Ұлағатты ұстаз

Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі.

Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп,

 нұр құятын тынымсыз жалын иесі. Оларға

тамаша қызмет тапсырылған, күн астында

одан жоғары ешнәрсе болмақ емес.

Я.А.Коменский

 

Қарсы алдымыздағы отырғышқа жайғасып, жазу столына шынтағын тіреген бәденді келіншек бабымен сөйлеп отыр. Ол – «Ақшатау» совхозы орталығындағы Карл Маркс атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Зинаида Нұрбекова. Қанша айтқанымен де, тіл маманы, әрі әдебиетші ғой, әр сөзінен ұтқырлық нышаны сезіледі. Өзі тұрғысындағы әңгіме желісін қысқаша қайыра келіп, ол келесі бір сөз тіркестерін былайша сабақтап берді:

– Өзім жайлы сәл-пәл айтып өттім ғой. Алайда, өзіңнен гөрі өзгенің өнегелі істерін жұрт алдына көлденең тартқанға не жетсін. Соған орай, менің ендігі сөзім Иісжан Шахина төңірегінде өріс алмақ. Ол кім? Қысқаша жауап берейін: Иісжан екеуміз осы мектепке бұдан жиырма үш-жиырма төрт жылдай уақыт бұрын қатарлас келіп, ұстаздық ете бастадық. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өте шыққан екен. Осыншама ұзақ мезгіл бойында бір жұмыс орнында табжылмастан еңбек ету оны қажытқан жоқ. Керісінше, іс үстінде қанаты қатайып, шыңдала түсті. Өзі оқытып жүрген математика пәні негізінде оқушылар үлгерімі жылма жыл жақсара түсіп, шәкірттерінің осы пәнге деген ынта-ықыласы арту үстінде. Сол үшін де болар, Иісжан өзі еңбек етіп, өмір сүріп жүрген ортада құрметке бөленген жан. Бұл сөзімізге оның жоғарыдағы тиісті жұмыс орындарынан алған Құрмет грамоталары мен дипломдары айқын дәлел.

Бірнеше бала тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз-ана тату-тәтті семья ұйытқысы. Өмірлік қосағы – Естай Кәріпжанов Ақшатау селолық Советінің председателі.

Иісжанның қазіргі мақсаты мектеп реформасына сәйкес жас ұрпаққа сапалы білім және саналы тәрбие беру. Ұлағатты ұстаз Иісжан Шахинаның нысанасы осындай.

С.ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

Ақадыр аудандық

«Ақадыр таңы» газеті,  

13 желтоқсан, 1988 жыл

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *