Әке болу – батыр болу деген сөз

Бүгін, халықаралық әкелер күні. Бұл күн барлық мемлекеттерде аталып өтеді. Солардың ішінде біздің еліміздеде бұл күні балалар өз әкелерін құттықтап алғыстарын айтады. Осы сәтке орай біз бүгін Қарағанды қаласында орналасқан 6505 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Мақсат Бекжанұлының ұлы Жәңгірдің әкесіне деген ыстық лебізін біліп қайтқан болатынбыз.

— Ұлттық ұлан сапында адал қызмет атқарып жүрген менің әкем – мен үшін тек отбасының қамқоршысы ғана емес, нағыз ердің бейнесі. Ол – тәртіп пен батылдықтың, сабыр мен жауапкершіліктің көрінісі. Бала болсам да, әкемнің иығындағы шен мен оның қызметіне деген құрметін көріп өсудемін.

Әкем – отбасымыздың тірегі ғана емес, ел тыныштығының да қорғаны. Ол таң ата әскери бөлімге кетіп, түнде оралады. Күнделікті жұмыс кездердің өзінде де біз оның қамқорлығы мен мейірімін алыстан-ақ сеземіз. Телефон арқылы бізбен сөйлесіп, сабағымызды, жағдайымызды сұрап, ақыл-кеңесін айтып отырады.

Ол әрқашан:

«Елін сүйген ер ғана халыққа адал қызмет ете алады», – дейді. Бұл сөз менің жүрегімде терең сақталып қалды. Себебі әкем бұл сөзді жай айтып қана қоймайды, іс жүзінде дәлелдеп жүр. Әрбір әрекеті – баласына тәрбие, халқына қызмет.

Әкем маған төзімділік, қайсарлық, шыншылдық, Отанға деген сүйіспеншілік секілді қасиеттердің не екенін үйретті. Ол қиын сәттерде сабыр сақтау керек екенін, әрқашан әділетті болу қажет екенін, өзіңнен кішіге қамқор, үлкенге құрметті болуды ісімен көрсетеді. Мен үшін ол – өмірлік ұстаз.

Әкемнің өмір жолы мен қызметі мені де болашақта пайдалы азамат болуға шабыттандырады. Оның әскери қызметінің артында – тәртіп, тәрбие, сенім мен серт бар.

Иә, әрине әке болу – батыр болу. Әсіресе әскери қызметкер-әкенің орны – ерекше. Ол тек өз отбасын емес, тұтас елдің қауіпсіздігін қорғап жүр. Оның қайсар жүрегі мен мықты тұлғасы – ұрпағына мәңгілік мұра. Міне бүгіз біз Ұлттық ұлан офицерінің ұлыны әкесі туралы ойын және жылы лебізін біліп қайттық. Осы орайда бізде барша әкелерді бүгінгі мерекесімен құттықтаймыз.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *