Қаржылық пирамида: қитұрқы айла мен жасырын қауіп

Қаржылық пирамида – қоғамда әлі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі. Ол заңсыз табыс табудың амалы ретінде сан мәрте әшкереленсе де, әртүрлі атаулармен қайта жанданып, халықты алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады. Негізгі мақсаты – адамдардың қаржылық сауатсыздығын, тез баюға деген құмарлығын пайдаланып, олардың қаражатын иемдену.

Қаржылық пирамидаға қалай тап болады?

Көптеген адам қаржылық пирамидаға екі түрлі себеппен қатысады: біріншіден, қысқа мерзімде оңай жолмен байып кетемін деген үміт, екіншіден, қаржы саласында білімнің аздығы. Әлеуметтік желідегі жалған табыс тарихтары, түрлі жарнама және «достардың кеңесі» адамдарды сендіреді. Әсіресе экономикалық қиындық кезеңінде халық тез табысқа алданғыш келеді.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, адам бір топтың мүшесі болуға, өзгелердің жетістігін қайталауға бейім. Жақын танысы немесе туысы «ақша салып, пайда көрдім» десе, басқалар да соған ілеседі. Осылайша пирамидада адамдардың бір-біріне деген сенімі құрал ретінде пайдаланылады.

Халықты қалай тартады?

Қаржылық пирамидалардың негізгі құралы – жалған уәде мен жоғары табысқа кепілдік беру. Олар көбіне «айына 30-50% табыс әкелеміз», «аз ақша салып, үлкен пайда аласың» деген сияқты өтірік уәделермен қызықтырады. Мұндайда классикалық қаржы институттары бере алмайтын жоғары пайыз ұсыну арқылы адамдардың сенімін баурайды.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар арнайы тренингтер, жиналыстар, мотивациялық шаралар өткізеді. Әсерлі сөздермен адамдарды жігерлендіріп, «қорықпа, тек қадам жаса» деп иландырады. Психологиялық қысым көрсетіп, «қазір кірмесең, кеш қаласың» деген сияқты әдістерді қолданады.

Қитұрқы амалдары қандай?

Қаржылық пирамидаларда түрлі айла қолданылады:

Жалған құжаттар мен лицензия көрсету. Өздерін ресми тіркелген компания ретінде көрсетіп, жалған сертификаттар таратады.

Белгілі адамдардың атын пайдалану. Әлеуметтік желіде танымал тұлғалардың суреттерін, пікірлерін қолдан жасайды.

Бонустық жүйе. «Жаңа адам әкелсең, қосымша табыс аласың» деп қатысушыларды тікелей тартады.

Инновациялық жоба ретінде көрсету. Криптовалюта, стартап, инвестициялық қор деген атпен бүркемеленіп жұмыс істейді.

Қай платформаларда жиі кездеседі?

Қаржылық пирамидалар көбіне:

Әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, TikTok, Telegram) белсенді.

Мессенджер топтарында жабық жүйе құрып, сенімді орта қалыптастырады.

Интернет-сайттарда жалған инвестициялық платформалар ашады.

Кейде тіпті мобильді қосымшалар жасап, «ресми сервис» ретінде көрсетеді.

Қазіргі таңда криптовалюта мен онлайн инвестиция саласы пирамидалар үшін жаңа алаңға айналды. Өйткені ол сала көпшілікке түсініксіз, соны пайдаланып, «ақшаңды биткоинмен көбейтеміз» деген жалған жобалар ұсынылады.

Қорытынды

Қаржылық пирамиданың басты қаруы – адам психологиясы мен қаржылық сауатсыздық. Сондықтан мұндай жағдайға тап болмас үшін әр азамат қаржылық білімін арттырып, күмәнді жобалардан бойын аулақ ұстауы керек. «Тегін ірімшік тек қақпанда болады» деген сөзді есте сақтап, заңды, сенімді қаржы институттарына ғана сенім артқан жөн.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *