Психикалық қолдау орталықтарының жай-күйі тұрақты назарда

Қоғамның қолдауға зәру санаттарының хал-ахуалы қоғамдық кеңестердің тұрақты бақылауында. Мәселен, олар облыстық психикалық денсаулық орталығына жиі барып тұрады. Әр барған сайын орталықтың жағдайы мен ондағы науқастардың жай-күйімен танысады. Себебі тұрғындардың денсаулығы әрі психикалық жағдайы маңызды көрсеткіш саналады. Сонымен қатар қоғамдық бақылау ұйымдарының өкілдерін есірткі және психотропты заттардың таралуы да алаңдатады.

Қазір орталықта 25 мыңға жуық адам есепте тұр. Олардың арасында есірткі қолданатын – 7 407 адам, ішімдікке салынған 6 208 адам бар. Мамандардың айтуынша, есірткі қолданушылар саны өскен. Мәселен, былтыр 7 344 адам тіркеуде тұрған еді. Орталық директоры Зұлпықар Әбілқасымовтың сөзіне сүйенсек, тұрғындарға наркологиялық көмек бірнеше бағыт бойынша көрсетіледі.

– Бізде ерікті түрде ем жүргізуге арналған 92 орын бар. Орындардың басым бөлігі — облыс орталығында. Ал Теміртау мен Балқаш қаласында – бес орыннан. Бұдан бөлек сот шешімімен мәжбүрлі түрде емделушілерге арналған 200 орын жабдықталды. Аталған орталық Саран қаласында орналасқан. Ал Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында 24 адамға шақталған күндізгі стационар және диспансерлік бөлім бар. Сонымен қатар ішімдіктен орташа және ауыр деңгейде уланған адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары жұмыс істейді. Облыс орталығындағы орталық 40 адамға шақталса, Балқаштағы мекеме – 20 адамды, Теміртаудағы 17 адамды қабылдауға арналған. Бұлардан өзге екі химиялық-токсикологиялық орталық қызмет көрсетеді. Осылайша психикалық және наркологиялық қызметті қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді Зұлпықар Ерденбайұлы.

Дегенмен орталық мамандары аймақтың тұтастай эпидемиологиялық ахуалына баға бере алмайды. Себебі орталыққа көмек сұрай жүгінгендерді тіркеумен ғана шектеліп отыр. Сондықтан жағдайдың нақты масштабын көру мүмкін емес болып тұр. Осы орайда орталық мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында сауалнама өткізуді жоспарлап отыр. Бұл сауалнама арқылы жастар арасында есірткі заттарының таралу деңгейін анықтау көзделіп отыр. Ол үшін ата-аналардың рұқсатын алу көзделген. Мәселе жағдайды күрделендіреді. Тағы бір мәселе мектептер әлеуетті нашақорларды жасырады. Өйткені олар мектеп атына кір келеді деп қорқады. Ал қоғамдық бақылау кеңесінің өкілдері мұндайда әрдайым қолдау көрсетуге әзір. Сол себепті бұл істің шешілуіне де атсалысуға бел шеше кіріспек.

Әрине, білім ошақтары ақпараттың таралып кетуінен тайсақтайды. «Нашақор оқитын мектеп» деген атақ кімге болсын жақсы ат емес. Ондай мектептен ата-аналар да балаларын ала қашады. Сондықтан мектептер басшылықтары тарапынан бұл мәлімет құпия сақталуға тиіс. Мамандар сауалнаманы анонимді түрде өткізгені жөн. Және орталық мамандарынан басқа адам қатыспағаны дұрыс, – дейді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Байбосынов.

Тағы бір мәселе – медициналық-әлеуметтік оңалту қызметіне арнайы тағайындалған жекелеген тариф жоқ. Былтыр қаржыландыру көлемі 4 636 475 теңге болды. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан тарифті көтеру қажет. Орталықта тіркеуде тұрған әр адамға 16 мың теңге қарастырылған. Бұл сомаға диагностика, емдеу, диспансердегі күнделікті тамағы кіреді. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеу­меттік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова тиісті ұсыныс болса, қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесін көтеруге дайын.

– Негізі, науқастарға стационарда ғана емес, консультативтік-диагностикалық көмек те берілгені дұрыс. Қазір қала емханаларында бастап­қы психикалық денсаулық орталықтары ашылып жатыр. Депутаттар мұны қолдайды, қаржыландыру бойынша көмектесуге дайын. Емханаларда кеңес алып, тереңірек анықтау үшін орталықтардың болғаны жақсы бастама. Осы арқылы халықтың психиатриялық көмек алуға қолжетімділігін артады, – дейді Қадиша Оспанова.

Сонымен қатар жаңа орталықтардың ашылуы маман тапшылығын жоюға әсеретпек. Келешекте бастапқы психикалық денсаулық орталықтары облыстың барлық қалалары мен аудандарында ашылса, психиатр-наркологтардың қажеттілігі артады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *