Қарағандыда тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында XVII жеке чемпионатта «рапид» және «блиц» түрлерінен 15 облыс пен республикалық маңызы бар үш қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының өкілдері қатысады.
Спорт шеберлігіне үміткерден төмен емес атақта 14 жастан асқан 134 спортшы жарысқа түседі.
– Қарағанды облысы тамаша нәтижелер көрсетуде. Соңғы екі жылда мұнда әлем чемпиондары мен халықаралық турнирлердің жүлдегерлері арта түсті, – деп тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов өңірдің ұлттық спорт түрін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Турнирге қатысушылар арасында бес дүркін әлем чемпионы, он дүркін әлем чемпионы, еңбек сіңірген спорт шеберлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.
– Құрам өте қуатты. Шынымен де мықтылар жиналды. Партиялар қызықты, ал күрес – табанды болады, – дейді ересектер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері Айнұр Жақапбаева. – Тоғызқұмалақ бойынша классикалық партия төрт сағатқа созылады. Бірақ бізде рапид және блиц жарыстары болғандықтан, мұнда барлығы нақты реттелген: ерлер мен әйелдердің әрқайсысында 20 минуттан, блицте – 5 минуттан плюс 2 секундтан. Партия шамамен 15 минутқа созылады.
Соңғы жылдары Қарағанды облысы осы спорт түрінен қарқынды дамып келеді. Өткен жылы Асылхан Қожанәсіп тоғызқұмалақта үздік деп танылып, «Алтын тұғырды» жеңіп алып, әлем чемпионы атанды. Аңсаған Қожанәсіп көшпенділер ойындарында алтын мен күміс жүлдеге ие болды.
Жарысқа қатысушылардың бірі, 23 жастағы қарағандылық спорт шебері Ернұр Кәріғұл тоғызқұмалақпен мектеп үйірмесінде айналыса бастаған, ал қазір жарысқа жеке қатысуды жаттықтырушылық жұмыспен біріктіреді. Оның қоржынында әртүрлі чемпионатта ұтқан бірнеше жүлделі орын бар.
– Тоғызқұмалақ шыдамдылықты, тез санауды және логикалық ойлауды талап етеді. Бұл нақты ғылымдарға өте көмектеседі – мысалы, менің математикадан бағаларым әрдайым жақсы болды, – деп бөлісті Ернұр.
Чемпионат 24 сәуірге дейін жалғасады және зияткерлік күресте мықтыларды анықтайды.
Бірінші және екінші орын алған спортшылар Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғайды, ал үшінші орын алған спортшылар шілдеде Чехияда өтетін Әлем кубогына қатысады.
Өмір БАЙБОСЫН