Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер

Абай – қазақтың ғана ақыны емес, жалпы адамзат баласына ортақ тұлға, ғұлама адам. Оны барша түркі жұрты баяғыда мойындап қойған. Жоқ жерден ши шығарып, жел беріп жүрген өзіміз.

Алдымызда келе жатқан ақынның 180 жылдық тойына байланысты Қарағанды руханияты облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен, жақсы істерімен көпшіліктің назарына ілігіп, көптеген мәдени шара өткізіп жүргенін паш етіп жатқан жайымыз бар. Тағы бір сондай игілікті шараның куәсі болдық.

Қарағанды қаласы «Достық» үйінің концерттік залында «Абай – әлемдік ойдың алыбы» деген тақырыпта әдеби-танымдық кеш өтті. Кешті Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің кәсіби мамандары Г.Медеубаева мен А.Сейдіғали асқан жауапкершілікпен жүргізді. Кеш шымылдығы С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының әртісі А.Жұмамұратовтың орындауындағы жас Абайдың монологымен ашылды. Одан кейін көңілге түрлі ой салар Абай әндері шырқалды, «Аққу» фольклорлық би әнсамблінің бишілерінің өнерін тамашаладық.

Аталмыш мерейтойға байланысты мектеп жасына дейінгі балалар арасында ұйымдастырылған «Абай әлемі» облыстық фестивалінде оза шауып төрге озған жеңімпаз ұжымдардың аты аталды. Фестиваль жұмысына қазылық еткен А.Е.Қадыр, Д.Қ.Төрекелді, Г.С.Бегимова, Ж.Р.Жақан, және Ж.Аймарал  Қарағанды қаласының «Арман»,  «Шырақ», «Айсұлу», Осакаров ауданындағы «Нұрай», Шахтинск қаласындағы «Снегурочка» бөбекжайлары ұжымдарының үздіктер қатарынан табылғанын хабарлады.

Облыс көлеміндегі ардагерлер ансамблі мен этно-мәдени бірлестіктер арасында «Әнді сүйсең, менше сүй» атты облыстық байқау өткізіліп, соған байланысты өңірлерден 10 өтінім түскен екен, соның қорытындысы «Достық» үйінде көпшілікке жария етілді. Қазылық еткен азаматтар К.Н.Жұмабеков, Ә.М.Тойжігіт, Ж.П.Акишев, Е.Н.Найманбай, Қ.Ж.Алламбергенова сахна төріне шақырылып, байқау нәтижесінің қорытындысын хабарлады. Нәтижесінде Шет ауданының «Толағай», Қарқаралы ауданының «Қайран жастық» Нұра ауданының «Ардагерлер» ансамбльдері, Ақтас мәдени-сауық орталығының «Ақ шаңырақ» этно-мәдени бірлестігі, Шахтинск қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің құрама ансамбльдері топ жарып жарыс биігінен көрінгендігінің куәсі болдық. Жарыс жүлдегерлеріне арнайы дипломдар табыс етілді.

Аңғар СМАҒҰЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *