Жаңа оқу жылында Қарағанды облысының мектептері бірқатар тың бастамаларды қолға алады. Солардың ең бастысы – «Адал Азамат» бірыңғай тәрбиелік бағдарламасын енгізу. Бұл туралы педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды.
Келер оқу жылынан бастап өңірдегі барлық мектептер бірыңғай визуалды стильге көшеді. Бұл қадам тәрбиелік жұмыстың тұтастығын қамтамасыз етіп, оның тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
– «Адал Азамат» бағдарламасы оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімді, еңбекқорлықты және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама мектептерде бірыңғай тәрбиелік экожүйе құрудың ұйымдастырушылық негізіне айналады, – деді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова. – Әрбір мектеп жыл сайын құндылықтарға негізделген оқу-тәрбие жоспарын әзірлейді. Онда мектептің көрнекі безендірілуінен бастап, негізгі құндылықтар тізімі мен оларды жеткізу тәсілдері айқындалады. Дәліздер мен сыныптар бірыңғай дизайн-кодпен рәсімделеді.
Тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды қолдауда бұрыннан бар жобалар да өз жалғасын табуда. Бүгінде өңір мектептерінде ұлттық құндылықтар мен патриотизмді насихаттайтын «Ізгілікті азамат» бағдарламасы іске асырылып келеді. Сонымен қатар ата-аналармен жаңа форматтағы өзара әрекеттестік үлгісін қалыптастыруға бағытталған 16 жоба жүзеге асырылуда. Оқу орындарында педагогикалық қолдау орталықтары мен отбасылардың тәрбие саласындағы құзыреттілігін арттыруға арналған «Даналық мектебі» клубтары жұмыс істейді.
Мектептерде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа оқу жылынан бастап буллингтің алдын алуға арналған «Дос болайық» бағдарламасы енгізіледі. Осы мақсатта мұғалімдер мен психологтар арнайы оқытудан өтіп, бағдарламаның әдістемесін тәжірибеде қолданатын болады.
Қыркүйек айында қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыс пилоттық режимде іске қосылады. Жобаның негізгі мақсаты – балалардың сабақтан тыс іс-шараларға қатысуын кеңейту және бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын қамтамасыз ету.
Білім беру инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Майқұдықтағы Оқушылар сарайының құрылысы аяқталып, дәл осы ауданда тағы бір жаңа ғимарат бой көтермек. Сондай-ақ Қарқаралы қаласында да оқушыларға арналған сарай салынады.
Оқушылардың зияткерлік, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асуда. Мәселен, «Шахмат білім беруде» жобасы үш жылдың ішінде қамтылған мектептердің санын 5-тен 69-ға дейін ұлғайтты.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев салауатты өмір салтын қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастау қажеттігін атап өтті. Оның тапсырмасымен жаңа оқу жылында облыстың 10 мектебінде футбол сабағы енгізіліп, жоба облыстық футбол қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Экологиялық тәрбие де назардан тыс қалған жоқ. Қарағанды қаласындағы №12 және №33 мектептерде, сондай-ақ Абай атындағы гимназияда «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылады. Оның аясында экосыныптар ашылып, мектеп аулаларын көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
– Басты міндетіміз – әрбір балаға өз қабілетін ашуға, денсаулығын нығайтуға және құндылықтық бағдарын қалыптастыруға жағдай жасау. Тәрбиелік жұмыс білім беру жүйесінің барлық деңгейінде басым бағыт болып қала беруі тиіс, – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.