Тамыз айының 5-12 күндері аралығында Қырғызстан Республикасы Ыстық-Көлінің Чолпон-Ата қаласында тоғызқұмалақ ойынынан Ө.Касмакуновты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақшыларынан басқа Жапония, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 200-ден аса спортшы қатысты. Еліміздің құрамасының іссапарына ҚР Туризм және спорт Министрлігі, «Самұрық-Қазына» және «Спортты қолдау» қорлары демеушілігін жасады.
Апта бойы шиеленісті әрі тартысты өткен зияткерлік ойынына жерлесіміз, әлем және Азия чемпионы, Ақадыр Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қожанәсіп Аңсаған Азаматқызы да қатысып, әйелдер арасында екінші орынға қол жеткізді. Спортшымыз турнирді ұйымдастырушылар тарапынан күміс медалімен, арнайы дипломымен және 185 мың көлемінде ақшалай сертификатымен марапатталды.
Жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтап қояйық!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті