ЕЛІМІЗДІҢ ҮЗДІКТЕРІ ҚАТАРЫНДА

Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі өткен ғасырда – 1977 жылы орыс мектебі ретінде пайдалануға берілген болатын. 1992 жылы қазақ тілінде сыныптар ашылып, аралас қазақ-орыс тілінде білім беретін мектеп ретінде жұмыс жасап келеді. Келешек ұрпаққа пәрменді білім бергені үшін 2008 жылы мектеп-лицейі дәрежесін алған. Білім ошағында жылда орта есеппен 1100-ден астам оқушы балалар білім алады. Бүгінгі таңда білім ордасы ауданымыз бойынша ең ірі мектептің бірі болып саналады.

Соңғы жылдары мектеп-лицей ұжымы үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Биылғы оқу жылы мектеп ұжымы республика бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада көрсеткен үздік нәтижелері үшін республика көлемінде «Ең үздік ауыл мектебі-2024» атағына ие болған. Сонымен бірге 2024 және 2025 жылдары облыс әкімдігінің ұйғарымы бойынша екі жыл қатарынан лицей ұжымы «Үздік команда» болып танылып отыр.

Ал енді жақын арада Астана қаласынан тағы бір жақсы хабар келіп отыр. Қазақстан Республикасының Білім Министрлігі өткен 2024-2025 оқу жылын қорытындылай келе Шет ауданы, Ақадыр кентінің Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейін республика бойынша 9 үздік ауыл мектептерінің қатарына кіргізіп отыр.

Мұндай үлкен жетістікке жету мектеп-лицей ұжымының республикалық білім олимпиадаларына қатысып, 6 бірдей оқушыларының жүлделі орындардан көрінулері себеп болды. Төрт оқушы математика, физика және география пәндерінен жеңімпаз болып табылса, екеуі ерекше жетістіктері үшін  Құрмет грамоталармен марапатталды. Жалпы пәндік олимпиадаларға Қарағанды облысынан 63 оқушы қатысса, оның 15 жоғарғы көрсеткіштерге жеткен.

Мектеп-лицей директоры Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызы:

– Республика бойынша үздік мектеп атанғанымыз үшін аудан

басшылығынан 3D-принтерін сыйлыққа алдық. Жаңа оқу жылында оқушыларымыз оны кеңінен пайдалана алатын болады. Мектебімізге қомақты қаражат бөлініп күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.  Сонымен бірге реновация бағдарламасына енгізіліп, алдағы уақытта кабинеттерімізге жаңа жабдықтар аламыз ба деп отырмыз. Осы қамқорлықтардың барлығы ұстаздарымыз бен оқушыларымызды жаңа жетістіктерге жетелейтіні анық, – деп қуанышын жасырмады.

Мектеп-лицей ұжымын осы үлкен жеңісімен құттықтай отыра, биіктерден көріне беріңіздер деп тілейік!

 Қалижан БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *