Шет ауданының Мойынты кентінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «БІРЛІКПЕН ГҮЛДЕНГЕН САРЫАРҚА» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Аталған көрме аясында Қарағанды облысының ҚХА делегациясы Мойынтыда ерекше кездесу өткізіп, тұрғындармен елдік туралы емен-жарқын әңгіме өрбіді десе болғандай.
Шара барысында Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің жетістіктері көрсетілген экспозиция ұсынылды, ол өңірдің дамуына әртүрлі ұлт өкілдерінің қосқан үлесін бейнелейді.
Шараға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Игорь Васильевич Жабяк, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлнара Қалиқызы Касембаева, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Марина Васильевна Шиллер, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Бауыржан Жанатұлы Жуканов қатысты. Қатысушылар ауыл жұртшылығымен кездесіп, шараның маңыздылығын атап өтті. Аталған азаматтардың бәрі өз ісінің маманы, қазіргі таңдағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тілге тиек ете отыра, әрқайсы өз саласы бойынша тиімді мүмкіндіктерді әңгіме арқауына айналдырды. Кент тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, көкейкесті тақырыптарды қозғады. Олар еліміздегі ұлтаралық келісім мен достықтың берік негізін насихаттап, аталған көрменің өңірдегі рухани бірлікті арттыратынын айтты.
Шараның мәдени бағдарламасын этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары жалғастырды. «Қазақстанда бірнеше этнос тұрады. Мұнда қазақтармен бірге орыстар, өзбектер, татарлар, украиндар, кәрістер, немістер, дүнгендер және басқа да көптеген этнос өкілдері бар. Бізді біріктіретін нәрсе – ортақ Отанымыз, ортақ болашағымыз. Әр этнос Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып келеді. Ең бастысы бұл жерде әрбір халықтың дәстүрі мен мәдениеті бағаланады. Мысалы, қазақ халқының қонақжайлығы, орыс халқының өнерге құштарлығы, кәрістердің еңбекқорлығы, татарлардың салт-дәстүрге адалдығы – барлығы біздің қоғамымызды байытады. Әрбір этнос Қазақстанның өркендеуіне жаңа леп қосады» Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлнара Қалиқызы Касембаева.
Жалпы шараның мазмұны да осы сөздердің аясына сыйған секілді. Көрме мен концерттік бағдарлама — Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың мәдени әралуандығы мен бірлігінің жарқын символына айналды. Іс-шара еліміздің бейбітшілігіне, келісімі мен одан әрі өркендеуіне арналған ізгі тілектермен аяқталды.
Қазақстанның басты байлығы – бейбітшілік пен келісім. Біз бір-бірімізді құрметтеп, түсіністікпен қараймыз. Бұл – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Сондықтан әрбір қазақстандық өзін осы елдің азаматы ретінде сезінуіне мүмкіндік мол. Қазақстан – тек туған жер емес, ол – мақтаныш, ол – болашаққа деген сенім. Ең бастысы, біздің елде әркімнің арманы орындалады. Бұл бір байрақ астына шоғырланған халқымыздың ортақ ұраны болып қала бермек.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ