Тіл – қай ұлтта болсын қастерлі, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес қазына. Ал мемлекеттік тілді жетілдіру, үнемі насихаттап отыру бүгінгі күннің басты бағыты болуы керек. Өткен аптада Қарағанды қаласының «Балалар мен жасөспірімдер сарайында» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің бас қосқан форумы өтті. Оған тіл мамандары, ЖОО профессорлық-оқытушылар құрамы, мектеп директорлары, бала-бақша меңгерушілері, колледж оқытушылары, жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Жиналған көпшілік жиынның алдында облыстық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалады.
Форумның модераторы, облыс әкімінің орынбасары Ә.Ү.Әлденей кіріспе сөз сөйлеп, өткізілгелі отырған шараның мақсаты, бағдарламасы жайлы түсінік берді. Сахна төріне Назарбаев университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі, ересектерге тіл үйретуге арналған бірнеше оқу құралдарының, әдістемелік өнімдердің авторы А.Қ.Балабек шақырылып, қазақ тілін оқыту әдістері, мемлекеттік тілде сөйлеуге қажеттілікті қалыптастыру жайлы тәжірибелерімен бөлісті.
Одан кейінгі баяндамашы PhD, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Д.Ж.Оспанова тіл үйретуге арналған IT жобалардың қолданыс аясын кеңейту бағытында сөз қозғады.
Тіл жанашыры, полиглот және «ЛингваТен» тіл оқыту орталығының жетекшісі Владислав Тен тіл үйренудегі қызғылықты тәжірибесімен бөлісті. Ұлты кәріс, өзбекстандық азамат үш айда үш тіл үйреніп шыққан, қазақшаға ағып тұр десе болады. Ең таңқаларлығы тіл жөнінде жинақтаған тәжірибесі, тіл туралы тұшымды ойлары, өмірге деген жаңаша көзқарасы, қанында ойнап тұрған ерекше дарыны және қағазға қарамай бүкіл баяндамасын қазақ тілінде айтып бергендігі. Сөзінің соңында жұртшылыққа «Формула казахского языка» кітабын таныстырып, қажет болса қолдау көрсететіндігін жеткізді. Көрермендер ду қол шапалақтап, ризашылықтарын білдіріп жатты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері А.М.Қалиева тілді меңгерудегі саралаудың қажеттілігі жайында әңгімелеп берді.
«AMANAT MEDIA GROUP» Холдингінің Бас директоры, мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық ағарту жобасының негізін қалаушы Б.Ж.Тұрлыбеков алдағы уақытта өткізілетін облыстық байқаудың шарттарымен таныстырып, мұғалімдер қауымын қуантып тастады. Байқау барысында 1 миллион теңге иеленген оқушының мұғалімі де сонша көлемдегі қаражатқа ие болады екен. Тіпті мұғалімнің автокөлік міну мүмкіндігі бары да айтылды.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы А.Қ.Шалабаева қазақ тілінің ғылыми-техника, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналған «Сөзжасам» жобасымен таныстырды. Бұл жоба мұғалімдерді тек оқулықпен шектелмей, ғылыми ізденіске жетелейді, күнделікті қолданылатын терминдер жинақталып, сөздік қорымыз толықтырылатын болады.
Анасы орыс, әкесі украин әскери азаматтың қазақша сөйлегеніне тәнті болдық. Қаладағы С.Сейфуллин атындағы гимназияның 2-сынып оқушысы Әли Жұқабаевтың оқыған өлеңіне қол соқпаған жан жоқ, жас болса да келешекте жарқырап шығар азаматтың бірі болғалы тұр. Жас баланың қабілетіне разы болған Әлібек Үсенұлы автоқаламын сыйға тартты. Әли де жолынан жығылмады, ол да қарымтасына бірдеңе беріп жатты, не екенін бағамдай алмадық.
Форум соңында үздік деп танылған мұғалімдерге облыс әкімінің Алғысхаттары тапсырылды. Ел қуанып қол шапалақтап жатты. Мен оларға қосылмадым, лезде көңілде кірбің пайда болды. Марапатталған оннан астам мұғалімнің ішінде бір де бір ер адам болмады. Бұл жағдай қоғамдағы тәрбие жұмысының қай бағытта жүріп жатқанының барометрі іспеттес болатын. Бір жылы тіл жанашырларын марапаттағанда да осындай жағдай орын алған еді. Рас, бұл мәселеде кінәлі жоқ, бірақ салдары ойлантарлықтай.
Мұғалімдер жиыны жақсы ұйымшылдықпен өтті. Тыңғылықты ұйымдастырылған шараға ардагер журналистер С.Жанысбай, Ә.М.Тойжігіт, С.С.Батырхан, ел басшылары Н.Р.Бикенов, М.А.Қызылов, Б.Қ.Алтынбеков, Қ.Ж.Әбілда, Д.Ш.Жекебаев, депутат М.Б.Башай, тіл жанашырлары М.Х.Хамзин, Н.А.Бейсенбекова, К.Т.Төлеуханова, Қ.Мақсұтов, А.Б.Жұмағұл, Е.Түйте, М.Т.Әбдірахманова, «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті» қоғамының мүшелері С.С.Келдібаев, С.Х.Мұстафин, Т.Т.Аршабеков, Ғ.Ғ.Смағұлова, А.Смағұлов, Ж.Р.Жақан, Ж.Н.Нар және т.б. көптеген ел алдында жүрген азаматтар қатысты.
Аңғар СМАҒҰЛ