Кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында теміртаулық Әділжан Жәутдінов бес белдесу өткізіп, қола медаль жеңіп алды. Жарыс Болгария астанасы Софияда өтті. Байрақты бәсекеге 71 елдің спортшылары қатысты.
Әділжан Жәутдінов 16 жаста. Ол Теміртау қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің филиалында білім алады.
– Бізге ол үлкен әлеуетпен, спорт шеберлігіне кандидат мәртебесінде қабылданды. Облыстық және республикалық жарыстарда жеңістері бар еді. Әлем чемпионатына жолдама алу үшін Әділжан Еуропа және Азия кубоктары секілді ірі турнирлерде бақ сынап, жеңістерге жетті, – деді мектеп-интернат-колледждің директоры Мария Сәбитова.
Әділжанның салмақ дәрежесі – 90 келіге дейін. Бұл санатта әлемнің 30 үздік дзюдошысы бақ сынады. Теміртаулық спортшы алғашқы белдесуде Франция өкілімен кездесіп, тактикалық жеңіске жетті. Екінші белдесуде Мысыр спортшысын арқадан асыра лақтыру әдісімен ұтты. Үшінші кездесуде жапон дзюдошысынан жеңілгенімен, келесі белдесуде Венгрия спортшысына тізерлей отырып арқадан асыра лақтыру әдісін орындап, жеңімпаз атанды. Қола медаль үшін соңғы жекпе-жекте Чехия спортшысымен кездесіп, сенімді түрде басым түсті.
– Әрине, бұл нәтижеге біз өте қуаныштымыз. Соңғы жылдары біздің дзюдошыларымыз әлем чемпионатына барса да, алғашқы немесе екінші белдесуден кейін жарыстан шығып қалатын. Сондықтан бұл қола жүлденің құны жоғары. Оның үстіне, Әділжан – болашағынан зор үміт күттіретін спортшы, алдағы уақытта бірінші орынға да таласа алады, – деп атап өтті Мария Сәбитова.
Өмір БАЙБОСЫН