Мемлекеттік қызметкер – ел мүддесіне қызмет ететін, халықтың сенімін ақтауға еңбек ететін тұлға. Ол өзінің кәсібилігімен, жоғары жауапкершілігімен, әдебімен және адамгершілік ұстанымдарымен халыққа үлгі болуға міндетті. Мемлекеттік қызметкердің әрбір әрекеті Заңнама талаптары, сондай-ақ, әдеп нормаларына сай болуы тиіс.
Сонымен қатар, ол мемлекеттің абыройын асқақтатып, қоғамдағы тұрақтылық пен өркендеудің тірегі ретінде әрекет етуі қажет.
Осы орайда мемлекеттік қызметкер мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етіп, оны тек нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға міндетті. Атап айтқанда, қызметтік автокөлік тек қызметтік қажеттіліктерге сай қолданылып, оны пайдалану тәртібі мен талаптары қатаң сақталуы тиіс.
Бұл – мемлекеттік қызметкердің заң алдындағы жауапкершілігі ғана емес, сонымен қатар, қоғам алдындағы азаматтық борышы.
Қарағанды облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі ретінде байқағаным, Кеңес отырыстарында қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалану фактілері де қаралып жатады. Мұндай тәртіп бұзушылықтар бойынша профилактикалық ұсыныстар беріліп, қызметшілерге тәртіптік жаза түріндегі шешімдер шығарылады.
Соңғы уақытта кейбір мемлекеттік қызметкердің автокөлікті мас күйінде басқару, жол ережесін бұзу, жылдамдықты асыру, жол апатына ұшырап, көлікке зақым келтіру және т.б. сияқты бұзушылықтарға жол беруі орын алып жатады.
Мысалы биылғы жылдың І жартыжылдығында өткізілген Кеңес отырыстарында мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалануына қатысты үш мәселе қаралды. Анықталған бұзушылықтар бойынша жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Кеңес мүшелері облыстағы барлық мемлекеттік органның бірінші басшыларына қызметтік көлікті тек қана қызметтік мақсатта және жұмыс уақытында пайдалану қажеттілігі жөнінде ұсыныстар берді.
Мұндай жағдайлар қоғам арасында теріс пікір туғызып, әлеуметтік желілерде сынға ұшырап жатады. Бұл – мемлекеттік қызметші беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекеттік аппаратқа сенім туғызуына кері әсерін тигізеді. Мемлекеттік қызметкердің қызметтік көлікті дұрыс және Заңнамаға сай пайдалануы – мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен қоғам алдындағы сенімнің көрсеткіші.
Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген сенімді ақтап, мемлекет мүлкіне ұқыптылықпен қарауы тиіс.
Бұл – заң талабы әрі Әдеп кодексінің міндетті шарты.
И.ЕСДАВЛЕТОВ,
Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Қарағанды облысы бойынша Әдеп кеңесінің мүшесі