударады. Биыл осы жоба аясында жұмысқа тұрып, уақытын балаларға арнап жүр. Қазір Дария Жаманқұлқызының 10 шәкірті бар. Таңертеңгі 9-дан 12-ге дейін мектепте даярлық курсын өткізсе, түстен кейін 7-13 жас аралығындағыларға қосымша сабақ береді.
– Ақжалдан келген соң қаладағы мектептің біріне жұмысқа тұрдым. Бірақ, көп ұзамай жасыма байланысты ол жұмыстан кетуге тура келді. Балаларым таңнан кешке дейін жұмыста. Немерелерім сабақта. Үйде өзім ғана қаламын. Сөйтіп жұмыс іздеп едім, әлеуметтік желіден «Алтын жас» жобасы туралы білдім. Толық ақпарат алып, өтініш қалдырдым. Қазір, міне, сүйікті ісіммен қайта айналысып жатырмын. Жұмыс орным үйіме жақын. Таңертең жаяу келемін. Осындай жобаны қолға алып, қолдап отырған өңір басшылығына алғысымды білдіремін. 8 қаңтардан бастап осында, даму орталығында жұмыс істеймін. Балаларды оқып, білуге үйретемін, олардың мектепке дайындалуына көмектесемін, – дейді Дәрия Нұрекина.
Орталықтың әкімшісі Аида Өтеуованың айтуынша, күн сайын оларға 50-ге дейін бала келеді. Көптеген ата-аналар жасы егде, тәжірибесі бар педагогтарды қалайды, сондықтан жаңа пайдалы қызметкер тапқандарына қуанышты.
– «Алтын жас» бағдарламасы бойынша ақпан айынан бастап орталыққа тағы бір зейнеткер – университеттің бұрынғы оқытушысы жұмысқа келеді. Ол балаларға ағылшын тілін үйретеді, – дейді Аида Өтеуова.
Тағы да бір кейіпкеріміз Ләззат Асылбекова 40 жылдан астам Қарқаралы ауданының Томар ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Өткен жылы зейнетке шығып, Қарағандыға көшкен. Қаңтар айында аталған жоба аясында «Казсарапсервис» ЖШС тиесілі орталықта жұмысқа қабылданып, мектепке дейінгі даярлық бөлімінде дәріс береді. Түске дейін алты балаға мектепке даярлық бойынша сабақ берсе, түстен кейін 2-4 сынып аралығындағы 8 балаға қосымша дәріс өткізеді.
– Зейнеткерлер үшін бұл жақсы қолдау. Балаларды жақсы көремін. Денсаулығым жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Реті болса, үйде отырмаңыздар! Төрт қабырғаға қамалып отыра берсеңіздер, тез қартайып кетесіздер. Ал бұл жерде өзімді қажет сезінемін, баршаға пайдасы бар: біз өз тәжірибемізді жастарға береміз, ал олардан жаңа нәрсе үйренуге болады, – деп Ләззат Асылбекова құрдастарын бағдарламаға қатысуға шақырды.
Зейнеткер қосымша табысын жинап, Қазақстанды аралағысы келеді.
– «Алтын жас» арнайы бағдарламасы зейнеткерлікке шыққан, бірақ күш-қуаты мол және табысын арттырғысы келетін өңір тұрғындарына арналған. Қарағанды облысында 180 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысуға 146 жұмыс беруші ниет білдірді. Жұмысқа 96 адам жіберілді. Негізінен олар бастауыш сынып мұғалімі, бухгалтері, менеджері, күзетші. Мамандықтар бойынша ешқандай шектеу жоқ, түрлі мамандық бойынша жұмыс таба аламыз.
Биыл «Алтын жас» бағдарламасы бойынша 400 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, ал келесі жылдары олардың саны артатын болады, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.
Жоба аясында жұмыс істеп жатқан зейнеткерлер Қаржы министрлігі «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң аясында бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерін алады. Яғни, 85 мың теңге. Зейнеткер жалақысының 50%-ы жоба аясында субсидияланса, қалған жартысын жеке кәсіпкер өз қалтасынан төлейді.
Жоба сәтті басталғаның зейнетке шықса да еңбек етемін деп құлшынған апайларымыздың жүзінен көрдік.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ