«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты – қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін!» – деп Мағжан Жұмабаев атамыз айтып кеткендей тәуелсіз Қазақстанның болашағы, осы жастардың қолында екені сөзсіз. Оның үстіне Мағжан Жұмабаевтың теңеулеріне лайықты жастардың көп болғаны жанынды тыныштандырып, көңілді марқайтатыны да рас.
Сондай жастардың қатарынан табылған, антына адал, сөзіне берік, қызығынан қиындығы басым салада азаматтық борышын атқарып жүрген әріптесіміз Есентай Еркебұлан жайында болмақ.
Есентай Еркебұлан Қарағанды-Сұрыптау станциясы желілік полиция бөліміндегі Мойынты станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің патрульдік полиция тобының полицейі болып 2020 жылдан бері жұмыс атқарады.
Еркебұланның туып-өскен әулетінде бәрі теміржол саласында еңбек сіңіріп жүргендер, құқық қорғау саласын таңдаған бір өзі ғана. Мектеп қабырғасынан қазақша күреспен айналысып, кішкентай кезінен ширақ болды. Жастайынан спортқа жақын өскені – болашақта құқық қорғау органдары сапына қабылдануына үлкен үлесін қосты.
Бүгінгі күні жас маман жұмыспен қатар спортпен айналысуды да қатар алып жүрген азамат.
Еркебұлан ең алғашқы жүлделі орындарды «қол күресі», «жаяу жүгіріс», гір тасын көтеруден өткен жарыс түрлерінен алудан бастаған.
Кейін облыс деңгейінде өткізілетін қазақша күрес жарысынан жүлделі орындарды иеленіп, спорт жолында үлкен жетістіктерге жете бастады.
Биылғы жылдың 20 наурыз айында Қарағанды облысының құқық қорғау органдары және күш құрылымдарының қызметкерлерінің арасында «Қазақ күресі» бойынша біріншілігінде жүлделі ІІІ орын иеленді.
Ал 2025 жылдың 1 тамыз күні Қазақстан Республикасы күштік, құқық қорғау және басқа арнайы органдары қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Динамо» ДСҚ спартакиадасында спорттық самбо жарысында 71 келі салмақ дәрежесінде жүлделі ІІІ орын иеленгені үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істері министрінің грамотасымен марапатталған болатын.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғауды бірінші орынға қоятын әріптестесімізді осы жетістіктермен құттықтаймыз.
Алдағы уақытта бұдан да үлкен табыстарға жететініне сеніміз мол.
Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы
желілік полиция бөлімі
ақпараттық саясат тобы