Аға-апасының жолын қуған

Аға-қарындасты Қожанәсіп Асылхан мен Аңсағанды республика жұртшылығы жақсы біледі. Ұлтымыздың көне ойыны – тоғызқұмалақты таңдап, екеуі де әлемнің, халықаралық турнирлердің, Азия ойындары мен біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Қазақстан Республикасы құрамасының мүшелері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Бүгінгі таңда түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуымен қатар, Шет ауданы, Ақадыр кентінің Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спорттың осы түрінен жаттықтырушылар болып жемісті еңбек етіп келеді.

Өткен аптада Қостанай қаласында тоғызқұмалақтан балалар және жасөспірімдер арасында ХХІV жекелей Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған додаға еліміздің бүкіл облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан 400-ге жуық жас спортшы қатысты. Шиеленісті әрі тартысты өткен республикалық турнирге Қарағанды облысының командасы да барған болатын. Облыс командасының мүшесі болған ақадырлық Қожанәсіп Балғын Азаматқызы 50-ден астам тоғызқұмалақшылар қатысқан 11 жастағы қыз балалар арасында классикалық түрінен күміс медальға қол жеткізді. Енді жас жеңімпазымыз республикамыздың атынан күз айларында Орал қаласында өтетін Азия біріншілігінде бағын сынайтын болады.

Бұл жерде айта кетуіміз керек, Балғын атақты ағасы мен апасымен бірге бір отбасынан, қарындасы әрі сіңлісі. Солардың қол астында жаттығып, ойын тәжірибесін жинауда.

Аға-апасының жолын қуған Балғын Азаматқызына ақ жол болсын деп тілейік!

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *