Теміртау қаласында Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» тақырыбында өңірлік көшпелі семинар-тренинг өтті. Шараға облыс көлеміндегі тілге жауапты мамандар, ономастикалық комиссия мүшелері, қоғамдық кеңес өкілдері, жарнама агенттіктері, кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары қатысты.
Семинарды Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев ашып, ономастика мен көрнекі ақпарат саласының қоғамдағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, көшелер мен маңдайшалардағы атауларда, жарнамаларда орын алатын қателіктер – тіл мәдениетінің ғана емес, тұтас қоғамның рухани деңгейінің көрінісі. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар нақты ережелерге сүйеніп, жүйелі жүргізілуі қажет екені атап өтілді.
Семинарға арнайы қатысқан Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева да сөз алып, облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Ол өңірдегі ономастикалық атаулардың тарихи әрі мазмұндық тұрғыдан негізделуіне айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Теміртаудағы Тілдерді оқыту орталығы мен ресурстық тіл орталығының қызметіне оң баға беріп, бұл мекемелердің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Семинар барысында облыстық ономастика комиссиясының мүшесі, этнограф Темірғали Аршабеков өңірдің тарихи топонимикасына қатысты тың деректермен бөлісіп, атаулардың қалыптасу үдерісі туралы мазмұнды баяндама жасады. Ал Теміртау қалалық Оқыту орталығының директоры Меруерт Ахметжанова қалалық тіл курстарының құрылымы, оқыту әдістемесі жөнінде баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Шараның қорытынды бөлігінде Тілдерді дамыту басқармасының мамандары – Гаухар Темірғалиева мен Айнұр Бегенбаева ономастика мен көрнекі ақпаратқа қатысты заңнамаларға енгізілген соңғы өзгерістер жөнінде кеңінен түсініктеме беріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар ұсынды.
Семинар аясында сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттың сапасына, мәтін мазмұны мен орфографиялық сауаттылыққа қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Қатысушылар жарнама мәтіндерінде жиі кездесетін грамматикалық қателерге алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы бақылауды күшейту керектігін жеткізді. Сонымен қатар, жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлерге арналған түсіндіру семинарларын жиі өткізу қажеттігі де айтылды.
Жиын соңында қатысушылар ономастика мен көрнекі ақпарат мәселелерін бірлесіп шешуге ниетті екендіктерін білдіріп, мұндай семинарлардың тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді ортаға салу алаңы ретінде маңыздылығын атап өтті. Семинарда айтылған ұсыныстар мен пікірлер алдағы атқарылатын жұмыстардың негізін қалауға ықпал етпек.
Әсел БЕРЕКЕҚЫЗЫ