Қарағанды облысында «1000 көшбасшы» жобасы аясында мектеп директорларының жаңа буыны үшін кадрлық резерв жасақталуда. Жобаның негізгі мақсаты – заманауи инновацияларды енгізіп, білім сапасын арттыра алатын тиімді басқарушыларды даярлау. Тамыз конференциясында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білікті педагог – мықты мектептің негізі, деп атап өтті.
Бүгінде өңірдегі білім беру ұйымдарында 24 487 педагог еңбек етеді. Олардың кәсіби дамуы, біліктілігін жетілдіру және мәртебесін көтеру мәселесіне айрықша назар аударылып отыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, басқарушы кадрлардың резервін қалыптастыру қолға алынған. Соңғы екі жылда 10 педагог іріктеуден өтіп, басшылық қызметке тағайындалды. Ал биыл тағы 12 үміткер кәсіби даярлықтан өтуде.
Жаңа оқу жылынан бастап «Болашақ басшы» жобасы жүзеге асырылады. Оның аясында «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект» атты модульдік оқыту бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама білім берудің барлық деңгейіне бағытталған.
Білім сапасын арттыру – саланың басты мақсаты. Биыл облыста «Алтын белгі» иегерлері былтырғы жылмен салыстырғанда 83-ке көбейді. Үздік аттестат алғандар саны да 109-ға артты.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелерін келтірді.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «ДИДЖИТАЛ МАТЕМАТИКА» жобасының арқасында математика пәнінен білім сапасы 7–12 пайызға өсті. Сонымен қатар цифрландырудың негізгі құралдарының бірі – Bilimal-Test платформасы. Қазір оған облыстың 302 мектебі қосылған. Бұл жүйе ҰБТ-ға дайындықта ғана емес, оқушылардың білімін тұрақты бағалауда да кеңінен қолданылады, – деді ол.
Қарағандылық оқушылар биыл республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен қатар облыстың төрт бірдей мектебі – №1 және №2 «Білім-инновация» лицей-интернаттары, Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты және Қ. Сәтбаев атындағы гимназия – республикадағы үздік олимпиадалық 100 мектептің қатарына енді.