Қарағандыда «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен Әкелер күніне орай «Әке аманаты» атты аймақтық форум өтті. Шараға шамамен 300-дей әке қатысты. Олардың ішінде педагог, әскери қызметкер, қоғам қайраткері, кәсіпкер, спортшылар бар
Форумды ұйымдастырушылардың бірі – «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы. Басты тақырып ретінде ұрпақ тәрбиесі, патриотизм, цифрлық қауіпсіздік және нашақорлықпен күрес мәселелері қамтылды. Аталған шара институтты нығайтуға, әке рөлін арттыруға және қоғамдағы ер азаматтардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған ауқымды бастамалардың бір бөлігі болды.
«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков:
– Бүгінгі форум – жай кездесу емес. Бұл – балаға жолдас, басты тәрбиеші ретінде әкенің беделін қалпына келтіруге қадам. Күшті отбасы – мықты мемлекеттің негізі. Әкелікті қолдау және жауапты ер-азаматтық көшбасшылықты қалыптастыру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Әке болудың жүгін білуіміз керек, – деді форумды ашар сөзінде.
Интернетке, ұялы байланысқа байланған болашақты тәрбиелеу жолдарының бірі – кітап оқу. Ол үшін не істеуіміз керек? Қайтсек бала қолына кітап алады? Осы туралы республикалық «Оқырман отбасы» байқауының жеңімпазы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы Сержан Қожанұлы айтып берді.
– Қой бақсақ та қолымызға кітап ұстап жүретінбіз. Яғни, бала кезімізден сіңген, қалыптасқан кітапты сүйіп оқу, көп мағлұматтар алу. Балаларымызға ертегі оқыдық, кішкентай кезден батырлар жырын оқыдық. Содан кейін балаларымыз да кітапты сүйіп оқиды, жақсы көреді. Сондықтан балаларымызға кітап оқудың пайдасы туралы көп айтуымыз керек. Интернеттің де пайдасы мол, бірақ кітап оқу баланың зейінін ашады, болашаққа қадам басқанда өте қажет болады. Соны ұғынуымыз керек, – деді Сержан Қожанұлы.
Форумда ата-ана тәрбиесімен қатар, қоғамдағы ер-азаматтардың рөлін күшейту, интернеттегі агрессия мен нашақорлыққа қарсы іс-шаралар сияқты тақырыптар да талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті, пікірталастарға қатысты. Форумда қоғамда балалармен сенімді қарым-қатынас құру, интернеттегі агрессияға қарсы профилактика, нашақорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру, әкенің отбасының отағасы және қорғаушысы ретіндегі рөлі туралы мәселелер қаралды.
«AMANAT» партиясының мүшесі, ABADAN спорт академиясының президенті Нұрлан Калтаев:
– Бүгінде ABADAN спорт академиясында бір жарым мыңнан астам бала 11 спорт түрінен, оның ішінде 4 олимпиадалық пәннен тәрбиеленуде. Академияның қоржынында ушу-саньда, пенчак силат, ММА, панкратион, еркін күрес және бокс сияқты спорт түрлері бойынша 17-ден астам Қазақстанның спорт шебері және 40 спорт шеберлігінен үміткер бар. Сондай-ақ балалар арасында «Спорт – есірткіге қарсы» атты нашақорлықпен күрес жобасы әзірленді. Жастардың нашақорлыққа нөлдік төзімділігін қалыптастыру – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Бұл мәселе тек денсаулыққа ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де қатысты. Спорт, тәртіп және ер-азаматтық тәлімгерлік – жастар арасындағы адалдыққа тәрбиелейтін және психологиялық проблемаларға қарсы күшті құрал болуға тиіс, – деді.
Форум соңында «AMANAT» партиясы атынан ризашылық хаттар табысталып, партияға жаңа мүшелерге партиялық билеттер берілді. Бұл іс-шара партия миссиясына сенім мен ер-азаматтардың өз отбасы мен қоғам үшін жауапкершілік алуға дайын екендігінің символы болды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ