Қоршаған ортаның жағдайы-қазіргі замандағы адамзат алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, климаттың жаһандық өзгерісі, биологиялық әртүрліліктің азаюы сияқты факторлар бүкіл әлемге қауіп төндіруде. Бұл үрдістердің негізгі себептері – өндірістік әрекеттің қарқынды дамуы, табиғи ресурстардың шектен тыс пайдаланылуы және қалдықтардың дұрыс басқарылмауы.
Қоршаған ортаның ластануы тек табиғи жүйелерге ғана емес, сонымен қатар адам денсаулығына, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа да кері әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әр жыл сайын миллиондаған адам қоршаған орта факторларының салдарынан түрлі ауруларға шалдығады. Бұл жағдай мәселенің тек экологиялық емес, сонымен қатар қоғамдық сипатқа ие екенін көрсетеді.
Қазақстанда да экологиялық жағдай соңғы жылдары ерекше назарға алынуда. Елдегі ірі өндіріс орындарының шоғырлануы, автокөлік санының көбеюі және тұрмыстық қалдықтардың артуы ауаның, судың және топырақтың ластану деңгейін күрт өсіріп отыр. Осыған байланысты мемлекет «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы», «Таза Қазақстан», «Экологиялық кодекс» сынды бағдарламалар мен заңнамалық актілерді қабылдап, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-шараларды жүзеге асыруда.
Қазіргі заманда табиғатты қорғау-әр адамның азаматтық парызы.Әсіресе ормандарды сақтау мен ағаш отырғызуға мән беру қажет. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана сөз бар. Бұл – келешек ұрпаққа табиғи байлықты аманаттау идеясын меңзейді. Ағаш – өмір, ағаш – тыныс. Ал оны өсіру – болашаққа деген қамқорлық.
Сонымен қатар, табиғатты ластамау, суды үнемді пайдалану, қоқысты сұрыптау сияқты әрекеттердің бәрі қоршаған ортаға деген құрметтің көрінісі. Қазақ халқы мұны да бейнелі түрде жеткізген: «Табиғат тазалығы – ел амандығы» деген сөз қазіргі экологиялық мәселелерге тікелей қатысы бар.
Кез келген экологиялық стратегияның тиімділігі тек мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдермен шектелмейді. Қоғамның экологиялық санасын арттыру, әрбір адамның табиғатқа жауапкершілікпен қарауы – бұл мәселелерді шешудің маңызды шарттарының бірі. Қоқысты сұрыптау, пластик өнімдерін шектеу, жасыл энергия көздерін пайдалану, қайта өңдеуді дамыту сияқты шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, қоршаған ортаны сақтау – жаһандық әрі ұлттық деңгейдегі стратегиялық міндет. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды тиімді басқару арқылы біз тұрақты дамуға және болашақ ұрпақ үшін қолайлы экологиялық орта құруға мүмкіндік аламыз. Сондықтан қоршаған ортаның тазалығын сақтау – адамзаттың ортақ мақсаты әрі басты міндеті болып табылады.
Айсана АЛПЫСБЕК,
№26 жалпы білім беретін мектебінің
11-сынып оқушысы