Жасанды интеллектпен ойнады

Жуырда Астана қаласының ЕХРО кешеніндегі Денешынықтыру және спорт академиясының алаңында қазақтың көнеден келе жатқан тоғызқұмалақ ойынында бұрын-соңды болмаған  тарихи оқиға орын алды. Ол – осы спорт түрінің чемпиондары мен жасанды интеллекттің жекпе-жек кездесулері еді. Мұндай кездесу осыдан отыз жылдай бұрын 1997 жылы шахмат ойынынан әлем чемпионы Гарри Каспаров пен цифрлы алгоритм арасында өткізілген еді.

Аталған шара Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған адамның ақыл-ойы мен цифрлық технология арасындағы зияткерлік шайқасы болды. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен жасанды интеллектіге қарсы Қожанәсіп Асылхан мен Исахан Аяна таңдалды.

Жерлесіміз, Ақадыр кентінің Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Асылхан Қожанәсіп тоғызқұмалақ ойынынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, V Дүниежүзілік Кошпенділер ойынының жеңімпазы, «Қазақстан зияткері» атағының иегері.

Ойын уақытпен шектеліп, әрбіріне 10 минуттан берілді. Нәтижесінде Асылхан жасанды интеллекттің ойлану, жүру уақыты таусылғандықтан жеңіске жетті.

Асылхан Азаматұлы ойын туралы айтып: «Мұндай тарихи ойынға қатысуға тамаша мүмкіндік бергені үшін Тоғызқұмалақ федерациясына үлкен рақметімді айтамын. Жасанды интеллектпен ойнау біз үшін күрделі әрі қиын болды. Өйткені оның ойнау қабілеті басқаша, стандартқа сәйкес келмейтін суыққанды жүрістері болды. Онымен қоса ол компьютер – біз сияқты қобалжымайды, уаймдамайды, ешқандай сезімдері жоқ. Бірақ, ақыры аяғы уақытпен ұтсам да компьютерді ұтқаныма ризамын», – деп сөзін түйіндеді.

Еліміздің, облысымыз бен ауданымыздың атағын шығарып жүрген Қожанәсіп Асылхан Азаматұлына алдағы уақытта да жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейік.

Қалижан  БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *